Туған жердің тұғыры биік болсын!
Алпыс жыл – бір қарағанда тарих үшін ұзақ уақыт емес секілді. Алайда елді мекеннің өмірінде бұл – талай ұрпақтың тағдыры тоғысқан, талай азаматтың маңдай тері сіңген, талай белестің бағындырылған үлкен жолы. Осы алпыс жыл ішінде ауылымыз қарапайым шаруашылықтан елге үлгі боларлық өркенді мекенге дейінгі даңғыл жолдан өтті. Бұл жолдың әр белесінде туған жерге адал қызмет еткен еңбек адамдарының қолтаңбасы бар.Нағи Ілиясов ауылының тарихы – ең алдымен еңбектің тарихы. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында ауыл шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың еңбегі бүгінде ел жадында. Сол кезеңде ауылдың әлеуметтік келбеті де қалыптасып, мектеп, мәдениет үйі, балабақша, емхана, тұрмыстық және сауда нысандары бой көтерді. Шаруашылықтың экономикалық әлеуеті артып, ауыл еңбеккерлерінің еңбегі бүкілодақтық деңгейде бағаланды. Бұл – сол дәуірдегі ел азаматтарының ұйымшылдығы мен табандылығының нәтижесі. Ал бүгінгі Нағи Ілиясов ауылы – сол игі дәстүрдің заңды жалғасы. Уақыт талабына сай жаңарып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы дамыған, ауыл шаруашылығының озық үлгілерін қалыптастырған елді мекен ретінде Сыр өңірінде ғана емес, республика көлемінде өзіндік орны бар.
Ауыл – елдің алтын бесігі. Халық арасында «Қарашада қара үй тұр, Қарайлай жүр артыңа» деген өнегелі сөз бар. Ол – ауылда туып, ауылда өскен қазақтың қара домалақ баласының әрбірінің қаперінде жүруге тиіс ескертпе сыңайлы. Көз алдыңда көлбеңдеген көкжиектің ар жағын көру, табан астындағы бүгінді иек астындағы ертеңмен салыстыру – бұл болашаққа деген сенім мен үміт. Н.Ілиясов атындағы ауыл топырағында да ертеңге деген сенімді болашақпен жалғай білген игі істердің іздері сайрап жатыр. Уақыт деген – адамның өткен жолын бағамдап, өзі істеген ісіне баға берудің бір межесі іспеттес.
Халқымыз үшін ер мен жердің нарқы аса биік. Жердің қадірін білген азамат елінің де қадірін ұғады. Елінің абыройын өз абыройындай көріп, дақ түсірмеуге тырысады. Туған елді, туған жерді құрметтей білу – қасиетті парыз. Гүл де топырағынан, тамырынан нәр алады, сол арқылы жайқалып өседі, құлпырады. Сол секілді өзінің туған мекенін сүйе білген адам да оның жапырағының жайқалғанын қалайды, сол үшін еңбек етеді. Туған жерім – Нағи Ілиясов атындағы ауылды адам танымастай өзгерту арманым еді. Сол арманыма жақындаған сайын еңбек етуге деген құлшынысым тіпті де арта түседі.
Ауылымыздың алпыс жылдық мерейтойы құтты болсын! Кешегі еңбектің өнегесі бүгінгі ұрпаққа қуат беріп, бүгінгі жетістіктер ертеңгі биіктерге жол ашсын. Қасиетті ауылымыздың шаңырағы биік, керегесі кең, ырысы мол болсын! Туған жердің топырағы киелі, елінің бірлігі берік, болашағы жарқын болғай!
Абзал ЕРАЛИЕВ,
Қазақстанның Еңбек Ері,
Қызылорда облысының және
Сырдария ауданының құрметті азаматы











