Аида Балаева: Тарихи-мәдени мұраны сақтау конституциялық қағидаттар деңгейіне көтерілді
Алматыда Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен шығармашылық зиялы қауым өкілдері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерімен кездесті. Іс-шараға депутаттар, әлеуметтанушылар, отандық кино және музей саласының өкілдері, шығармашылық бірлестіктер, медиақауымдастық және креативті ұйымдар қатысты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.Жиын жаңа Конституция жобасына және 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумға арналды. Кездесуде Аида Балаева Ата заң жобасында адами капиталға айрықша мән берілгенін, ал мәдениет пен тарихи мұраны сақтау жаңартылған Конституцияда жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше мән беріліп, ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау конституциялық қағидат деңгейіне көтерілді. Бұл мемлекеттің болашағы табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен білімді, зияткерлік әлеуеті жоғары азаматтарға сүйенетінін көрсетеді. Сөз жоқ, ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау ұғымдарының алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілуі біз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Сондай-ақ ел азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi екені де анық көрсетілген. Аталған жаңашылдық ұлттық бірегейлікті нығайтуға, тарихи сабақтастықты сақтауға және ұлттық код пен мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізуге жол ашады», – деді Аида Балаева.

Медиаменеджер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Мұхамеджанова жоба заң үстемдігі мен қоғамдық қатысу қағидаттарын күшейтетінін, соның ішінде цифрлық ортадағы азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік беретінін айтты.
Отырыста режиссер Талғат Теменов ел үшін маңызды кезеңде әр азаматтың жауапкершілігі арта түсетінін атап өтті.

«Ел тарихында Конституция алғаш рет қазақ тілінде жазылды. Мен осыған қуандым. Екінші қуанғаным, бір палаталы парламент яғни Құрылтайды құру бастамасы болды. Үшінші, президенттің бір-ақ мәрте сайлануы. Ата заңның әр тармағы – қазақтың ертеңі, үміті мен болашағы. Келер ұрпақ үшін бірігіп, референдумға қатысуымыз өте маңызды», – деді ол.
Кино продюсері Жалын Тілеуберген жаңа Конституция жобасы креативті экономика мен креативті индустрияны дамыту бағытын айқындайтынын жеткізді.

«Конституциялық деңгейде сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндікке кепілдік беріліп, зияткерлік меншік қорғалса, бұл жас режиссерлер мен актерлер үшін берік тірек болар еді. Басты ресурс – шикізат емес, азаматтардың идеясы, ойы, дарыны мен еңбегі. Ал референдумға қатысу өнер мен қоғам арасындағы байланысты күшейтетіні анық», – деді ол.
Кездесу соңында коалиция мүшелері қатысушылармен пікір алмасып, ойын ортаға салды. Биыл 15 наурыз күні азаматтар жаңа Конституция жобасы бойынша өз ұстанымын білдіретінін айтты.










