Тамырдан туындыға: Сырдың ұлттық өнері – елорда төрінде
Астана қаласында 12-13 қыркүйек күндері «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында «Тамырдан туындыға…» атты көрме-жәрмеңке өтті. Мәдени-шығармашылық іс-шара Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұрасын заманауи креативті индустриямен ұштастырып, ұлттық құндылықты жаңа форматта танытуға мүмкіндік беруде. Көрме-жәрмеңкеге ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрлері Евгений Кочетов пен Айбек Сыдықов, Креативті индустрияларды дамыту қорының басқарма төрағасы Ерлан Қаналимов, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, шығармашылық қауым және елордалық тұрғындар қатысты. Тағылымы мол іс-шараға жүзге жуық креатор қатысып, экономикалық қызметтің 21 бағыты бойынша өздерінің авторлық туындысы мен шығармашылық өнімін көпшілік назарына ұсынуда. Сыр өңіріндегі креативті индустрияның ауқымы кеңейіп, шығармашылық әлеуеттің жаңа бағытымен толығып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткішке айналды.
Астанадағы көрме барысында Сырдың тарихи-мәдени ерекшелігі заманауи шығармашылық арқылы кеңінен таныстырылды. Көрермендер Сыр өңірінің басты брендтінің бірі – ақ күріштен жасалған бейнелеу өнері туындыларын тамашалай алды. Қарапайым ғана дәнге үлкен шығармашылық мағына беріп, оны өнер туындысына айналдыру – шеберлік пен ізденістің айқын көрінісі. Көрмеде дәстүрлі қолөнер мәдениетін дәріптейтін сүйек, ағаш және киізден жасалған ұлттық бұйым да көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір бұйымнан Сыр бойына тән ұлттық нақыш, дәстүрлі өрнек және табиғи материалды өңдеудің өзіндік ерекшелігі байқалады.
Қазіргі уақытта креативті индустрия әлемдік экономикада маңызды бағыттың біріне айналып келеді. Шығармашылық идеяны өнімге айналдыру, ұлттық ерекшелікті заманауи форматта ұсыну, мәдени мұраны жаңа технологиялармен байланыстыру – жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатын бағыт. Сыр өңірінде бұл салаға да айрықша мән берілуде. Аймақта креативті индустрияны дамыту бағытында белсенді жұмыс істеп келе жатқан 146 креатордың 120-сы, яғни 82,2 пайызы республикалық креаторлар реестріне енгізілген. Осы көрсеткіштің өзі Қызылорда облысының креативті индустрия саласында республика өңірлері арасында алғашқы үштікке орныққанын көрсетті. Көрме аясында Qyzylorda Hub мамандары өздерінің жобаларын таныстырса, «Qyzylorda» телеарнасы «Syr Travel», «Qyzylorda Expedition», «Құдайы қонақ» секілді креативті жобаларын көпшілікке ұсынды. Жобалардың барлығы бір мақсатқа – Сыр өңірінің туристік, мәдени және шығармашылық әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған.
Ал екі күн бойы Qazaq Creative Hub алаңында Сыр өнерпаздары жасанды интеллект технологияларын шығармашылықпен ұштастырған концерттік бағдарламасын ұсынды. Ұлттық өнердің жаңа технологиялармен үндесіп, заманауи сипатқа ие болып келе жатқанын аңғартатын тың бастама көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.
Астана қаласында өткен мәдени-көпшілік іс-шараға Сырдария ауданының делегациясын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева бастап барды. Делегация құрамында ауданның мәдениет саласының майталмандары мен қолөнер шеберлері бар.
Анар Қалдыбаеваның айтуынша, мұндай жобалар ауылдағы өнер иелерін кең көлемде танытуға, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлкен мүмкіндік береді.– Ұлттық өнер – халқымыздың өткенін бүгінмен жалғап тұрған алтын көпір. Қолөнердің әрбір үлгісінде ата-бабамыздың өмір салты, дүниетанымы, талғамы мен шеберлігі бар. Сондықтан дәстүрлі өнерді сақтау дегеніміз – жай ғана көне бұйымдарды сақтап қою емес, оның мәнін ұғынып, жас ұрпаққа жеткізу, оны жаңа заман талабына сай дамыта білу. «Тамырдан туындыға…» жобасының тағылымдық мәні де осында деп ойлаймын. Бүгін біз Сыр бойының дәстүрлі өнерін елорда төрінде көрсетіп қана отырған жоқпыз, ауылдағы шеберлердің еңбегін үлкен шығармашылық кеңістікке шығарып отырмыз. Қолөнер – ұрпаққа аманат. Шебердің қолынан шыққан әрбір бұйым жас ұрпаққа еңбекқорлықты, ұқыптылықты, төзімділікті, әсемдікке құштарлықты үйретеді. Сондықтан ұлттық өнерді дәріптеу – рухани тәрбие берудің де маңызды тетігі. Бүгінде креативті индустрияның дамуы дәстүрлі өнерге жаңа мүмкіндік беріп отыр. Сырдария ауданының мәдениет саласы үшін мұндай жобалардың орны ерекше. Біз ауылдағы таланттарды қолдап, олардың еңбегін ел көлемінде танытуға мүдделіміз. Себебі ауыл – ұлттық дәстүрдің қайнар көзі. Ал сол қайнардан бастау алған өнерді кең көлемде насихаттау – ортақ міндет. Біздің мақсатымыз – тамырымызды жоғалтпай, одан жаңа туындылар тудыру. Өйткені өткенін бағалаған ел ғана болашағын нық қалыптастыра алады. Ұлттық өнердің өміршеңдігі де оның жаңғырып, жаңа буынмен бірге дамуына байланысты, – деді Анар Қалдыбаева.
Астана төрінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, қолөнер шебері, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Жәнібек Маханбетов ағаш өңдеу бағытындағы шеберлік сабағын өткізді. Шеберлік сабағының тағылымдық мәні зор. Өйткені қолөнерді кітаптан немесе суреттен оқу бір бөлек те, оны шебердің өз қолымен қалай жасайтынын көру бір бөлек. Осындай тәжірибелік сабақтар жас ұрпаққа ұлттық өнердің қыр-сырын жақыннан танып, дәстүрлі кәсіпке қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Нағи Ілиясов ауылының қолөнер шебері Қуанышбек Бисембаев өзінің ұлттық қолөнер бұйымдарын көпшілікке таныстырды. Қолөнер шебері – ағаш ұсталығы өнерін дамытып, қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеп жүрген шебер. Оның қолынан шыққан ұлттық нақыштағы ағаш бұйымдар атадан балаға жалғасқан өнердің бүгінгі күндегі көрінісін танытады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, ҚР мәдениет саласының үздігі, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, ақжармалық Айдана Әлайдарова да іс-шараға қатысып, өз шығармашылық жұмысын елордалықтарға ұсынды. Тағы бір қолөнер шебері Гүлзат Құдайбергенқызы да ұлттық өнерді дәріптеп, көрме жұмысына өз үлесін қосты. Осылайша, Сырдария ауданынан барған өнерпаздар мен шеберлер Сыр бойындағы қолөнер мектебінің өзіндік ерекшелігін елорда тұрғындары мен қонақтарына кеңінен насихаттады.
Б.АЯБЕКҰЛЫ











