Ардагерлер кеңесі ел дамуына сүбелі үлес қосуда
Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің жыл қорытындысына арналған алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске алқа мүшелері, ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары қатысты. Күн тәртібіне сәйкес аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев ұйымның 2024 жылғы атқарған жұмысы туралы есебін берді.
Аудан ардагерлерінің атқарып жатқан жұмысынан хабарлама жасаған Мұса Алпысбайұлы «Сырдария ауданы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі, оның аудандық кеңесі мен бастауыш ардагерлер ұйымдары өздерінің күнделікті қызметінде республикалық, облыстық ардагерлер кеңестерінің шешімдерін басшылыққа алатынын айтты. Ұйым Жарғысы негізінде жұмыс жүргізетіндіктен аудан әкімдігімен, аудандық мәслихатпен, үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен етене жақын байланыс орнатып, ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуына атсалысуда.
– Қазіргі таңда ауданда 4291 ардагер бар. Ардагерлер түрлі деңгейдегі 74 ұйымға біріктірілген, ұйымның 15-і кентте орналасқан. Сондай-ақ, ауыл ардагерлер кеңесі де жұмыс істейді. Мұнан бөлек 18 ұйым оқу орындарында, 8 ұйым денсаулық саласында, 33 ұйым шаруашылықтар мен мекемелерде құрылған. Есебіміздегі ардагерлердің 1-і ҰОС-на қатысушы, 156-ы тылда еңбек еткендер және 33-і ауданның Құрметті азаматтары. Аудан ардагерлері бастауыш ұйымдарының жұмысын жандандырып, белсенділігін арттыру, беделін көтеру мақсатында есеп беріліп отырған кезең ішінде 3 рет ұйым жетекшілерімен тәжірибе алмасу мақсатында дөңгелек үстелдер, семинар-кеңестер өткізілді. Биыл аудандық ардагерлер кеңесі жастармен 6 отырыс өткізіп, оған 500-ге жуық жас қатысты. Кездесуде ұлттық құндылық, ел тарихы, қоғамдық сананы жаңғыру мәселелері талқыланды. Жыл сайын мерекелерде ардагерлердің үйіне барамыз. Осы жылы кеңес мүшелері 79 ардагердің үйіне барып, олардың хал-жағдайын біліп қайтты. 2024 жылдың осы кезеңіне дейін аудандық ардагерлер кеңесінің 3 мәжілісі болып өтті, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.
Төраға өз хабарламасында аудан көлеміндегі бастауыш ардагерлер ұйымдары өз есептерінде тұратын ардагерлерге және жастарға жалпы ұлттық идея рухында патриоттық тәрбие беруде еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтау қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғауда біршама жұмыстар атқарғанын айтты. Осы жылы ауданның дамуына елеулі үлес қосып, қажырлы еңбек еткен ұлағатты ұстаздар, мәдениет, білім, мемлекеттік сала үздіктеріне «Сырдария ауданының 95 жылдығы» мерекелік төсбелгісі табысталды.
Облыс әкімінің қолдауымен ардагерлердің беделін арттыру, қолдау көрсету, ұлттық өнер мен жергілікті композиторлардың туындыларын насихаттау мақсатында «Ардагерлер әуендері» атты ардагерлер арасында жеке ән орындаушылардың облыстық байқауы өтті. Айдынды Арал мен қарт Қаратау аралығынан келген аймақтың 30 өнерпаз ардагерлері байқау ережесі бойынша Сыр елі композиторларының және халық әндерінен өнерлерін көрсетті. Бұл байқау қорытындысында Сырдария ауданынан қатысқан С.Қалмаханова екінші орын иеленді.
– Қазіргі таңда ауданда ардагерлер ұйымы аудан әкімшілігімен, БАҚ-өкілдерімен бірлесіп жұмыс жасауда. Бұл жерде аудан басшылығының пәрменді қолдауының арқасында ардагерлер жұмысы жақсы жолға қойылғандығын айтып өткім келеді, – деді төраға.
Алқа отырысында Ақжарма, Жетікөл, Іңкәрдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары хабарлама жасады.
Өз кезегінде Ақжарма ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберген Шманов, Жетікөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенәлі Ералиев, Іңкәрдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіразақ Байманов елге еңбегі сіңген тыл, еңбек ардагерлерінің үлгі-өнегесін насихаттау, ұлттық құндылықтарды сақтау, жастарға патриоттық тәрбие берудегі атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Қазіргі таңда ауданда зейнеткерлерді ардагер ұйымының қатарына тарту жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Алдағы уақытта бастауыш ардагерлер ұйымдарының жүйелік құрылымдарын жетілдіру, жасы келген адамдардың қоғамдық саяси іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету, оларды бастауыш ұйымдарға тіркелуін қадағалап, жаңадан құрылған ардагерлер бастауыш ұйымдарымен жұмыс жүргізу ардагерлер кеңесінің мақсат-мідеті болып қала бермек. Жиын соңында белсенді ардагерлер кеңес төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.
Бибісара ЖАНӘЛІ