Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№68 газет

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 газет

05 қыркүйек 2026 ж.

№ 66 газет

01 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Құндылықтың құны өлшенбейді

Құндылықтың құны өлшенбейді

Тіл – халықтың баға жетпес рухани қазынасы, ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы мен мәдениетінің, салт-дәстүрі мен болмысының алтын арқауы. Ана тілі – ұлттың жаны, халықтың рухани тұғыры. Сондықтан тілді құрметтеу, оның мәртебесін көтеру, келер ұрпаққа аманат ету – баршаға ортақ міндет. Қазақстан халқы тілдері мерекесі аясында «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» атты аудандық мақала жазушылар байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. Аталған іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, мәдениет саласының майталманы Жантемір Айсин, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Марат Омаров, АХАТ саласының ардагері Әсия Масилова, сала мамандары қатысты.

Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Тереңөзек кенті мәдениет үйі және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Сырдария аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен шығармашылық байқауда барлығы 11 қатысушы бақ сынады. Байқауда ұлағатты ұстаздар, кітапханашылар және жас оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып, тіл тағдыры, ана тілінің қадір-қасиеті мен ұлт өміріндегі маңызы жөнінде ой толғады.

Мерекелік кеш Ақтолқын Баймұратованың орындауындағы Нұртуған Кенжеғұлының «Қанекей, тілім, сөйлеші» термесімен ашылып, жиналған көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.

Марапаттау рәсімінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт сөз сөйлеп, қатысушылар мен барша тіл жанашырларын мерекемен құттықтады.

– Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» – деген. Расында да, тіл – ұлттың рухани тірегі. Бүгінде ауданымызда тілдер мерекесі кең көлемде аталып өтіп, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, байқауға ұсынылған мақалалардың мазмұнына үңілгенде қатысушылардың тіл тақырыбына терең ой жүгіртіп, ана тіліне деген құрметін шығармашылық тұрғыда жеткізе білгенін байқадық. Осы орайда, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Тереңөзек кенті мәдениет үйіне, сондай-ақ шығармашылық қабілетімен ерекшеленген барлық қатысушыға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Шаһарбек Нұрсейіт.

Салтанатты шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен Сырдария ауданының Құрметті азаматы Жантемір Айсин байқауға қатысушыларды құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады.


Байқау қорытындысы бойынша орамды ойы мен шығармашылық шеберлігі арқылы ерекшеленген №126 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самат Жұмаділ бас жүлдені иеленді. І орын аудандық кітапхананың кітапханашысы Ләззат Қонысбековаға бұйырды. Ал ІІ орынға №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұлдызай Аншаева лайық деп танылды. ІІІ орынды аталған білім ордасының 9-сынып оқушысы Мейірхан Бақытжанұлы иеленді.

Сондай-ақ, шығармашылық байқауға белсене қатысып, тіл тақырыбын өзіндік көзқарасымен өрнектеген №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Серікбай, Айгерім Баджанова мәдениет саласының маманы Нұрила Кенесары мен Айшат Сейтсұлтанова, өзге де сала мамандары Эльмира Кенжеғалиева, Айнұр Талпақова, №36 Әбілда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Айдын Дәуіржанұлы Алғыс хатпен марапатталды. Байқауға қатысушыларға диплом мен бағалы сыйлық табысталды.

Іс-шара барысында ана тілінің ұлт өміріндегі орны мен маңызы тағы бір мәрте айшықталды. Өйткені тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – халықтың тарихы, рухани жады, салт-дәстүрі мен мәдениетінің айнасы.

Тіл – мәңгілік құндылық. Ана тілін ардақтау – ұлтты ардақтау, ал оны сақтау – келер ұрпақ алдындағы қасиетті парыз. Тілі бар халықтың рухы биік, болашағы баянды. Сондықтан тіл тұғырының берік болуы – ұлт ғұмырының мәңгілік кепілі.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
08 қыркүйек 2026 ж. 69 0