Шығу тегі мен жастық шағы
Аймақтың тарихын құрайтын, қоғамның рухани жаңаруы мен демократиялануына үлес қосқан белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы зерттеуді талап етеді. Бұл тұлғалар қатарында республикаға және одан тыс жерлерге танымал қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлы Отан соғысының қатысушысы (1941-1945) және 1945 жылғы маусымдағы Жеңіс шеруіне қатысқан Нағи Ілиясов бар. Н.Ілиясов 1920 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданының №8 ауылында дүниеге келген.«Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі», – деп бекерге айтылмаған. Бар өмірін халқына арнап, қажырлы еңбекпен өткізген Нағи Ілиясов өз замандастарының құрметіне, алғысына ие болып қана қойған жоқ, артынан өшпестей өзіндік таңбасын, ізін қалдырды. Нағи өмірге келген күннен бастап қиындыққа мойымай, өмірдің ащысы мен тұщысын әбден татып өскен жан. Өмір кітабының беттері де біркелкі, майдан қыл суырғандай керемет болған жоқ. Талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Бірақ, «ақтың отын әбілет сөндірмеді».
Нағи Ілиясов – Ұлы Отан соғысында Совет Одағының Батыры атағын алған 500 қазақстандықтың бірі. Бұл атаққа қантөгіс соғыста от кешіп, қан түкіріп, қар төсеп, мұз жастанып жүріп жеткен. Соғыстан елге оралған соң батырлығын бетке ұстап, қол қусырып отырмай, білекті сыбанып қызу еңбекке араласып, халқына, еліне бейбіт күнде адал қызмет етті. Ардың да, қолдың да тазалығының арқасында, «бала кезінен еңбектің өмір заңы екенін..., бір үзім нан тер төгу арқылы табылатынын түсіну» арқылы Сыр өңіріндегі күйзеліс шеккен үш бірдей шаруашылықты аяғынан тік тұрғызып, алдыңғы қатарға қосты. Адал еңбегінің арқасында халықтың ризашылығына ие болды, еңбегі елеулі болып жоғары бағаланды. Ел ішінде біртуар батыр азаматтың амандығын тілегендер де аз болмады.
Қазір оған қойылған ескерткіш ретінде Нағи Ілиясов атында өркендеген ауыл бар. Кезінде Нағи ол ауылдың іргетасын өз қолымен қалап, қабырғасын көтерген. «Бейнет түбі – зейнет» деген осы.
Қазақта «Алты атадан кейін бір батыр шығады» деген сөз бар. Батырлық Нағиға да өзінен бұрын өмір сүрген бабаларынан дарыған деп айтуға болады. Совет Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың арғы аталары қазақ жеріне сұқ, көзін қадаған жоңғарларға қарсы күресте ерлік көрсетіп, есімдері аңызға айналған батырлар болған. Нағи Ілиясовтың шығу тегіне, түп тамырына көз жіберсек, Кіші жүздегі 12 ата Байұлының Жаппас – Танке – Қалқаман – Әзім – Есенбай – Сұлтанбай – Байбөрі – Баймұрат тармағынан тарайды.
Баймұрат батыр есімі халық арасында Байұлы бірлестігіндегі Алтын-Жаппас руының ұраны ретінде белгілі. Баймұрат батырдың тарих сахнасына көтеріліп, саяси белсенділігімен көзге түсуі XVIII ғасырдың бірінші жартысына сәйкес келеді. Бұл кезең қазақ халқының сыртқы жауларға қарсы күресімен ерекшеленеді. Шығыста жоңғарлар, батыста Еділ қалмақтары қазаққа айрықша қауіп төндірді. Міне, осы соғыста Баймұрат батыр ерен ерліктерімен көзге түсіп, баһадүр болмысымен танылды.
Шежіре бойынша Баймұраттан Қара, Өтек, Баяу, Байтүгел, Алан, Болат, Малбасар және Қоңыр деген балалары тарайды. Олар да әкелері секілді елдің саяси өміріне араласты. Әке бойындағы батырлық қасиет әсіресе Байтүгел, Қара және Алаң атты ұлдарына дарыған.
Ол кезде осы Сыр өлкесін қарақалпақтар билеп тұрған кез екен. Бірде қарақалпаққа қарсы жорыққа аттанарда рубасылар өздерінің ұрандарын айтып шығамыз деп ақылдасады. Соғыс басталған кезде ағасы Байтүгел батыр мен Алаң батыр әкесінің атын айтып, «Баймұрат, Баймұрат» деп ұрандап қарақалпақтарға қарсы шаба жөнеледі. Қарақалпақтар қазақтардың осы соққысынан Сыр бойынан қуылған екен. Кейбір деректер бойынша, қарақалпақтардың қашып бара жатқанда Сырды қимай, «жидесі балаларыңыздың азығы еді, бұзауымыздың қазығы еді» – деген сөзі содан қалған екен.
Алаң батырдан 2 бала туады: Маймақ, Сырбай. Маймақ өз заманында «Датқа» деген атаққа ие болып, ел басқарып, белсенділігімен көзге түскен.
Датқадан 3 бала: Әсіреп, Мүсілім, Жанахмет. Мүсілімнен 3 бала: Мүсіреп, Сүлеймен, Жәрімбет. Мүсірептен: Нұрмағанбет. Нұрмағанбеттен 1 бала: Мосқалбай. Жәрімбеттен 4 бала: Ахмет, Ілияс, Сұлтан, Аппаз.
Нұрмағанбет диқан кісі болған. Жәрімбет темір ұсталығын игереді. Темір ұстасы болып жүрген Жәрімбет өзі ойлап жолбарыс қақпан, атылатын мылтық соғып шығарады, бірнеше жолбарыс алады. Жәрімбет 1915 жылы 63 жасында қайтыс болады.
Ахметтен 2 бала: Тұрғанбек, Досмағанбет. Досмағанбет Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан. Смоленск облысында бауырластар зиратында жерленген. Тұрғанбек соғыс жылдары «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалімен наградталған.
Ілиястан 1920 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының бұрынғы «Қызыл коммуна» деп аталатын сегізінші ауылында Нағи дүниеге келеді. Нағидың балалық шағы шым-шытырық асыра сілтеу саясаты аса ауыр қиындықтар туғызған заман еді. Бұл кезде қазақ ауылын жаппай ұжымдастыру ісі басталады да, сүттей ұйыған дала тіршілігі әрекет аралағандай ауыр күйзеліске ұшырайды. Сол жылдары жеке меншіктің малы ортаға түсіп, пішен-шөптің жоқтығынан жаппай қырылып қалады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, бұл нәубетке қоса сұмдық қуаңшылық келіп килігеді. Тарихқа «Голощекин қырғыны» деген атпен енген ұлы жұт әлегінен үлкен босқындық туындайды. Ата-ана баладан, аға ініден айырылады, бала әке-шешесіз қалады. Осы жылдары Нағидың әкесі Ілияс та дүниеден өтеді. Көзін алған көбелектей ана бауырында 1 жас пен 11 жас аралығындағы алты бала қалады. Олардың ең үлкені Нағи болғандықтан, отбасында отырып аштан өлмеудің қамымен Шіркейлі бойындағы ауылы «Қызыл коммуна» колхозынан шығып, 20 шақырымдай қашықтықтағы қалаға келеді. Жан саулап жүріп Арыс станциясына жетіп, бір бейтаныс мейірімді адамның жәрдемімен балалар үйіне орналасады. Бұл балалар үйінің жағдайы да мақтанарлық емес еді. Ондағы балалар арасында жоқшылықтан мұқтаж болып, мүсәпірлік дәрежесіне дейін жеткендері де бар еді.
Нағи Ілиясов 1933 жылы, әкесі қайтыс болғаннан кейін «Арыс» станциясындағы Қазақстандағы алғашқы балалар үйінің бірінде (қазіргі Ә.Тәжібаев атындағы №1 балалар үйі) тәрбиеленеді. Нағи Ілиясов, Бейсен Оңтаев, Берген Исаханов, Иван Журба, Садық Исмайлов сынды Кеңес Одағының бес Батыры және Социалистік Еңбек Ерлері Әуесхан Салықбаев, Абдуали Балғынбеков, Боранбек Шүкірбек, Сырлыбек Байжанов, Көпжан Мұхамеджанов сынды азаматтар, сонымен қатар жазушы-сатирик Садықбек Адамбеков, жазушы-драматург Дулат Исабеков, Қазақстанның халық әртісі, әнші Нұржамал Үсенбаева – осы балалар үйінің түлектері. Содан кейін Н.Ілиясов Ташкенттегі №5 балалар үйінде тәрбиеленіп, орта мектепті сонда бітіріп шықты.
Бір күні Нағи балалар үйінен қашуды ойлап «Арыс» станциясына шығады. Әрине, бұл балалықтың балаң ойсыздығының нәтижесі еді. Сол жерде ойда жоқта жақын туысы Шәді баласы Әлжан қартқа, оның жұбайы Анаркүл әжеге, ауылдасы Жоңқабай Айтуғанұлына кез болады. Олар Нағиды Ташкентке әкеледі.
Кездескен ағайын Әлжан қарттың баласы Тәпен Әлжанов Ташкенттегі қазақ педагогикалық училищесінде мұғалім екен. Ал Жоңқабай болса осы училищеде оқиды екен. Елде қиыншылық жағдайда қалған, әрі науқас, әрі жол білмейтін әке-шешесін Тәпен Жоңқабайды жіберіп Ташкентке алдырған көрінеді. Ташкентке келгесін Тәпен Нағидың қасына Жоңқабайды қосып немере ағасы Ибадулла Нұрмағамбетовтің үйіне жеткіздіреді. Ибадулла Нағиды №5 балалар үйіне орналастырады.
Нағидың бақытты өмір жолы осы Ташкенттегі №5 балалар үйінен басталады. Балалар үйі өзбектің Мұсабек деген ірі байының жерінде, үлкен жеміс бауы бар, ортасына арша, гүлдер егілген, әрі биік, әрі әсем, бір-бірінен дуал арқылы жалғасқан көлемді екі ауланы жағалай төрт бұрыштап салған, көптеген кең бөлмелі әдемі үйлерге орналасқан екен. Балаларға білім берумен қатар тәрбие де алға қойылған болатын. Балалар үйінде қатаң темір тәртіп пен пәрменді тәлім-тәрбие өте күшті болады. Нағи 4 жыл бойы 24 баламен бірге үрмелі аспаптар оркестрінде ойнайды. Балалар үйінде балаларға егін, көкөніс, бақша, картоп, дақылдарын ектіріп, жеміс бауын күттіріп, үнемі еңбекке баулып, өздерінің еңбегінің жемісімен асырайды.
Мектепті бітірген соң, 1936-1939 жылдар аралығында Нағи Орта Азия университетінің жұмысшылар факультетін, сонан соң педагогикалық училищені бітіріп, бір жыл Ташкентте жұмыс істейді. 1940 жылы кешегі жан сауғалап кеткен жетім бала елге салауатты ұстаз болып оралады.
Нағидың Отанының патриоты болып қалыптасуына шарапаты мол қасиетті орда – осы №5 балалар үйі себеп болса, азаматтық қасиеттерінің дамуына сол замандағы бүкіл Қазақстан мен Орта Азияда бірден-бір мәдениет және білім орталығы Ташкентте оқып, өскендігі арқау болды. Нағи осы үлкен қалада зиялы азаматтар, парасатты ой иелерімен де, бірқатар революция және азамат соғысының, сол секілді партия ардагерлерімен де жиі кездесіп, олардың мазмұнды әңгімелерін жиі тыңдап тәлім-тәрбие алатын. Ташкентте өмір сүрген кезең Нағидың ой-өрісінің кеңейіп, салауатты азамат болуына ерекше ықпал жасады.
Дүрбелең қиын-қыстау заманда аштық ажалынан аман қалып, салауатты ұстаз болып елге оралуын Нағи тағдыр сыйлаған бірінші өмірі әрі бірінші бақытым деп аса бағалап өтті.
Бегім-Мұрат ІЛИЯСОВ, Данияр ШАЛҚАРОВ
(«Ерлікке толы ғұмыр» кітабынан)











