Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер – ел бірлігінің берік тірегі

Ардагерлер – ел бірлігінің берік тірегі

Аға буынның ел өміріндегі орны қашанда айрықша. Өмірден көргені мен түйгені мол, қоғамның талай кезеңін бастан өткерген ардагер қауым кейінгі жастарға бағыт-бағдар беріп, қоғамдық келісім мен ұрпақ сабақтастығын нығайтуға өз үлесін қосады. Сырдария аудандық ардагерлер кеңесі де осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізуде. Әр тоқсан сайын жаңадан сайланған алқа мүшелерінің қатысуымен жиын өткізіліп, жекелеген бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысы сараланып, атқарылған іс пен алдағы міндет талқыланады.

Арнайы логотипі жаңартылып, ардагерлер қозғалысының өзіндік қоғамдық бренді қалыптасты. Бүгінде ауданда ардагерлер ұйымдарының құрамында 4582 ардагер есепте тұрады. Олар 74 бастауыш ұйымға біріктірілген. Оның ішінде, 14 ұйым кент және ауылдық ардагерлер ұйымында, 18 ұйым оқу орынында, 8 ұйым денсаулық сақтау саласында, 34 ұйым шаруашылық пен өзге де мекемеде құрылған бастауыш ардагер ұйымы ретінде жұмыс жүргізуде.

Ардагерлер қатарында ел тарихының әр кезеңіне куә болған азаматтар бар. Атап айтқанда, 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 38 басқа мем­лекеттердің ау­мағындағы ұрыс-қимылдарына қа­тысушы, 20 Ұлы Отан соғысы ар­дагерлеріне теңестірілген азамат, 72 тыл ардагері және ауданның 32 Құр­метті азаматы бар. Аудандағы аға буынның ел тарихындағы орны мен еңбегінің ай­қын көрінісін айқындайтын ізігілікті жұ­мыс жалғасын табуда.

Аудандық ардагерлер кеңесінің ІІІ тоқсандағы алқа мәжілісі Қоғалыкөл ауылында өтіп, онда ұйымның алдағы міндеттерімен қатар елді мекендерде жүзеге асырылған бірқатар игі бастама сараланды. Жоспарға сәйкес, мәдени-рухани, қоғамдық, тәрбиелік және тарихи бағыттағы іс-шаралар уақытылы ұйымдастырылды. Биыл ел өмірінде елеулі біршама саяси өзгеріс орын алды. Қоғамдық маңызы зор кезеңдерде ардагерлер де азаматтық белсенділік танытып, ел өміріндегі маңызды үдерістерге өз көзқарастарын білдіріп, кездесулер мен түсіндіру жұмыстарына қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің назарындағы негізгі бағыт – құқықтық сауаттылық пен жастар тәрбиесі. Құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлескен «Заң мен тәртіп» бағытындағы кездесуде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кибербуллинг, интернет алаяқтығы және қауіпсіздік мәселесі талқыланып, ардагерлер тарапынан тағылымды пікір айтылды.

– Ардагерлер – елдің та­лай белесін көрген, өмірлік тә­жірибесі мол аға буын. Сондықтан бізге ке­йінгі ұрпаққа өнеге көрсету, жас­тарды еңбекке, елжандылыққа, үл­кенді сый­лауға тәрбиелеу бағытындағы жұмысты жалғастыру маңызды. Бүгінде ауданымыздағы бастауыш ұйымдармен тығыз байланыс орнатылып, әр тоқсан сайын алқа мәжілісін өткізу дәстүрге айналды. Атқарылған жұмысты саралап, жақсы бастаманы көпшілікке насихаттап келеміз. Биыл да ардагерлеріміз қоғамдық, мәдени, рухани және тәрбиелік бағыттағы көптеген іс-шараға белсенді қатысты. Тарихи орынға тағзым ету, ұлттық дәстүрді дәріптеу, кітап оқуды насихаттау, жастармен кездесулер өткізу, отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыс жалғасын тапты. Алдағы уақытта да бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысын жетілдіріп, қоғамдық белсенділікті арттыруға басымдық береміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауызбіршілікпен, өзара түсіністікпен еңбек етсек, ел игілігіне бағытталған бастамалардың нәтижесі де мол болады, – деді Мұса Келдібаев.

Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін арттыруға бағытталған бас­тамалары аясында «Кітаппен келешекке» жобасы бойынша ардагерлердің кітапхана ұжымдарымен бір­лескен кездесулері ұйымдастырылып, кітап көр­мелері өткізілді. Мұндай іс-шаралар аға буынның рухани ізденісін арттырып қана қоймай, жастарды кітап оқуға, білімге, еңбек етуге, жақсы маман болуға үндейді.

Ардагерлер үшін ел тарихын сақтау мен есімі елге еңбегімен танылған азаматтарды ұлықтау да – басты міндет. Соғыс және еңбек ар­дагері Әлібай Әбдірашевтың құрметіне кент орталығынан көше берілуіне байланыс­ты ұйымдастырылған іс-шараға, сондай-ақ Әлиасқар Нұрпейіс пен Сақтаған Сәрсеновтың 100 жылдығына арналған іс-шараға ардагерлер белсене қатысты.

Осы тоқсанда ауданның екі ауылында ардагерлер кеңесінің төрағасы жаңадан сайланды. Шаған ауылына Бердіқұл Кадіров, С.Сейфуллин ауылына Бөлеген Рахметов болып, жаңа қызметіне кірісті. Бұл ретте, аудандық ардагерлер кеңесі жаңадан сайланған төрағаларға сәттілік тілеп, алдағы жұмыстарында қолдау көрсететінін жеткізді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
29 қыркүйек 2026 ж. 38 0