Қозғалыс – өмір, спорт – сергектік
Өткен аптаның бейсенбісінде Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген ғалым-зоотехник Бердіхан Омаровты еске алуға арналған ардагерлер арасында аудандық спартакиада өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, ардақты азаматтың зайыбы мен ұрпақтары қатысты.Турнирдің ашылу салтанатында аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов сөз сөйлеп, Бердіхан Омаровтың ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесіне тоқталды.
– Құрметті жерлестер, спорт сүйер қауым, бүгін баршаңызды Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы саласына бар ғұмырын арнаған, туған жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз еңбегімен үлес қосқан ардақты азамат Бердіхан Омаровты еске алуға арналған аудандық спартакиаданың ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі бас қосудың мәні ерекше. Себебі, бұл – тек спорттық жарыс емес, бұл – еңбек адамының өнегесін ұлықтау. Елге қызмет еткен азаматтың есімін дәріптеу, аға буын мен кейінгі ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталған тағылымды іс-шара. Бердіхан Омаровтың бүкіл еңбек жолы туған жермен, ауылдың тыныс тіршілігімен тығыз байланысты. Ол – өз мамандығына адал болып, ауыл шаруашылығының дамуына ұзақ жыл бойы табанды еңбек етті. Зоотехник сырт көзге қарапайым көрінгенмен, үлкен білімді, тәжірибені, жауапкершілікті талап ететін мамандық. Бұл салада атқарылған жұмыстың нәтижесі бір күнде көрінбейді. Оның артында күнделікті тынымсыз еңбек, шаруашылықтың жағдайын жан-жақты бақылау, мал басын сақтау, өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету секілді үлкен міндет тұр. Осы жауапкершілікті абыроймен атқарған Бердіхан Омаров ағамыз өз ісіне адалдығымен, еңбекқорлығымен және кәсіби тәжірибесімен ел құрметіне бөленді. Бүгінгі Бердіхан ағамызға арналған турнирге біздің ауданымызға қарасты барлық ауылдан қазыналы қарттар қатысуда, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, сыныптас және өмірлік досы Бөрібай Өтегенов, өмірлік жары Дана Омарова сөз алып, жылы естеліктерімен бөлісті.Ардагерлер арасында өткен аудандық спартакиадада 5 спорт түрінен 100-ден аса спортшы сынға түсті. Тартысты өткен жарыстың нәтижесі бойынша бильярдтан жүлделі І орынды шағандық С.Баекешов, ІІ орынды нағилық Е.Бекенов, ІІІ орынды тереңөзектік Ә.Қарсақбаев иеленді. 1000 метрге жүгіру бойынша І орынмен асқарлық Б.Ахметов, ІІ орынмен тереңөзектік Б.Серікбаев, ІІІ орынмен М.Баджанов марапатталды. Мылтық ату сайысынан І орыннан қоғалыкөлдік Т.Қожанов, ІІ орыннан шағандық Ж.Жансейтов, ІІІ орыннан ақжармалық С.Сейілов көрінді. Ал үстел теннисінен І орын тереңөзектік Б.Мәмбетов, ІІ орын ақжармалық А.Рақманбердиев, ІІІ орын шағандық Ө.Сарыбаевқа бұйырды. Сондай-ақ шахматтан І орынды тереңөзектік М.Елеусінов, ІІ орынды тереңөзектік Б.Матыбаев, ІІІ орынды шағандық А.Сәруаров иеленді.
Бердіхан Омаров 1949 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Ел сыйлаған азамат жоғары білім алып, ғалым-зоотехник мамандығын меңгерді. Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастап, әр жылдары ХХІ партсъез және Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарда зоотехник қызметін атқарды. 1985-1988 жылдар аралығында қазіргі Ақжарма ауылындағы кеңшарда бас зоотехник, мал шаруашылығы цехының бастығы болды. 1988 жылдан бастап өмірінің соңына дейін қазіргі Асқар Тоқмағанбетов ауылында бас зоотехник болып, мал шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосты.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА










