Алтын бесік
Сырдария өзенінің бойында орналасқан Нағи Ілиясов ауылы – Сырдария ауданының рухани және тарихи елді мекеннің бірі. Бұл ауылдың атауы елге белгілі қайраткер Нағи Ілиясовтың есімімен аталған. Тарихы бай, мәдениеті терең ауыл тұрғындарының өмірі ата-бабадан қалған дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін көрсетеді.
Жалпы Нағи Ілиясов ауылы өзінің бастауын ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан алады. Бұл өңір ежелден егіншілік пен мал шаруашылығына қолайлы болғандықтан, ауыл шаруашылығы қарқынды дамиды. Сыр өңірінің тұрғындары өзен суын тиімді пайдаланып, егін егуді ертеден игерген. Кейінірек ауылдың Нағи Ілиясов есімімен аталуы жергілікті халықтың оның еңбегін құрметтегенінің белгісі саналады.
Шын мәнінде, Нағи Ілиясов ауылы ұлттық мәдениеттің үлгісі болып табылады. Ауыл тұрғындары қазақ халқының салт-дәстүрін ұқыптылықпен сақтап келеді. Мәселен, көптеген ұлттық мереке ата-баба дәстүріне сай, ауылда ерекше салтанатпен атап өтіледі. Атаулы мерекеде киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленеді. Қазақтың баға жетпес өнері ауылдың мәдени өмірінде ерекше орын алады. Тұрғындар арасында күй өнерін жалғастырушылар мен халық әндерін орындаушылар жиі кездеседі. Елді мекенде әрбір қолөнер шебері киіз басу, кілем тоқу, ағаш ұсталығы секілді мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде.
Нағи Ілиясов ауылының рухани өмірі ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағынан көрінеді. Ауылдың үлкендері жастарға өнеге көрсетіп, ұлттық тәрбиенің маңыздылығын ұғындырады. Түймебай Айтбаев атындағы орта мектепте шағын мұражай жұмыс жасайды. Мұражайда ауылдың тарихы мен танымал тұлғалары туралы деректер жинақталған. Нағи Ілиясов ауылы – Қызылорда облысының тарихи және мәдени мұраларын сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізетін ерекше елді мекен. Ауылдың бай тарихы мен мәдениеті тек жергілікті халық үшін ғана емес, бүкіл ел үшін құнды. Бұл ауылдың тұрғындары ата-баба мұрасын сақтап қана қоймай, оны жаңашылдықпен үйлестіріп, ел дамуына үлес қосып келеді.
Гүлсезім РЫСДӘУЛЕТОВА,
№132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің оқушысы,
Н.Ілиясов ауылы