АЕК өзгереді: әлеуметтік көмек мөлшері арта ма?
Алдағы 2027 жылдан бастап Қазақстандағы бірқатар негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштің мөлшері өзгереді. ҚР Қаржы министрлігі әзірлеген «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасында азаматтардың тұрмысына тікелей әсер ететін ең төменгі жалақы, айлық есептік көрсеткіш, күнкөріс деңгейі, зейнетақы және әлеуметтік төлем көлеміне қатысты жаңа мөлшер ұсынылған.Ресми құжатқа сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін өзгірісте ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге деңгейінде сақталады. Яғни бұл көрсеткіш бұрынғыдай өзгеріссіз қалады. Ал басқа негізгі әлеуметтік көрсеткіштің көлемін ұлғайту ұсынылды. Мәселен, 2026 жылы 4 325 теңге болған айлық есептік көрсеткіш 2027 жылы 4 693 теңгеге дейін өседі. АЕК көптеген мемлекеттік төлем мен есептеуде қолданылатындықтан, оның өзгеруі ел халқының сан түрлі қаржылық міндеттемесіне тікелей әсер етеді.
Базалық әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылатын ең төменгі күнкөріс деңгейін 50 851 теңгеден 55 173 теңгеге дейін көтеру ұсынылған. Әлеуметтік қолдау іс-шарасы мен жекелеген төлемнің көлемін есептеуде маңызды көрсеткіштің бірі саналады. Жаңа бюджет жобасында зейнеткерге қатысты да бірқатар өзгеріс қарастырылған. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшерін 2027 жылдан бастап 38 622 теңге етіп белгілеу ұсынылғаны белгілі. Биыл аталған көрсеткіш 35 596 теңгені құрайды. Ал ең төменгі зейнетақы көлемі 69 049 теңгеден 74 919 теңгеге дейін өседі.
Бұдан бөлек, жасына байланысты зейнетақы төлемі мен еңбек сіңірген жылы үшін төленетін зейнетақыны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5 пайызға арттыру жоспарланған. Бұл өзгеріс зейнеткерлердің табысын көбейтіп, олардың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған. Әсіресе күнделікті тұтынатын азық-түлік, дәрі-дәрмек және коммуналдық қызметтің қымбаттауы жағдайында зейнетақының өсуі егде жастағы азамат үшін маңызды.
Заң жобасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне мемлекет тарапынан аударылатын жарнаны да көбейту көзделген. Қазіргі уақытта мемлекет жарнасы есептеу объектісінің 2 пайызын құраса, жаңа жылдан бастап, 2,2 пайызға дейін арттыру жобаға енгізілген. Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруды күшейтіп, медициналық қызметтің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді деген үміт бар.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңызды бағытының бірі – балалы отбасыларға берілетін көмек. Бала дүниеге келген кезде төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері нәрестенің отбасындағы нешінші бала екеніне байланысты белгіленеді. Жаңа айлық есептік көрсеткіш бекітілген жағдайда, 2027 жылы алғашқы үш балаға дейін берілетін жәрдемақы 38 АЕК көлемінде, яғни 178 334 теңгені құрауы мүмкін. Ал төртінші және одан кейінгі балалар дүниеге келген жағдайда 63 АЕК немесе 295 659 теңге төлеу жоспарлануда.
Әлеуметтік төлем – жас отбасыға баланың дүниеге келуіне байланысты алғашқы шығынын өтеуге бағытталған маңызды мемлекеттік қолдау. Сәби өмірге келген алғашқы кезеңде отбасының шығыны көбейетіні белгілі. Киім-кешек, қажетті күтім құралы мен басқа да тұрмыстық қажеттілік жас ата-ананың отбасылық бюджетіне қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан біржолғы жәрдемақының көлемі көптеген отбасы үшін маңызды.
Бала дүниеге келгеннен кейін ата-анаға көрсетілетін қолдау мұнымен шектелмейді. Баланың бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ұсынылып отырған жаңа есептік көрсеткіш бойынша бірінші балаға ай сайын 27 032 теңге, екінші балаға 31 953 теңге, үшінші балаға 36 840 теңге төленуі мүмкін. Ал төртінші және одан кейінгі балаға арналған ай сайынғы жәрдемақы 41 768 теңгеге дейін жетеді.
Төлем баланың алғашқы өмір кезеңінде ата-ананың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған. Әсіресе, бала күтіміне байланысты еңбек қызметінен уақытша қол үзетін азамат үшін мұндай мемлекеттік көмектің маңызы зор. Қазақстанда көпбалалы отбасыға да арнайы мемлекеттік қолдау қарастырылған. Төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақы отбасының табыс деңгейіне қарамастан тағайындалады. Егер баланың жасы мен білім алуына қатысты заңда белгіленген талап сақталса, отбасы мемлекеттік қолдауға ие болады.
2027 жылы жаңа АЕК бекітілген жағдайда төрт баласы бар отбасы ай сайын шамамен 75 229 теңге жәрдемақы алуы мүмкін. Бес баласы бар отбасыларға 94 048 теңге, алты баласы бар отбасыларға 112 867 теңге төлеу ұсынылған. Жеті баласы бар отбасыға арналған төлем көлемі 131 686 теңгені құрауы мүмкін. Ал сегіз және одан да көп баласы бар отбасыға әр бала үшін 4 АЕК көлемінде, яғни 18 772 теңгеден төлеу көзделген.
Мемлекет ерекше мәртебеге ие аналарға да өмір бойына төленетін арнайы жәрдемақы қарастырады. «Күміс алқа» иесіне 2027 жылы ай сайын 30 035 теңге көлемінде төлем тағайындалуы мүмкін. Ал «Алтын алқа» иесі, бұрын «Батыр ана» атағын алған жандар және бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналар 34 728 теңге көлемінде жәрдемақы алуы ықтимал.
Жаңа әлеуметтік көрсеткіштер тек балалы отбасыларға ғана емес, қоғамның басқа да санаттарына әсер етеді. Кейбір азаматтарға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы да айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне байланысты қайта есептеледі. Мәселен, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ай сайын 16 АЕК көлемінде немесе шамамен 75 088 теңге төленуі мүмкін. ҰОС қатысушыларына теңестірілген жеңілдігі бар тұлғаларға 29 050 теңге көлемінде төлем қарастырылса, «Халық қаһарманы» атағына ие азаматтарға 650 591 теңге көлеміндегі арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленуі мүмкін.
Айта кетейік, әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – мүгедектігі бар азаматқа көрсетілетін мемлекеттік көмек. 2027 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 55 173 теңге болып бекітілген жағдайда, мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақының көлемі де өседі. Алдын ала есеп бойынша І топтағы мүгедектігі бар азаматқа шамамен 121 381 теңге, ІІ топқа 97 104 теңге, ал ІІІ топқа 66 208 теңге төленуі мүмкін.
Асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемі де жаңа көрсеткіштерге сәйкес өзгеруі мүмкін. Асырауында бір адам қалған жағдайда төлем шамамен 50 759 теңгені құраса, екі адамға 93 794 теңге төлеу жоспарда бар. Үш адам асыраушысынан айырылған жағдайда жәрдемақы 124 139 теңгеге, төрт адам болғанда 143 450 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал бес адам асыраушысынан айырылған отбасыға 151 726 теңге, алты және одан да көп адам болған жағдайда шамамен 165 519 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төлеу қарастырылған.
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар баланы және І топтағы мүгедектігі бар адамды күтіп отырған азаматтарға берілетін жәрдемақы да артуы мүмкін. 2027 жылы бұл төлемнің мөлшері 88 829 теңгені құрауы ықтимал. Жалпы, 2027 жылы жаңа айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі күнкөріс деңгейі бекітілген жағдайда Қазақстандағы көптеген әлеуметтік төлем қайта есептеледі. Бала тууына байланысты берілетін біржолғы көмек, бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы, көпбалалы отбасыға төленетін мемлекеттік қолдау, марапатталған аналарға арналған төлем, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін жәрдемақылардың көлемі ұлғаяды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Сурет: opennews.kz









