Еңсесі биік, ертеңі жарқын елді мекен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ» деген болатын. Ұлтымыздың арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, ғұмыры ғибратқа толы атақты тұлғалардың кішкентай ауылдан түлеп ұшқанын аңғарамыз. Ауылды ең қымбат, ең ыстық, ең аяулы мекенге теңейміз. «Ауыл – ел бесігі» деп бекер айтпаса керек.Қойнауына құт қонып, бақ дарыған ұлы Сырдария өзенімен аттас Сырдария ауданында 13 ауыл бар. Әр ауылдың өзіндік тарихы, қалыптасқан қағидасы, қазыналы қарттары, ақ жаулықты абзал аналары, адал еңбекті ту еткен азаматтары бар. Ауыл сонымен қадірлі, қасиетті. Ал енді сол 13 ауылдың ішінде Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың есімін иеленген ауылдың шоқтығы биік.
Сырдың бойындағы шежірелі мекендердің бірі – бүгінде елге еңбегімен танылған, берекесі мен бірлігі жарасқан Нағи Ілиясов ауылы. Тамыры тереңде жатқан ауылдың тарихы – тұтас бір дәуірдің тынысын, ел басынан өткерген кезеңдердің ізін, маңдай термен жерді түлеткен еңбек адамдарының тағдырын тоғыстырған тағылымды шежіре. Биыл ауылдың құрылғанына 60 жыл толуы – өткенге көз жүгіртіп, елді ел еткен азаматтардың еңбегін еске алып, бүгінгі жетістіктерге шүкіршілік ететін айтулы белес.
Бұл – Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев шаруашылығын арнайы келіп көрген, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Барлық ауыл Нағидай болсын» деп баға берген, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет» деп қолдау көрсеткен, Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовты түлеткен, батырлар мен еңбек ерлерін дүниеге әкелген ауыл. Бүгінде Сыр елінің ғана емес, республиканың мақтанына айналып, «Үздік бес туристік ауыл» қатарына енуі ұзақ жылғы дамудың нәтижесі.Тарихтан тамыр тартып, тереңнен толғасақ, іргелі ауылдың іргетасы 1919 жылы қаланған. Сол кезеңде мал шаруашылығымен айналысып, көшіп-қонып жүрген бірнеше отбасы біртіндеп отырықшылыққа бет бұрып, «жер өңдеу серіктестігіне» біріге бастаған. Ел болып еңсе тіктеп, жерге тұрақтап, мал ұстап, егін еккен. Осылайша табиғаттың мінезіне бейімделген қарапайым тіршілік бірте-бірте ұйымдасқан шаруашылыққа ұласқан. 1929 жылы жер өңдеу серіктестіктері бірігіп, бірнеше артель құрылды. Оның алғашқы ұйымдастырушыларының бірі Нұраш Нүркенов болды. Сол жылдары ауылдық кеңеске Смайл Қаймолдаев төрағалық етіп, Ахмет Нұрсейітов хатшылық қызмет атқарды. Бидай егіліп, мал ортақтастырылып, алғашқы фермалар бой көтерді. Бұл – ауыл шаруашылығының жаңа сипат алып, ел тұрмысының бір арнаға түсе бастаған кезеңі еді. 1940 жылдары ел көлемінде колхоздарды ірілендіру науқаны жүргізілді. Сол тұста №8 ауылдық кеңесіне қарасты «Карл Маркс», «Мақпалкөл», «Еңбекші», «Қызыл коммуна» колхоздары жер жағдайына байланысты екі ірі шаруашылыққа біріктірілді. «Карл Маркс» пен «Мақпалкөл» бірігіп «Карл Маркс» атанса, «Еңбекші» мен «Қызыл коммуна» бірігіп «Қызыл коммуна» колхозын құрды. Ал 1946 жылы қос шаруашылықтың басы бірігіп, «Карл Маркс» колхозы болып қайта құрылды. 1953-1954 жылдары бүкіл Одақ көлемінде шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстары жүргізілген кезде «Карл Маркс» колхозы «Қызыл коммуна» колхозына қосылып, орталығы «Карл Маркс» колхозы болды. 1957-1960 жылдары шаруашылықты Рүстем Үмбетов басқарды. 1960 жыл ауыл тарихындағы тағы бір маңызды кезең болды. «Тереңөзек» совхозы құрылып, бүгінгі Шаған ауылының аумағындағы «Карл Маркс» колхозы осы совхоздың бөлімшесіне айналды.
Ал 1966 жылы Шағаннан бөлініп, №1 күріш совхозы болып қайта құрылды. Жаңадан құрылған шаруашылықтың тізгінін аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов ұстады. Бұл – ауылдың жаңа тынысы ашылған жылдар еді. Алғашқы жылы небәрі 600 гектар жерге күріш егілді. Инженерлік жүйесі енді ғана жасалып, тегістелген алқаптарды игеру оңайға түскен жоқ. Су кез келген жерден бұзып шығып, оқпан жарып кететін. Оны дер кезінде тоқтату үшін техника бара алмайтын суға бастырылған алқаптарда жұмыстарды еңбеккерлер қолмен атқаратын. Табандылық пен төзімділікті талап еткен осындай сын сағаттарда ауыл азаматтарының нағыз еңбекқорлығы мен іскерлігі танылды. Сол бір күрделі кезеңде Айғали Таутенов, Алтынбек Наурызбаев, агроном Шахтай Есжанов, гидротехник Сұлтанбек Өтегенов, Самырат Ибраев, Жаңабай Сыздықов, механиктер Махамбет Бисенбаев пен Иса Шенеуов сынды азаматтар шаруашылықтың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Олардың әрқайсысының маңдай тері ауыл тарихының алтын парақтарына айналды. 1970 жылы «Карл Маркс» совхозына «Қазақ ССР-інің 50 жылдығы» атауы берілді. Бұл шаруашылықтың дамуындағы екінші өрлеу кезеңінің бастауы болды. Ал 1973 жылы Жалағаш ауданындағы «Жаңаталап» совхозынан Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов келіп, директор болып тағайындалды. Алдаберген Бисеновтің басшылығымен күріш алқаптарының көлемі ұлғайып, инженерлік жүйеде тегістелген жер 6600 гектарға жетті. Соның ішінде күріш егісінің көлемі 3300 гектарды құрап, әр гектардан алынатын өнім 50-52 центнерге тұрақтады. Бұл – жерді тиімді игеріп, еңбекті дұрыс ұйымдастырып, ғылым мен тәжірибені ұштастырудың жарқын нәтижесі еді.
Ауылдың сол кездегі өркендеуіне шаруашылық басшысымен бірге еңбек еткен азаматтардың да қосқан үлесі зор. Партия ұйымын басқарып, еңбеккерлер арасында тәлім-тәрбие жұмысын жүргізген Сражаддин Балмағамбетов, кәсіподақ комитетінің төрағасы Төребек Жұмабекұлы, ауылдық кеңестің төрайымы Шырынкүл Әбітова, комсомол ұйымының хатшысы Балшекер Өтегенова елдің ынтымағын нығайтып, ауылдың қоғамдық өмірінің жандануына еңбек сіңірді. Сол жылдары шаруашылықтың экономикасын көтеруге елеулі үлес қосқан азаматтардың қатарында егіс бригадирлері Айғали Таутенов пен Қалыбек Әбдіреевті, майталман механизаторлар Өмірзақ Ахметов, Тыныштық Найзатаев, Керейтбай Мамытовты, күрішшілер Оразкүл Шенеуова, Ұржамал Мейірманова, Райхан Тұрманова мен Бибімария Алпыспаеваларды айрықша атауға болады. Олардың қажырлы еңбегі – бүгінгі ұрпаққа өнеге, ауыл тарихына өшпес із.1975 жылдың күзінде шаруашылықтың жетістіктерін өз көзімен көру үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың арнайы келуі де сол кезеңдегі ауылдың абырой-беделінің биік болғанын аңғартады. Бұл сапар қарапайым еңбек адамдарының төккен тері мен елдің ынтымақ-бірлігінің жоғары бағаланғанының белгісі еді.
Ел егемендігін алып, шекарамыз шегенделіп, тарихымыз түгенделіп, Мемлекеттік Рәміздеріміз қабылданған тұста ауылға ерлігі мен өрлігі бүтін ұлтқа үлгі Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың есімі берілді. Бұл – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Аталған ауыл арғы-бергі тарихында күріш егумен, өңдеумен, жалпы шаруашылықпен айналысқан. Бұл іс бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Ауылды дамытуға Абзал Жұмашұлы Ералиев негізін қалаған «Абзал және К» толық серіктестігі ерекше үлес қосқанын көпшілік жақсы біледі. Тіпті, Нағи Ілиясов ауылы десе, «Абзал және К» серіктестігі ойға оралады.
Сыр өңірі – алты Алаштың басын қосқан, қаймағы бұзылмаған қасиетті мекен. Осындай өңірдегі Н.Ілиясов ауылы – бүгінгі заманның заманауи ауылы атанған елді мекен. Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов, қазақ әйелдерінің ішінен шыққан тұңғыш Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдіраманова, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов және Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, бүгінгі күннің еңбек майталманы Дархан Ералиев секілді азаматтар түлеген ауылдың бүгіні берекеге толы және ертеңі еңселі, келешегі кемел деп айта аламыз. Бүгінде Нағи Ілиясов ауылы көркімен көз тартып, тіпті алыс-жақын қала мен шетелден келген қонақтарға көрсетіп, мақтанатын бірден-бір елді мекенге айналды. Бірнеше жылдан бері тізгінін Сағдат Нұрмағанбетов ұстап келе жатқан ауылда атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі.
Соңғы он бес жылдың көлемінде ауылда «Абзал және К» толық серіктестігінің ұйытқы болуымен ауқымды жұмыстар атқарылды. Спорт кешені, жаңа мешіт, мұражай ғимараты, Тағзым алаңын абаттандыру, ерекше дизайндағы әкімдік ғимаратының құрылысы, «Еңбекшілер» аллеясы, абаттандыру мен көгалдандыру, амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, балалар ойын алаңы, кәсіпкерлікті қолдау сияқты жұмыстарға осы уақыт аралығында қыруар қаржы жұмсалды. Халқымыздың «Туған жерге туың тік» деген тәмсілінде патриотизмнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа деген сүйіспеншіліктен тамыр тартатыны айтылған. Абзал Жұмашұлының Нағи Ілиясов атындағы ауылға бүгінгі күнге дейін қомақты инвестиция салуы бұл елді мекенді республикадағы үлгілі ауылдар қатарына қосты. Ауылын түлеткен азаматтың бастамасы еліміздегі елеулі оқиғаның бірі болды. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елге сіңірген ерен еңбегі үшін Абзал Ералиевке мемлекетіміздің жоғары наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен Алтын жұлдызы берілді.
Абырой биігіндегі азамат облыстық Күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдастығының президенті ретінде Сыр салысының сапалық деңгейін еселеп, жерсіндірілген жаңа сорттар өндірісіне жаңа леп қосты. Бүгінде шаруашылық қазанын қайнатып жүрген Дархан Ералиевтің де ауыл тұрмысын түзетуде қосқан еңбегі елеулі.
– Ауыл – елдің алтын бесігі. Алпыс жыл – тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, ауыл үшін талай ұрпақтың тағдыры тоғысқан, талай белестің бедері қалған үлкен жол. Жалпы ауылдың тарихы алпыс жылдан әрі асады. Осы жылдар ішінде туған жердің топырағын түлетіп, Сырдың дариясындай тіршілігін арнасына түсірген ел азаматтарының еңбегі өлшеусіз. Бүгінгі еңселі ауылдың әрбір жетістігінің артында маңдай терін төккен диқанның, таңды-таңға жалғаған механизатордың, жердің бабын тапқан агрономның, елге қызмет еткен ұстаз бен дәрігердің, құрылысшы мен мәдениет саласының маманының, жалпы ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан барша азаматтың еңбегі жатыр. Туған жер – адам баласының жүрегінде мәңгі сақталатын қасиетті ұғым. Нағи Ілиясов ауылының тарихы – еңбектің тарихы. Бұл жерде жердің қасиетін түсінген, маңдай термен ризық тапқан, елдің қамын жеке бастың мүддесінен биік қойған азаматтар бар. Қасиетті Сырдың жерін игеріп, күріштің ақ маржанын молайтқан аға буынның ерлікке пара-пар еңбегі бүгінгі ұрпаққа әрдайым үлгі, – дейді аудандық мәслихат төрағасы, «Мағжан және К» серіктестігінің директоры Дархан Ералиев.
Халық тарихынан сыр шертетін шежіре мұражайда жинақталатын болса, бүгінде ауылдық округте жұмысын жандандырып тұрған «Күріш мұражайының» жетекшісі – Нұрмағанбет Қуандықов та ауыл тарихымен бірге жасасып, елді мекеннің еңсе тіктеуі жолында елеулі еңбек еткен азамат.
– Тарихты тұлғалар жасайды. Ал сол ел перзенттерінің ерен еңбегі мен өнегелі өмірін келер ұрпаққа насихаттау, жадында сақтау маңызды. Тарих пен елдің өткені жас ұрпаққа насихатталуы керек. Осы ретте музей халыққа қалтқысыз қызмет көрсетеді. Сырттан келген мейман кез келген аймақтың тарихын, өткені мен бүгінін музейіне бас сұғу арқылы біле алады. Елді мекеннің даму кезеңінің Сырдың басты дақылымен байланысты болуына орай ауыл тарихы қамтылған орын «Күріш мұражайы» деп аталды. Н.Ілиясов ауылы үлгілі елді мекендердің көш басында. Ауылда Қазақстанның Еңбек Ері, жанашыр азамат Абзал Ералиевтің демеушілігімен 2015 жылы жаңа мешіт бой көтерген болатын. Содан кейін бұрынғы мешіт ғимаратын осындай тарихи орынға айналдыруды жөн деп санадық. Ел азаматтарының қолдауымен жәдігерлерді жинақтай отырып, мұражай өз жұмысын қоғамдық негізде бастады. Қазіргі таңда мұражай жұмысы жанданып келеді. Сырттан келген меймандар ең алдымен осы орталыққа бас сұғады. Бұл өңір тарихын тануда орынды, – дейді еңбек ардагері Нұрмағанбет Қуандықов.
Ауыл тарихындағы ең үлкен құндылық – оның атауында ғана емес, сол атауға лайық өмір сүрген ұрпағында. Нағи Ілиясов есімімен аталатын бүгінгі ауылдың әрбір жетістігінің ар жағында туған жерін түлеткен жандардың маңдай тері жатыр. Іргелі істерге қол созған ауылдың даңқы бүгінде Қазақстанның барлық өңіріне танымал.
Бүгінде алпыс жылдық тарихы бар Нағи Ілиясов ауылы өткеннің өнегесін бойына сіңіріп, заман талабына сай жаңарып, өркендеп отырған озық ауылдардың біріне айналды. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, ел игілігіне бағытталған игі істер мен ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Ауыл тұрғын үйлері толықтай табиғи газға қосылғанын да атап өту орынды. Бүгінде Нағи Ілиясов ауылы – еңбек пен жаңарудың, береке мен бірліктің жарасымды үлгісі. Мұнда заманауи инфрақұрылым қалыптасып, елдің тұрмысы жақсарып, ауылдың ажары артып келеді. Ең бастысы – ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығы мен ел болашағына деген сенімі берік. Кешегі аға буынның маңдай терімен қалыптасқан берекелі мекенді бүгінгі ұрпақ жаңа белестерге жетелейді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ










