Ұстаздық жолы – ұлағат
Ұстаздық – жүрек қалауымен таңдалып, өмір бойы адалдықты талап ететін қасиетті мамандық. Ұстаздың еңбегі бір ғана сабақпен немесе мектеп қабырғасындағы қызметімен өлшенбейді. Оның шынайы еңбегі – шәкіртінің жүрегіне жол тауып, білімге деген қызығушылығын оятып, өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар беруімен бағаланады. Осы ретте, 38 жыл бойы ауыл мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, сан мыңдаған шәкірттің бойына білім мен тәрбиенің нәрін сіңірген ардақты ұстаз Сәуле Жағыпарованың еңбегі ерекше құрметке лайық.Ұлағатты ұстаз Сәуле Нұғыманқызы үшін биылғы оқу жылы ерекше қуанышқа толы. Мерейлі мұғалім ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көрер шаққа абыроймен жетті. Яғни зейнет демалысына шығып, өмірінің айтулы кезеңіне қадам басып, ардагерлердің қатарына қосылмақ. Түсіне білгенге бұл үлкен бақ, тіпті бұл қуаныш екінің біріне бұйыра бермейді десек те болады. Әріптестері мен шәкірттерінен бөлек ауыл халқы ұстаздың ерен еңбегін жоғары бағалап, кейіпкеріміздің ардагерлік кезеңге жақсы жетістікпен, асқақ абыроймен жетіп жатыр деп есептейді. Өткенге сәл шегініс жасасақ, айтылар ой мен жазылар жақсы лебіздер көңілді көркем ойға бөлеп, жүректе жылы естеліктер жаңғырып тұр.
Бұл сонау 1983 жыл еді... Иә, дәл сол жылы Сәуле Жағыпарова Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Жалынды жастың арманы асқақ, мақсаты айқын болатын. Таңдауы – ұстаздық жол. Мектепте сабақ беру, шәкірт жүрегіне жол табу, оқушыларды білім нәрімен сусындату – оның алға қойған мақсаттарының бірегейі еді. Сол мақсатқа ол үздіксіз ізденісімен, шығармашылық белсенділігімен, білімге құштарлығымен жетті. 1988 жылы аталмыш оқу орнын «Ұлттық мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша үздік аяқтап, еңбек жолын бастады. Міне, содан бері алғаны – алғыс, арқалағаны – абырой. Сол алғыс пен абырой оның беделін биіктетіп, мерей-мәртебесін өсіріп тұр. Ең бастысы, ол өзі таңдаған мамандықты жан-тәнімен қалады, таңдады, шәкірттерінің жүрегіне сәуле құйып, шамшырақ бола білді. Ұстаз үшін бұдан асқан мақсат-мүдде болған емес.
1988 жылдан бастап Сәуле Нұғыманқызының еңбек жолы №130 Абай атындағы қазақ орта мектебімен тығыз байланысты. Жалпы, еңбек өтілі 44 жыл болса, соның 38 жылын осы қара шаңырақта орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде абыроймен атқарды. Бұл – бір мектепке, бір мамандыққа деген шексіз адалдықтың үлгісі десек болады. Өз ісінің нағыз шеберіне айналған ұстаз шәкірттеріне пәнді оқытып қана қоймай, оларды адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа, тазалыққа тәрбиелей білді. Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін ұстаздың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық байқаулардан, пәндік олимпиадалардан, ғылыми жобалар сайыстарынан жүлделі орындар алып, ұстаз еңбегін ақтады. Дайындаған оқушыларының үздік ғылыми жобалары республикалық деңгейде де мойындалып, ең үздік ғылыми жұмыстар жинағына енгенін айтпай өту мүмкін емес. Сонымен қатар Сәуле Жағыпарова – орта мектептерге арналған орыс тілі мен әдебиеті пәнін заманауи инновациялық технология арқылы оқытудың әдістемелік кітапшасының авторы. Мұнан бөлек 20 жылдан астам уақыт мектептегі орыс тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің жетекшісі қызметін атқарып, жас мамандарға тәлімгер болып, тәжірибесімен бөлісіп келді.
– Ұстаздық жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Қырық жылға жуық уақыт ішінде қаншама шәкіртке сабақ беріп, олардың білім алып, азамат болып қалыптасуына үлес қосқаныма қуаныштымын. Әр оқу жылының, әр шәкіртімнің өмірімде өз орны бар. Кейде мектеп бітіріп кеткен оқушыларымның жолығып, «Апай, сіздің сабағыңыз есімде» деген бір ауыз сөзінің өзі мен үшін үлкен марапат. Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкіртінің жетістігі. Сондықтан осынау қастерлі мамандыққа бар ғұмырымды арнағанымды үлкен бақыт деп білемін. Бүгінгі жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, олардың жүрегіне ізгілік пен адамгершілік дәнін себу – әр ұстаздың басты міндеті деп ойлаймын, – дейді Сәуле Нұғыманқызы.
Расында да, ұстаз еңбегінің жемісі – шәкіртінің жетістігі. Біз Сәуле Жағыпарованы жарқын жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырған ұстаз деп білеміз. Оған дәлел – алған марапаттары. Кейіпкеріміз бірнеше рет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, облыс, аудан әкімдерінің, облыстық білім басқармасы басшысының «Алғыс хатымен» марапатталған. Білім беру саласының дамуына лайықты үлес қосып, ұрпақ тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін «Құрмет» төсбелгісін иеленген. Бұл – маңдай тері мен ізденісінің мәуелі жемісі, білім беру саласын дамыту бағытындағы тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Еңбек жолында білімді де білікті маман атанған Сәуле Нұғыманқызы – ұлағатты ұстаз ғана емес, үлгілі отбасының ұйытқысы. Жолдасы Жанатбек Жағыпардың №130 Абай атындағы мектептің ардагер ұстазы, білім саласының майталманы екенін жұртшылық жақсы біледі. Ақжарма ауылының белді азаматы аяулы жарымен бірге үш баланы тәрбиелеп, бүгінде немере сүйіп отыр. Отбасының тұңғышы Жандос – бүгінде Алматы қаласында тұрады, ол теміржол саласында инженер болып қызмет атқаруда. Екінші ұл Елдос – кәсіпкерлікпен айналысса, үйдің кенжесі Сейітхан – Алматы қаласында технология саласында еңбек етуде. Ал Бекмұхаммед, Жания, Бектемір, Әмірхан, Дария, Ажар, Кәусар, Сая есімді немерелері де оқуда озат болып, ата-әжелерінің, әке-аналарының абыройлы жолын жалғастыруда.
Алда Сәуле Нұғыманқызының өміріндегі жаңа кезең – ардагерлік жол басталмақ. Бұл – жылдар бойы жинаған мол тәжірибе мен тағылымды кейінгі буынға аманат ететін, ұзақ жылғы еңбектің жемісін сезінетін айрықша кезең. Сондықтан саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған аяулы ұстазға зор денсаулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр, бала-шағасының қызығын, немере-шөбересінің қуанышын көруді тілейміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ











