Жанжал, зорлық-зомбылық, қорлық көруге мәжбүрлеудің ақыры – мәскүнемдікке салыну
Сырдария ауданындағы тұрмыс жағдайы күрделі, әлеуметтік және психологиялық қолдауды қажет ететін отбасылардың жағдайын көзбен көріп, тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында журналистік зерттеу жүргізген едік. Бұл жолғы зерттеудің ерекшелігі – статистикаға ғана сүйену емес, күнделікті тұрмыстың тасасында қалып қоятын көптеген адамның тағдырын көзбен көріп, олардың өміріндегі нақты мәселеге үңілу болды.Журналистік зерттеу кезінде Сырдария аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесіне қарасты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Айгүл Рсымова және Отбасын қолдау орталығының психологі Аида Маханбетова бірге жүрді.
Қос маман күнделікті бақылауда тұрған бірқатар отбасыға барып, олардың тұрмыс жағдайымен танысты, отбасы мүшесімен тілдесті. Әр шаңырақтың мәселесі әртүрлі болғанымен, ортақ бір шындық анық байқалғаны мәлім. Кез келген отбасыдағы келеңсіз жағдайдың ең ауыр салмағын көбіне бала көтереді.
Бала – отбасының ертеңі, мемлекеттің болашағы. Сондықтан оның қандай ортада өсіп келе жатқаны, күн сайын қандай қарым-қатынасты көретіні, өзін қаншалықты қауіпсіз сезінетіні – қоғам үшін де, мемлекет үшін де маңызды мәселе. Қазақстан заңнамасы әрбір баланың өзінің отбасында тәрбиеленуге, ата-анасының қамқорлығында болуға және қауіпсіз ортада өмір сүруге құқығын қорғайды.
Алайда кей жағдайда ата-ананың өз міндетіне салғырт қарауы, ішімдікке салынуы, тұрақты жанжал шығаруы немесе балаға күш көрсетуі сол баланың қалыпты дамуына тікелей қауіп төндіруі мүмкін.
Осындай жағдайда заң баланың мүддесін бірінші орынға қояды. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 75-бабында ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтару, ата-ана құқықтарын теріс пайдалану, балаға қатыгездік көрсету, оның психикасына зорлық жасау, сондай-ақ алкогольге, есірткіге немесе құмар ойындарға салыну секілді жағдайларда ата-ана құқықтарынан айыру мәселесі қарастырылған. Ал бұл мәселе тек сот тәртібімен шешіледі. Мұндай істі қарауға прокурор мен қорғаншылық және қамқоршылық органы міндетті түрде қатысады. Ең маңыздысы – ата-ана құқығынан айырылу оның баланы асырау міндетінен босатпайды. Баланың алимент алуға, тұрғын үйге, мүлікке және мұраға қатысты құқықтары сақталады.
Журналистік зерттеу барысында біз бірнеше жылдан бері отбасылық қысым мен зорлық-зомбылықтан зардап шегіп келе жатқан көпбалалы ананың бірімен кездестік. Оның айтуынша, үйдегі отағасы күнделікті ішімдікке салынып, жұмыс іздеуге де, отбасының тұрмысын түзетуге де талпынбайды. Ішімдікке мас күйінде үйге келіп, жанжал шығарып, жұбайына қысым көрсетіп, қол көтеретін кездері де аз емес.
Бұл отбасының ең ауыр жүгі – бес баланың анасының иығында. Ол жалданып жұмыс істеп, айына 100 мың теңгеге жетпейтін табыспен балаларын асырап, үйдің барлық қажеттілігін қамтамасыз етуге тырысып жүр. Бір жағынан – күнкөріс қамы, екінші жағынан – балалардың тәрбиесі, үшінші жағынан – үй ішіндегі тұрақты психологиялық қысым. Мұндай жағдайда ана мен баланың да жан дүниесіне салмақ түсетіні анық.
Отбасындағы тұрақты жанжал – тек ерлі-зайыптының жеке мәселесі емес. Үйдегі айқай-шуды күн сайын естіп өскен бала қорқыныш пен үрейге бой алдырады. Кейбір бала тұйықталып кетсе, енді біреуі ашушаң болып, агрессияға бейім болуы мүмкін. Сондықтан мамандар мұндай жағдайларға тек құқық бұзушылық ретінде қарамайды. Баланың психологиялық қауіпсіздігіне төнген қауіп ретінде де қарастырады.
Психолог Аида Маханбетова мұндай отбасыларға көмектесу кезінде ең алдымен адамның өз мәселесімен жалғыз қалмауы маңызды екенін атап өтті.
– Ұзақ уақыт бойы психологиялық немесе физикалық қысым көрген адамда қорқыныш сезімі қалыптасады. Ол өзін қорғай алмаймын, балаларымды асырай алмаймын, баратын жерім жоқ деп ойлауы мүмкін. Кейде жәбірленуші зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды. Бұл – өте қауіпті психологиялық жағдай. Сондықтан мұндай азаматтарға ең алдымен «сіз жалғыз емессіз, көмек бар» екенін түсіндіру қажет. Баланың психикасы өте нәзік. Үйдегі күнделікті айқай-шуды, қорқынышты, жанжалды көріп өскен бала өзін қауіпсіз сезінбейді. Кейбірі тұйықталып кетеді, кейбірі ашушаң болады. Кейін мұндай жағдай олардың қоғаммен қарым-қатынасына, оқуына, мінез-құлқына да әсер етуі мүмкін. Сондықтан бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру – тек ата-ананың емес, бүкіл қоғамның міндеті, – деді Аида Маханбетова.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған әйел мен бала көбіне қайда жүгінерін білмейді немесе қалыптасқан жағдайдан шығуға қорқады. Сондықтан Отбасын қолдау орталықтарының қызметі дәл осындай кезде ерекше қажет. Мұнда азаматтарға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық бағытта қолдау көрсетуге мүмкіндік бар.
Мамандар аталған азаматшаға Тереңөзек кентіндегі Отбасын қолдау орталығына жүгінуге болатынын түсіндірді. Қажет болған жағдайда Қызылорда қаласындағы «дағдарыс» орталығына орналасу мәселесі де қарастырылуы мүмкін екені айтылды. Қазіргі қолданыстағы «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары кезінде өмірлік қиын жағдайға түскен адамдар мен отбасыларға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету көзделген. Жәбірленушілердің арнаулы әлеуметтік қызмет немесе психологиялық көмек алуына, қажет жағдайда уақытша тұруына да мүмкіндік қарастырылған.
Ал отбасындағы жанжалдың құқықтық салдары жасалған әрекеттің сипатына байланысты анықталады. Егер отбасы мүшесіне былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үйдегі заттарды бүлдіру немесе тұрғын үйде отбасы мүшелерінің тыныштығын бұзатын басқа да әрекет жасалса және онда қылмыстық құқық бұзушылық белгісі болмаса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Қолданыстағы нормаға сәйкес мұндай әрекеттер үшін ескерту, қоғамдық жұмыс немесе әкімшілік қамақ сияқты іс-шара қолданылуы мүмкін.
– Сырдария аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесіне қарасты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Айгүл Рсымованың айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылық көбіне бір күнде пайда болатын мәселе емес. Оның артында ұзақ уақыт бойы жиналған жанжал, алкогольге тәуелділік, жұмыссыздық, жауапсыздық және отбасы мүшелеріне көрсетілетін психологиялық қысым жатуы мүмкін. Тұрмыстық жанжалға қатысты әрбір жағдайға жеке-жеке құқықтық баға беріледі. Егер азамат отбасы мүшесіне тіл тигізіп, қорлап, тыныштығын бұзса, бір бағытта қаралады. Ал күш қолдану, ұрып-соғу немесе денсаулыққа зиян келтіру фактілері болса, заң талаптарына сәйкес тиісті шара қолданылады. Ең бастысы – жәбірленушілердің үнсіз қалмауы. Көп жағдайда әйелдер ұзақ уақыт бойы болған жағдайды сыртқа шығармай, балалар үшін немесе отбасының бұзылып кетуінен қорқып шыдап жүреді. Алайда зорлық-зомбылыққа төзу мәселені шешпейді. Керісінше, уақыт өте келе жағдайдың ушығуына алып келуі мүмкін. Әсіресе балалар тәрбиеленіп отырған отбасылардағы жағдайға ерекше назар аударылады. Өйткені үйдегі тұрақты жанжал мен зорлық-зомбылық баланың психологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Балаға қол көтерілмесе де, оның көз алдында анасына немесе отбасының басқа мүшесіне қысым көрсетілуінің өзі ауыр психологиялық жарақат қалдыруы мүмкін. Сондықтан мұндай отбасылармен профилактикалық жұмыс тұрақты жүргізіледі, – деді полиция инспекторы.
Жалпы алғанда, жанжал ұрып-соғуға немесе өзге де күш қолдануға ұласқан жағдайда мәселе әлдеқайда ауыр құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 109-1-бап ұрып-соғу немесе денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген, тән ауруына ұшырататын өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жауапкершілікті көздейді. Әрбір жағдайдың құқықтық бағасы нақты оқиғаның мән-жайына, жәбірленушінің жағдайына және жинақталған дәлелдерге қарай беріледі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда полиция тарапынан қолданылатын маңызды шараның бірі – қорғау нұсқамасы. Қазіргі қолданыстағы «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңның 60-бабына сәйкес, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқыққа қайшы әрекет жасаған немесе зорлық-зомбылық жасау қатерін төндірген адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылуы мүмкін. Бұл нұсқаманы полиция органының уәкілетті қызметкері шығарады және ол белгіленген талапты орындауға міндеттейді. Қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімі – оны адамға табыс еткен күннен бастап 30 тәулік.
Ал көпшілік арасында айтылатын «отбасын ерекше қорғау шарасы» деген ұғымды нақты заң терминдерімен түсіндіретін болсақ, мұнда екі түрлі құқықтық тетік бар екенін ажырата білу қажет. Оның бірі – полиция қолданатын қорғау нұсқамасы, екіншісі – сот белгілейтін құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар. Сот мінез-құлқына белгілеген ерекше талапты бұзған жағдайда ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 669-бабы бойынша шара қолданылады.
Яғни, тұрмыстық жанжалға қатысты мәселе тек «айыппұл салумен» немесе «ескерту жасаумен» аяқталмауы керек. Егер отбасында қауіп тұрақты сипат алса, жәбірленушінің және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезекке шығады. Полиция құқықтық шараларды қолданса, Отбасын қолдау орталығы әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетеді. Ал баланың қауіпсіздігіне нақты қауіп төнген жағдайда қорғаншылық және қамқоршылық органы да мәселені назарға алады.
Журналистік зерттеу кезінде барған отбасылардың жағдайы бір нәрсені анық аңғартты. Жайсыз отбасы дегеніміз – тек материалдық жағдайы төмен шаңырақ емес. Кейде табысы бар отбасының өзінде психологиялық қысым болуы мүмкін. Ал кей жағдайда мәселенің түп-тамыры жұмыссыздықта, ішімдікке тәуелділікте, жауапсыздықта немесе жылдар бойы шешілмей келген отбасылық жанжалда жатады.
Бес баласын жалғыз еңбегімен асырап отырған ананың жағдайы – осы мәселенің нақты көрінісі. Мұнда бір адамның ішімдікке салынуы немесе жұмыссыз жүруі тек өзінің тағдырына әсер етіп отырған жоқ. Оның салдары бес баланың балалық шағына, әйелінің денсаулығына, отбасының әлеуметтік жағдайына және жалпы балалардың болашағына ықпал етуде.
– Менің бар тілегім – балаларымның тыныш, ештеңеден қорықпай өсуі. Ана ретінде олардың алдында дәрменсіз болып қалғым келмейді. Қолымнан келгенше жалданып жұмыс істеп, тапқан табысыммен бес баламды асырап отырмын. Айлығым 100 мың теңгеге де жетпейді. Соның өзімен тамағын, киімін, күнделікті қажеттілігін жеткізуге тырысамын. Бірақ үйдегі тұрақты жанжал мен үшін де, балаларым үшін де өте ауыр. Кейде балаларымның көзіндегі қорқынышты көргенде жүрегім ауырады. Олар ешқандай кінәсі болмаса да, үлкендердің арасындағы жанжалдың ортасында қалып отыр. Мен қанша қиындық көрсем де, балаларымның болашағы үшін бәріне шыдап келдім. Жолдасымның ішімдікке салынғаны жағдайымызды одан сайын қиындатып жіберді. Жұмыс істеп, отбасына көмектесудің орнына кейде жанжал шығарып, маған қысым көрсетеді. Осындай жағдай бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Кейде не істерімді, қайда барарымды білмей қаламын. Мен ешкімнен артық нәрсе сұрамаймын. Тек балаларымның амандығын, олардың тыныш ортада өмір сүргенін қалаймын. Балаларым білім алып, жақсы азамат болып өссе деймін. Қазір маған ең керегі – осы қиын жағдайдан шығуға көмектесетін қолдау. Балаларым үшін өмірімді өзгертіп, тыныш әрі қауіпсіз өмір сүргім келеді, – деді есімін атамауды сұраған ана.
Сондықтан мұндай жағдайда «бұл – бір отбасының ішкі мәселесі» деп сырт айналып өтуге болмайды. Баланың көз алдында жасалған зорлық-зомбылық – баланың да жан дүниесіне жасалған қысым. Үйдегі тұрақты қорқыныш пен жанжал оның қалыптасуына із қалдырады.
Заң баланың қауіпсіздігін қорғауға мүмкіндік береді. Полиция алдын алу шарасын қолдана алады. Әлеуметтік және психологиялық қызмет көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда сот ата-ана құқықтарын шектеу немесе ата-ана құқықтарынан айыру мәселесін де қарайды. Бірақ ең бастысы – қауіптің алғашқы белгілері байқалған кезде үнсіз қалмау.
Өйткені отбасы – баланың ең қауіпсіз мекені болуы керек. Егер сол үйдің өзі қорқынышқа айналса, онда қоғам мен мемлекет баланың мүддесін қорғауға араласуы тиіс. Журналистік зерттеу барысында көргеніміз де осы. Әрбір жабық есіктің ар жағында бір отбасының ғана емес, бірнеше баланың тағдыры тұруы мүмкін. Ал сол тағдырға дер кезінде қолдау көрсету – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден










