Ұлттық мұра ұлықталды
Тіл – халықтың сан ғасыр бойы қалыптасқан рухани қазынасы, ұлттың болмысын айқындайтын басты құндылығы. Ана тілін ардақтау – өткенді құрметтеп қана қоймай, келешекке деген жауапкершілікті сезіну. Өйткені ұлттың тарихы мен тағдыры, салт-дәстүрі мен дүниетанымы, ең алдымен, оның тілінде сақталады. Осы ретте, 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні аясында аудандық Руханият орталығында «Тіл – ұлттың ұлы мұрасы» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов, аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Қанат Мырза, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева, жекелеген мекеме басшылары мен сала мамандары, ардагерлер және қоғам белсенділері қатысты.Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов жиналған жұртшылықты тіл мерекесімен құттықтап, мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын айқындайтын тұжырым. Қазақ тілі – халқымыздың рухани қазынасы, ұлттық болмысымыздың айнасы. Тілді құрметтеу – елді, тарихты және ұлттық құндылықтарды құрметтеу. Бүгінде елімізде әрбір этнос өкілінің ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуына қажетті жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністіктің нығаюына ықпал етуде, – деді Нұржан Ерділдаұлы.
Мерекелік іс-шара барысында тіл жанашырлары мен осы бағытта еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Мәселен, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Алғыс хатымен Тереңөзек кентінің тұрғыны, қоғам белсендісі, тіл жанашыры Нұржан Қосуақов марапатталды. Ал облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғыс хатына Қызылорда облыстық тілдерді дамыту орталығында маман қызметін атқарған Ақтоты Ертілеуова ие болды. Бұл ретте, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың Алғыс хаты ауданның тіл мәртебесін көтеруге, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген бірқатар жанға табысталды. Олардың қатарында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, аудандық білім бөлімінің әдіскері Қаракөз Қалжанова, Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейі директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Жанна Сәркеева, Әбділда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің директоры Айнұр Әлиева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құндызай Қалабаева, Түймебай Айтбаев атындағы №132 мектептің директоры Жанболат Назаров бар. Мемлекеттік тілдің мерейін арттыруға бағытталған іс-шарада білімді де талапты жастардың да белсенділігі атап өтілді. Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылған «Тіл – ұлттың асыл қазынасы» атты зияткерлік сайысқа белсене қатысқан Оспан Әбілпаттаев атындағы №210 қазақ орта мектебінің 9-сынып оқушыларына аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязовтың Алғыс хаты берілді. Атап айтқанда, Аяулым Құрманғазина, Адия Мұратова, Нұрила Аманғали, Ақлима Ертаева, Жанерке Амангелдиева, Дамир Әбжан мерекелік марапатқа ие болды.
Мерекелік кештің мазмұнын аудан өнерпаздарының тағылымды қойылымы да тереңдете түсті. Өнерпаздар қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы, ақын, публицист, қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлт үшін жасаған өлшеусіз еңбегін кеңінен насихаттайтын арнайы көрініс ұсынды.
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі – тіл үшін күрестің, ұлт болашағы үшін жасалған жанқиярлық еңбектің жарқын үлгісі. Ол қазақ тілінің табиғатын ғылыми тұрғыдан зерделеп, әліпби мен оқу-ағарту ісіне жаңалық енгізіп, ана тілінің тағдырын ұлт тағдырымен сабақтастырған ұлы тұлға. Сондықтан оның мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін де маңызын жойған жоқ.
Кеш барысында әннен шашу шашылып, мерекелік іс-шараның мазмұны өнермен өрнектелді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










