Мерейлі отбасының тірегі – асқар тау әке
Аманкелділік Бұрхановтар отбасы осы жылы өткен «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанып, облыстық байқауға жолдама алды. Аймақтық кезеңнен де «Өнегелі отбасы» номинация иегері атанған отбасы бүгінде тату-тәтті тірлік кешуде.Әулеттің үлкені Жамбыл Бұрханов – 87 жастағы қарт. Туған жері – Аманкелді ауылында саналы ғұмырын өткізіп, ауылдың дамуына үлес қосқан ардагер еңбекқорлықтың, адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, осынша жасқа абыроймен келіп отыр. Бұл отбасында үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болу алдыңғы кезекте тұратын адами қасиет. Ұрпағына саналы тәрбие беріп, барлығын білімді, тәрбиелі болып қалыптасуына күш-жігерін аямаған ардақты әке ағайынның ортасында да құрметке ие. Ауызбірлігі жарасқан отбасында туып өскен балаларының бірі педагог, профессор, техника ғылымдарының кандидаты болса, енді бірі кітапханашы, қарапайым еңбек адамы да бар. Әке жолын қуған салихалы ұрпақ еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуда.
Ауыл – азаматымен көрікті десек, Жамбыл Бұрханов Аманкелді ауылында механизаторлықтан еңбек жолын бастап, мал шаруашылығын өркендеткен. Оның ұзақ жылғы адал еңбегі өз кезеңінде лайықты бағасын алып, талай рет марапат төрінен көрінген.
– 1939 жылы 15 мамырда Аманкелді ауылында дүниеге келдім, – дейді тоқсанға таяған ауылдың ардақтысы. – Аманкелді ауылындағы Зіңкетер мектебінде 7 сыныпқа дейін білім алдым. Кәсіптік техникалық училище оқып, тракторист мамандығын алып, ауылда механизатор болдым. Ленин колхозы құрылған кезеңде мал шаруашылығымен айналысып, мал басының көбеюіне өз үлесімді қостым. Өздеріңіз білесіздер, кезінде ауылымыз қой шаруашылығын өркендетуде алдыңғы қатарлы совхоз болды. Мұнда тәжірибеден өткізу үшін ғалымдар келіп, оларға арнайы тұрғын үй де салынды. Аты дүркіреген совхоздың жұмысы қарапайым еңбек адамдарының арқасында ілгері жүрді. Өмір бойы қара жұмыстан қол үзбей, адал еңбек еттік. Бала-шағамызды асырап, қазір бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз. Осы күні ауылымыз күннен күнге көркейіп келеді. Облыс орталығына жақын орналасқан ауылымызда кәсіпкерлік дамып, әрбір шаңырақтың берекесі артып, екі қолға бір жұмыс табылып жатқанына қуанамыз, – дейді отбасының тірегі, ардақты қарт.
Мерейлі отбасында қалыптасқан ізгі дәстүрдің бірі – балаларды тәрбиелеудегі ерекшелік. Әулеттің үлкені атаның сөзіне құлақ салу, оның өмірлік тәжірибесіне сүйеніп айтқан ақыл-кеңесін тыңдау, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеу үлкен отбасы мүшесінің әрбірінің негізгі ұстанымы. Осы күнге дейін атаның өнегелі әңгімесі дастарқан басында айтылып, айтылған асыл сөз немере-шөберенің жадында сақталуда.
– Осы ауылдың тумасымын. Өмірлік қосағыммен 1964 жылы отастым. Ауыл шаруашылығында жұмыс істеп, зейнетке шыққанмын. Отбасындағы ата-ананың тәрбиесі туралы айтсам, алдымен өзі үлгі болу керек. Дұрыс мінез-құлық арқылы тәрбие беріледі. Өзіңнің іс әрекетіңмен өзгеге жол көрсетесің. Дүниеге әкелген балаларымыз жақсы білім алып, үлкеніміздің өзі жасы алпысқа келіп отыр. Немерелері бар. Кенжеміздің жасы қырықтан асты. Барлығы бір-бір мамандық алып, еңбек етіп, нанын жеп отыр. Үлгілі отбасы деп дәріптеп, марапаттап жатқан кісілерге көп рақмет, – дейді Алтын алқа иегері, ақ жаулықты ана Ізімкүл Жанекеева.
Иә, ауылдағы көп отбасыға үлгілі болған Бұрхановтар отбасында жауапкершілік пен тәртіп берік орнаған. Бұл үлкеннің, яғни атаның тәрбиесіндегі маңызды құндылық. Яғни балаларының уәдесінде тұруға, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға, үлкенді сыйлауға, уақытты тиімді пайдалануға және тәртіп сақтауға машықтанғаны ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
– Әке – отбасының тірегі, баланың қорғаушысы және қамқоршысы. Ол баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өмірде дұрыс жол таңдауына бағыт береді. Біз әкемізден еңбекқорлықты, жауапкершілікті, адалдықты және адамгершілікті үйрендік. Қазір өзіміз де немере сүйіп отырған атамыз. Білім саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келемін. Отбасымызда бірнешеуіміз педагогиканы таңдағанбыз. Сондықтан біз үшін ең алдымен баланың жақсы білім алуы мен тәртібі аса маңызды. Ата-анамыз әрбіріміздің мамандық алуымызға, білім алып, жақсы азамат болып өсуімізге жағдай жасады. Әке ең бастысы ұрпағын отансүйгіштікке, адамгершілікке, парасаттылыққа, имандылыққа тәрбиелейді. Сонымен қатар әкеміз мақсат қоюды, оған жету дағдысын қалыптастыруды үйретті. Бұл баланың болашақта өз қалауымен өмір сүре алуына бағыт бағдар беру дегенді білдіреді. Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі тек материалдық жағынан қамтамасыз ету ғана емес, ұрпағын қорғаушы, қамқоршы, ақылшы, өмірлік үлгі яғни «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген керемет сөздер дәлел бола алады, – дейді өнегелі ұрпақ иесі Ғани Бұрханов.
Бала тәрбиесінің негізі – ата-ананың бойындағы жақсы қасиеттер. Ол – мейірімділік, адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық, қамқорлық, сабырлылық, ізеттілік және сыйластық балаға өнеге болып, оның тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Үлкен әулеттің қос қариясы 32 немере мен 36 шөбересінің қызығын көріп, бақыттың базарында, салихалы ғұмыр кешуде. Алла ұзақ өмір бергей!
Бибісара ЖАНӘЛІ










