Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№68 газет

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 газет

05 қыркүйек 2026 ж.

№ 66 газет

01 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Отбасын қолдау – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі

Отбасын қолдау – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі

Ауданда құрылғанына біршама уақыт болған Отбасын қолдау орталығы – отбасылық құндылықты дәріптейтін, әлеуметтік әл-ауқатты арттыру бағытында қызмет көрсететін бірден бір орын. Орталық мамандары отбасы институтын нығайту, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың және зорлық-зомбылықтың алдын алуды негізгі мақсат еткен.

Мемлекеттің ең басты қазынасы – адам және оның өмірі десек, оның ең алғаш қалыптасатын ортасы оның отбасы. Отбасы – адам өміріндегі ең бас­ты құндылық. Береке мен бірлік, мейірім мен өзара түсіністік қалыптасқан шаңырақ – тұрақты қоғамның негізі. Отбасын қолдау орталығымен жыл бойы отбасыларды қолдау, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

– Отбасын қолдау орталығында бүгінде 12 қызметкер бар. Арнайы мамандар жоспарға сәйкес түрлі іс-шара өткізіп, отбасындағы әлеуметтік ахуалдың тұрақты болуына қызмет етуде. Осы күні орталықтың Ережесіне өзгерістер енгізіліп, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші әлеуметтік мамандары, яғни 42 әлеуметтік қызметкер аудандық отбасын қолдау орталығының штаттық бірлігіне енгізілді. Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің екі бөлімшесі жұмыс жасайды. Оның бірі – жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі және екіншісі – мүгедектігі бар балаларға және психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі. Жалпы аудан бойынша үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алушы саны – 170 адам, – дейді орталық басшысы Айнұр Төлегенова.

Аудан бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды, отбасыларды ерте анықтау және жан-жақты қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильді тобы құрылып, 3 отбасы тұрақты бақылауға алынған. Бұл бақылаудағы отбасыларға бірнеше бағытта көмек көрсетілуде. Мамандар ең қауіпті фактор – суицидтің алдын алуға психологиялық қолдауды дер кезінде көрсетуді назардан тыс қалдырмайды. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттарын рәсімдеу бойынша жәрдемдесу, отбасы мүшелерінің денсаулығын жіті бақылауға алып, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсынуды қолға алған. Мектеп жасындағы балалардың сабаққа қатысуын қадағалау және оқу үлгерімін тұрақты бақылауға алу, қайырымдылық көмек, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімімен тұрақты бақылауға алу көмегін көрсету негізгі міндет.

Орталық басшысының айтуынша, әлеуметтік саланы жетілдіру бағытында көрсетілетін қызметтің халыққа тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру үшін FSM Social цифрлық платформасы енгізіліп, іске қосылған. Мобильді топтың жұмысы осы цифрлық платформада салалық мамандарымен жүзеге асырылуда.

– 2026 жылдың есепті кезеңінде FSM Social цифрлық платформасында барлығы 523 сигнал түсті. Оның ішінде, отбасын қолдау орталығы мамандарымен – 444, әлеуметтік қызметкерлермен – 3, білім беру саласы мамандарымен – 7, пробация қызметі – 42, ЖАО – 2, денсаулық сақтау сала мамандарымен – 17, ішкі істер орган қызметкерлерінен – 8 сигнал.

Қауіп-қатер деңгейі жоғары және бақылаудағы отбасыларға мобильдік топ мүшелерімен бірлесіп зерделеу жұмыстары жүргізіліп, отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бағалануда. Қажеттілігіне қарай азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес беріліп, мемлекеттік қолдау іс-шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Әсіресе, көпбалалы, аз қамтылған, жалғызбасты ата-аналар, жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға ерекше назар аударылуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – мәселе күрделенгеннен кейін көмек көрсету емес, отбасындағы қиындықтарды ерте анықтап, дер кезінде қолдау көрсету, – дейді Айнұр Асылбекқызы.

2026 жылдың есепті кезеңінде орталық мамандарымен 604 қызмет түрі көрсетілген. Көрсетілген қызмет қатарында жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, тұрғын үй, денсаулық сақтау саласы, құқықтық, психологиялық көмек, психологиялық тренингтер және қайырымдылық көмек бар.

Ауданда отбасыдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллинг пен кибербуллингке жол бермеу бағытында да профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Құзырлы органдармен бірлескен түсіндіру кездесулері, ақпараттық іс-шаралар мен профилактикалық жұмыстар арқылы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға басымдық берілуде.

Осыған сәйкес, ағымдағы жылы аудандық полиция бөлімі мен Отбасын қолдау орталығы бірлесіп «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы, «Жасөспірім» ұлттық ақпараттық науқаны, «Заң мен тәртіп» қағидасы, «Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы, «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында құқықтық түсіндірме жұмыстары, «Халықаралық отбасы күні» аясында жас отбасылармен дөңгелек үстел форматында кездесу, «Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз» республикалық акциясы аясында түрлі іс-шара өткізілген.

Сондай-ақ отбасы институтын нығайтуға бағытталған кездесулерде қыз бала тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі және отбасындағы рухани-адамгершілік тәрбие мәселелері кеңінен талқыланып, бұл өз кезегінде орталық жұмысын жандандырған.

Соңғы уақытта республика көлемінде өтіп жатқан балаларды жаңа оқу жылына дайындау, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету бағытындағы қайырымдылық бастамаларға үн қосу орталық қызметкерлері алдындағы маңызды міндет. Осы орайда қайырымдылық іс-шарасына қолдау білдіріп, балаларға қуаныш сыйлаған аудан кәсіпкерлеріне орталық мамандары риясыз алғысын білдіруде.

Қайырымдылық – қоғамда ізгілік пен мейірімділікті, жанашырлық қасиетін нығайтуды, өзара көмек беруді арттырып, отбасыларға қиындықты еңсеруге мүмкіндік береді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
08 қыркүйек 2026 ж. 83 0