Тіл – ұлт құндылығының мәні
Әлемдегі қай ұлттың да ең қасиетті де қастерлісі – тіл. Адамның бойына ананың ақ сүтімен даритын ана тіліне деген сүйіспеншілік бала жастан қалыптасады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұл жайында ҚР Конституциясында жазылған. Сондықтан қазақ тіліне деген құрметіміз Заңмен қорғалып, ол ғасырлар бойы өзінің құнды қасиетін жойған емес.Тіл мерекесі соңғы жылдары қазақ әліпбиінің негізін қалаған ұлт перзенті А.Байтұрсынұлының туған күнімен қатар аталып өтіледі. Бұны ұлы тұлғаның қайраткерлік қызметіне көрсетілген зор құрмет пен рухы алдындағы тағзым деп білеміз. Тіл қадірін арттырып, мерейін асқақтата түседі.
Қазақ тілі – ең бай тіл. Қазақ тілінде халқымыздың рухани мол мұрасы мен мәдени байлығы бар. Ата-бабамыздан келе жатқан ана тіліміз – баға жетпес қазына, ең асыл мұра. Ана тіліміздің қасиеті жайлы қаншама зиялы қауым жазып та, айтып та кетті. Ақындарымыз ең қымбат мұраға теңеді. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» деген. Ұлтымыздың мақтанышы болған қазақ тіліне көзіміздің қарашығындай қарау әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Қазақ ұлты үшін басты құндылық – тіл. Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Сондықтан қасиетті тіліміздің мәртебесін көтеру жас ұрпақтың міндеті. Біз өз тілімізде сөйлеп, оны құрметтесек, тіліміз жойылмайды. Ана сүтімен дарыған қазақ тілі ең бай әрі шұрайлы тіл, мәңгілік мұрамыз. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Қазір үлкен қаладағы жастар өз ана тілінде сөйлемей, өзге тілде сөйлеседі. Бұл дегеніміз сөзін жоғалтып қана қоймай, өзін де жоғалтып жатыр дегенді білдіреді. Кішкентай балалар да ана тілін білмейді. Бұған ата-анасы кінәлі. Бұл – ана тілін құрметтемеу, сыйламау деген сөз. Ұлтымыздың мәңгілік мұрасын құрметтемегендерге жаза қолдану керек. Яғни, қоғамдық орында қазақ тілінде сөйлемегендерге айыппұл салса, міндетті түрде ана тілін үйреніп алады.
Ұлт құндылығы саналатын қазақ тілі салт-дәстүріміздің сақталуына да өз әсерін тигізеді. Дәстүріміздің одан әрі жаңғырып, жас ұрпақтың бойына ұлтқа деген сүйіспеншілікті, Отансүйгіштікті қалыптастыруда тілдің орны ерекше. Ата-баба дәстүрін сақтап, ана тілінде сөйлеу – ұлт болашағының жарқын көрінісі.
Тіл – ұлы қару. Тілдің өмірі үшін әрбір адам күресуі тиіс. Болашақ ұрпаққа қазақ тілінде мол мұра қалдыру үшін тарихи деректерді, барлық жазбаларды ана тілінде қалдыру тіл жанашырларының, ғалымдардың міндеті. Өйткені тіл жойылса, ұлттың да өмірі тоқтайды. Сондықтан мәңгілік ел болу үшін ең алдымен мемлекеттік тіл – қазақ тілін дамытуға әр қазақтың баласы үлесін қосуы керек.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден











