Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы тыныштығы бұзылмасын десек...

Отбасы тыныштығы бұзылмасын десек...

Отбасы – қоғамның ең маңызды құндылығы. Әр адам үшін үйі қауіпсіздік пен тыныштықтың, мейірім мен өзара түсіністіктің мекені болуы тиіс. Отбасындағы татулық пен береке қоғамдағы тұрақтылықтың да негізін қалыптастырады. Осыған байланыс­ты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық-бұзушылықтарға жол бермеу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстың маңызы зор. Осы мақсатта Сырдария ауданында 5 қазан мен 5 қараша аралығында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Арнайы айлық барысында аудан тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, қолайсыз отбасылармен профилактикалық жұмыс жүргізу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыс атқарылуда. Іс-шараны ұйымдастыру барысында Сырдария аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесіне қарасты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Айгүл Рсымова мен Отбасын қолдау орталығының мамандары бірлесіп, тиісті жұмысты жүзеге асыруда.

Профилактикалық айлықтың басты ерекшелігі – мәселені тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін қарастыру және оның алдын алуға басымдық беру екені мәлім. Осы бағытта мамандар тұрғындармен жеке кездесіп, отбасындағы ахуалды зерделеп, құқықтық және психологиялық кеңес беруде. Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан қолайсыз отбасыларға ерекше назар аударылып, олардың мәселелерін анықтау және қажетті жағдайда тиісті көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.

Отбасындағы зорлық-зомбылық – бір ғана отбасының мәселесіне жатпайды. Қоғамға ортақ мәселе екені даусыз. Оның салдары отбасы мүшелерінің психологиялық жағдайына, баланың тәрбиесі мен мінез-құлқына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алу үшін құқық қорғау органдары мен әлеуметтік сала мамандарынан бөлек, ата-аналардың, ұстаздардың және жалпы қоғамның бірлескен әрекеті қажет.

«Қауіпсіз үй» іс-шарасы аясында білім ошақтарында оқушылармен кездесулер де ұйымдастырылуда. Кездесулер барысында балаларға құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, қиын жағдайға тап болған кезде қайда және кімнен көмек сұрауға болатыны туралы ақпараттар беріледі.

Жасөспірімдермен әңгімелесу кезінде буллинг, кибербуллинг, бопсалау, отбасындағы және мектептегі қарым-қатынас мәдениеті, жеке қауіпсіздік мәселесі де қамтылады. Балаға күш көрсетуге немесе оның ар-намысына нұқсан келтіретін әрекетке жол бермеу қажеттігі түсіндіріледі.

Баланың қауіпсіздігі ең алдымен оның өзін қауіпсіз сезінуінен басталады. Егер бала үйінде, мектепте немесе өз ортасында өзін еркін әрі қорғалғанын сезінсе, ол өз мәселесін ашық айтуға бейім болады. Сондықтан үлкендердің міндеті – баланың сөзіне құлақ асып, оның мәселесіне немқұрайлы қарамау.

Профилактикалық іс-шара барысында аудан көлеміндегі қолайсыз отбасы мүшелерімен кездесу өткізіліп, олардың тұрмыстық және әлеуметтік жағдайы зерделенуде. Мұндай отбасымен жұмыс бір реттік кездесумен шектелмей, тұрақты бақылау мен сүйемелдеуді қажет етеді.

Полиция аға лейтенанты Айгүл Рсымованың айтуынша, профилактикалық жұмыстың нәтижелі болуы үшін тұрғындардың құқықтық сауаттылығымен азаматтық жауапкершілігі маңызды.

– Біздің басты мақсатымыз – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет етпей, оның алдын алу. «Қауіпсіз үй» іс-шарасы барысында отбасылармен жеке кездесу өткізіп, олардың мәселелерін тыңдап, заң талаптарын түсіндіруге басымдық беріп отырмыз. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлеміз. Әр бала өз үйінде өзін қауіпсіз сезінуі керек. Отбасында қандай да бір түсініспеушілік немесе қиын жағдай туындаған кезде оны жасырып қалмай, тиісті мамандардан көмек сұрау қажет. Зорлық-зомбылыққа көз жұма қарау – мәселені шешпейді. Керісінше, уақытында көмекке жүгіну арқылы көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға болады. Сондықтан тұрғындарды өз құқықтарын білуге, бір-біріне құрметпен қарауға және отбасындағы мәселелерді өркениетті жолмен шешуге шақырамыз, – дейді Айгүл Рсымова.

Отбасылық құндылықтарды сақтау – тек жазалау шараларымен шешілетін мәселе емес. Мұнда ең алдымен өзара сыйластық, түсіністік, жауапкершілік пен сабыр қажет. Әсіресе ата-аналардың бала тәрбиесіне көңіл бөлуі, баламен ашық сөйлесуі, оның ортасы мен көңіл-күйін бақылауы маңызды.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ

13 қазан 2026 ж. 68 0