Жол ережесіне байланысты жаңа шектеулер пайда болады
Жол қателікті кешірмейді. Онда ең алдымен адам тағдыры жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: –Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйіткіл – бұл жол қауіпсіздігі. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет, – деп атап өткен болатын. Қазіргі уақытта жол қозғалысы ережесін сақтау маңызды мәселенің қатарында. Осыған орай қала, аудан, ауылдарда бейнебақылау жүйесі енгізіліп, құқық бұзушылықты анықтау деңгейі артты. Өткен өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне қатаң тапсырма берді. Тапсырмада жол ережесіне байланысты жаңа шектеулер енгізуді және жауапкершілікті арттыру қажеттілігі айтылды.
Ерекше алаңдаушылық тудырып отырған мәселе ең бастысы адам өмірімен байланысты. Жол қауіпсіздігі ел Президенті атап көрсеткендей көлік жүргізу мәдениетіне байланысты. Ал оны қалыптастыруға бүкіл қоғам болып атсалысу қажет.
Үлкен қалаларда, әсіресе мегаполистерде тәуліктің түнгі мезгілінде қатты шуылдайтын мото және автокөліктер адамдарға ұйқы бермей, мазасын алуда. Бұл мәселені түпкілікті шешу мақсатында осындай келеңсіздікке барғандардың жазасын күшейтіп, айыппұлмен шектелмей, қамауға алыну қажеттігі тапсырылды. Өз кезегінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденов биылғы жылдың өзінде түнгі мезгілде тұрғындардың мазасын алып, қатты дыбыс шығарып авто немесе мото көлігін жүргізетіндердің 372 фактісі анықталғанын, олар әкімшілік жаупакершілікке тартылғанын айтты. Жол ережесін бұзу фактісін анықтауда дрондардың көмегімен жыл басынан бері 20 мыңнан аса дерек тіркелген. Оның ішінде, қауіпсіздік белдігін пайдалану талабын бұзудың фактісі 3 мыңнан асса, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың 2 мыңнан аса фактісі анықталған. Бұл көлік жүргізушілердің арасында ең көп кездесетін заң бұзушылық. Ондай фактімен әрбір жолаушы күнделікті кездеседі десек, артық айтқандық емес. Қауіпсіздік белдігін тақпай көлік тізгіндеу, рөлде отырып, ұялы телефонды пайдалану көп ретте жол апатына ұшырауға әкелетіндіктен, адам өміріне қауіп келтіретіні анық. Сондықтан жол қауіпсіздігі ережесіне осы тұрғыда қатаң өзгеріс енгізілуі мүмкін.
– Жолда жүру ережесін бұзудың фактілерінің қатарында қарсы қозғалыс жолағына шығудың – 1678, сыртқы жарық құралдарын пайдалану қағидасын бұзудың – 1481, маневр жасау қағидаларын бұзудың – 1207, басып озу қағидаларын бұзудың – 771 фактісі, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз көлік құралын басқарудың – 87 фактісі анықталды.Тағы 9 мыңнан астам дерек жол қозғалысы ережесінің өзге де бұзушылығына қатысты, – деді Ішкі істер министрі.
Алдағы уақытта жол ережесін жиі бұзатындарға жеңілдік алынып тасталуы мүмкін. Премьер-министр елімізде жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Ондай жүргізушілер үшін айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін алып тастау қарастырылады. Өзге мемлекеттерде бар балдық жүйені енгізу мүмкіндігін зерттеп, біздің елге енгізу қажеттілігі де айтылды. Яғни құқық бұзушылық қайталанған сайын айыппұл мөлшерін бірнеше есе арттыру ұсынылып отыр. Мұндай талап жылына 10-нан аса жол ережесін бұзатын жүргізушіге қатысты болады.
Елімізде жол-көлік оқиғаларына себеп болатын рөлі оң жақтағы 70 мыңнан астам көлікке тыйым салынды. Бұл мәліметті InDrive компаниясының өкілі айтқан. Өкілдің айтуынша, Қазақстанда InDrive сервисі рөлі оң жақта орналасқан және рөлі оң жақтан сол жаққа заңсыз ауыстырылған 70 мыңнан астам көліктің жүргізуші профилін жолаушы тасымалынан шектеген. Мұндай автокөліктер VIN-код арқылы тексеріліп, талапқа сай келмесе, сервис ішінде бірден бұғатталады. Яғни рөлі оң жақтағы көліктер 2023 жылдан бері InDrive арқылы жолаушы тасымалына жіберілмейді. Қазір олар қосымшада тек сәлемдеме жеткізу қызметін атқаруда.
Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Олжас Бектенов қалааралық тасымалдауда маңызды екенін атап өтіп, оң жақ рөлді минивэндердің қатысуымен адам шығыны көп жол апаттары болғанын айтты.
Сонымен елімізде такси жүргізушілері мен жол ережесін жүйелі түрде бұзатындарға бақылау күшейтілмек. ІІМ әр құқық бұзушылық пен оның ауырлығын есепке алатын балдық жүйені енгізуді зерттеп жатыр. Қайталанған және ауыр заң бұзушылықтар үшін айыппұлмен қатар жүргізуші куәлігінің қолданылуын 1 жылға тоқтату қарастырылған. Бұл түзетулер Құрылтайдың қарауына ұсынылмақ.
Тағы бір айта кетерлік жағдай, жүргізуші куәліктерін автоматты тексеру енгізіліп, құжаты жоқ азаматтар тапсырыс ала алмайды. Алдағы уақытта жүргізушілерге медициналық тексеруден, көліктердің техникалық байқаудан өтуін бақылау тетігі де әзірленеді.
Жол – қауіпті. Бір сәтсіздік көлік оқиғасына әкеліп, адам өмірін жалмайды. Сондықтан сақ болып, көлікті қатаң ережеге сай жүргізу сіз бен біздің амандығымыз үшін маңызды.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Сурет: astanatv.kz











