Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№64 газет

25 тамыз 2026 ж.

№63 газет

22 тамыз 2026 ж.

№62 газет

18 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Той қазына ма?

Той қазына ма?

«Той – халықтың қазынасы» деген қанатты сөз қазақ халқының дәстүрін, даңқын, ұлттық құндылығын ұлықтап, кеңшілік пен дархан көңілінен көрініс беріп тұрғандай. Бұрындары қазақтың үлкен тойлары даланың сәнді сахнасы секілді болғаны рас. Иә, ол заманды біз де өз көзімізбен көрген жоқпыз. Десек те тарихтан толғау тартқан қазақ тойларының көрінісі ерекше болғаны белгілі.

Ақ қанат киіз үй, ауылдың сән-салтанаты, жастардың ойын-сауығы, түрлі салт-жоралғы көрініс беріп жататын көркем әдебиеттегі той тақырыбын суреттеуіне қарап-ақ сол дәуірге бір сәт сапар шегіп қайтқың келеді. Тамылжыған табиғаты мен бір-бірін көптен көрмеген жандардың той үстінде табысып, шұрқырасып жататын көрініс те жиі кездеседі. Ат жарыс, көкпар, қыз қуу, күрес, ақындар айтысы секілді халықтың тұтас өнері мен болмысы тойдан көрініс тауып, ерекшелігін айқындап жататын. Осындайға қарап сол кезде «Той – қазына» деп түйсе керек.

Өкінішке қарай, халқымыз аса мән берген той өткізу өнерінің бағыты бүгінде біршама өзгеріске ұшырағандай. Лайым, той болсын, жақсылық болсын, той тойлаған халық көңілі жай болса, одан асқан не қазына керек?! Бірақ қазақ тойының бүгінде даңғаза мен дарақылыққа, ысырапшылдыққа толып бара жатқаны көңілді қынжылтады. Тойдың сәні де, мәні де қашып барады. Қазына ма, әлде қарызға бату ма дейсің кейде.

Ең негізгілерін ғана айтқан күннің өзінде, тойхана, дастарқан, әнші-биші, тойтабақ, құдаларға кит-мит бар, сыйлы қонаққа шапаны бар, ырыңы мен жырыңы, ырымы мен жоралғысы көп. Кейінгі кезде сырттан көргеніне елітіп яки ойдан небір «дәстүрді» шығарып жатқандар бар. Бай білгенін істейді, кедей соған жетемін деп жығылады. Несін айтасыз, қазіргі тойдың «сән-салтанатын» өзіңіз де білесіз.

Тойдың сали­қалы, салмақты яки ыру-дырумен өтуі той басқарған асабаға тікелей қатысты. Асабалар «қазір халықты таңқалдыру қиын» деген желеумен небір құйтұрқыны ойлап табады. Ойын ойнатады, билетеді, ән айтқызады, көптің алдына шығарып жарыс­тырады. Жалпы, көзге түрпідей көрінетін көрініс көп.

Тойға қазір көпшілік «амалдың жоғынан» баратын жағдайға жетті расында. Бірі таныс, бірі тамыр, бірі сыйлас, бірі құрметті адам... Және тойға барсаң құрқол бармайсың. Жақындығы мен сыйлылығына қарай өсе беретін тойананы қалтаңа сала барасың. Кейде ол кейбіреудің айлығының жартысына теңеседі. «Өзімізге әкелді, қайтару керек» дейді. Жарайды, сый да, сияпат та жақсы. Десе де қазір қыз жасауы, дүние мүлкі, құдаларға арналған сый-сияпаттың түрі өте көп, қарапайым отбасының шашы жете бермейтін «беру керек» пен «ұят боладының» жеті атасы бар. Және оның бәрі кәдеге асатын дүние емес. Бірақ беру керек, ұят болады.

Жоғарыда бұрынғының тойы туралы «бір-бірін көптен көрмеген жандар той үстінде табысады» деп бекер айтқан жоқпыз. Қазір байланыс жүйелі жолға қойылған. Алыстағымен де, жақындағымен де, қажет болса, күнделікті байланысасың, сөйлесесің, тіпті көрісесің. Күнде қасыңда жүргендей күйде боласың. Бұрындары той-жиын басқосудың басты себебі болып, көптен ұшыраспаған халық бір-бірін көріп, арқа-жарқа болатын болған. Тойды қазынаға айналдыратын да осы ықылас, ниет болса керек.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы берген сұхбатында «Той қуалайтын заман емес, ой қуалайтын заман» деп нақты ұстанымын айтқан еді. «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек» деуі – нағыз парасатты пайым. Естір құлақ болса...

Тойдың болғаны жақсы. Әйтсе де кейінгі қазақ тойы қазынадан гөрі қарызға батудың негізгі себебіне, сондай-ақ құр даңғазаға айналып бара жатқаны рас. Бұл ретте, дәстүрлі қазақ тойларының тәрбиелік мәнін еске түсіру керек сияқты. Той өткізу бір жолға, ортақ жүйеге түссе, құп...

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөз
25 тамыз 2026 ж. 51 0