Бүгіні берекелі, ертеңі еңселі елді мекен
Ұлтымыздың арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, ғұмыры ғибратқа толы атақты тұлғалардың кішкентай ауылдан түлеп ұшқанын аңғарамыз. Сондықтан ауыл десе тебіренбейтін көңіл, толқымайтын жүрек жоқ. Тіпті, ауылды ең қымбат, ең ыстық, ең аяулы мекенге теңейміз. Елбасы "Ауыл – ел бесігі" деп бекер айтпаған.
Қойнауына құт қонып, бақ дарыған ұлы Сырдария өзенімен аттас Сырдария ауданында 13 ауыл бар. Әр ауылдың өзіндік тарихы, қалыптасқан қағидасы, қазыналы қарттары, ақ жаулықты абзал аналары, адал еңбекті ту еткен азаматтары бар. Ауыл сонымен қадірлі, қасиетті. Ал енді сол 13 ауылдың ішінде Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың есімін иеленген ауылдың шоқтығы биік.
Келер жылы құрылғанына 90 жыл болатын ауылдың ең алғашқы атауы Мақпалкөл деп аталғанын біреу білсе, біреу білмейді. Кейін уақыттың, қоғамдық қатынастардың әсерінен ауыл Карл Маркстың атын да иеленді. Сондай-ақ 1970 жылдан бері қарай "Қазақ ССР-нің 50 жылдығы совхозы" деп аталды.
Ал, ел егемендігін алып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатымен шекарамыз шегенделіп, тарихымыз түгенделіп, Мемлекеттік Рәміздеріміз қабылданған бақытты тұста ауылға ерлігі мен өрлігі бүтін ұлтқа үлгі Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың есімі берілді. Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді.
Аталған ауыл арғы-бергі тарихында күріш егумен, өңдеумен, жалпы шаруашылықпен айналысқан. Бұл іс бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Ауылды дамытуға Абзал Жұмашұлы Ералиев негізін қалған "Абзал и К" толық серіктестігі ерекше үлес қосқанын көпшілік жақсы біледі. Тіпті, Нағи Ілиясов ауылы десе, "Абзал и К" серіктестігі ойға оралады.
Аталған ауылда әкемнің 1947 жылғы Нағима деген әпкесі тұрады. Ол кісіні біз дәу апа дейміз. Өзі сондай жайлы, жайдары, кеңпейілді кісі. Бес уақыт намаз оқып, әлі күнге жыл сайын ораза тұтады. Әжеміз Назгүл ерте қайтыс болып кеткендіктен әже ертегісін тыңдап, еркелей алмадым. Сондықтан Нағима апа әкемнің әпкесі болса да маған әже секілді... Анам да ол кісіні қайны апа емес, енесі секілді құрметтейді.
Айтпағым, дәу апамыз үйге келген сайын ауылдың жетістіктерін, дамығанын зор мақтанышпен айтып отырады. Соңғы келгенінде шаруашылықтың жыл сайын атаулы мерекелерде қарияларға құрмет көрсетіп, қайырымдылық шаралар өткізетінін әңгімелеп берді. Қызықтым. Тыңдай бергім келді... Өйткені, отбасымызбен бірге ауыл көшелерін аралағанда өзіме де көрікті ауылдың келбеті ерекше әсер еткен болатын.
Расында да іргелі істерге қол созған ауылдың даңқы бүгінде Қазақстанның барлық өңіріне танымал. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Сыр бойына жасаған ресми сапарында ауылдағы бекем бірлік пен көркем тірлікке өз бағасын бергені ел есінде. Ауыл бейнесіне көңілі толған Тұңғыш Президент сонда «Барлық ауыл Нағидай болсын» деген болатын.
"Елбасының бағасы біз үшін зор мәртебе болды. Бұл адал еңбекке берілген лайықты баға. Расында да Абзалдай ерлер әр ауылда болса, еліміз гүлденіп, өркендер еді. Ауыл халқы, оның ішінде қазыналы қариялар шаруашылық жұмысына дән риза" дейді Нағима апа.
Иә, айтса айтқандай, ауыл көрікті, келбетті, әдемі. Әсіресе, жаз айларында елді мекен ерекше сұлу кейіпке енеді. Қызылды-жасылды гүлдер көздің жауын алып, қызықтырады. Ал қала, аудан орталығында тұратын жастардың үйлену тойында арнайылап ауылға келіп суретке түсуі Нағи Ілиясов ауылының әсем ауыл екенін дәлелдейді.
Осыдан бірер жыл бұрын Алматыдан достарым келіп, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық жолымен қалаға бағыт алғанбыз. Нағи Ілиясов аулының тұсына келгенде алматылық досым "Шіркін әр ауылдың көк күмбезі осылай алыстан жарқырап тұрса, керемет емес пе?!" деп тіл қатты. Бәріміз ауылға көз тастадық. Расында да ауыл мешітінің күмбезі бірнеше шақырымнан көрініп, жарқырап тұр. Сол күні "Көк күмбез көрінетін тым алыстан, Ауыл бар адамдары құрақ ұшқан. Бұл мекен – батырлардың құтханасы, Ататын әр күн сайын қуаныш таң" деп басталатын Нағи Ілиясов ауылына арнап өлең жаздым.
Сыр өңірі – алты Алаштың басын қосқан, қаймағы бұзылмаған қасиетті мекен. Осындай өңірдегі Н.Ілиясов ауылы бүгінгі заманның заманауи ауылы атанған елді мекен. Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов, қазақ әйелдерінің ішінен шыққан тұңғыш Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдіраманова, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов және Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, бүгінгі күннің еңбек майталманы Дархан Ералиев сынды азаматтар түлеген ауылдың бүгіні берекеге толы және ертеңі еңселі, келешегі кемел деп айта аламыз.