Еңбек адамына құрмет – елге үлгі
Еңбек адамын ардақтау, ұзақ жылдар бойы ел игілігі жолында маңдай терін төккен жандарға құрмет көрсету – кейінгі ұрпаққа өнеге болатын игі дәстүр. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен ардагерлер мен елдің қоғамдық өміріне белсене араласқан ардақты аналарға көрсетілген құрметтің орны бөлек. «Қызылдихан» шаруа қожалығының басшылығы шаруашылықта сан жыл еңбек еткен сала ардагерлері мен ауылдың бірнеше абзал анасына арнайы демалыс ұйымдастырып, Жаңақорған ауданындағы шипажайға жолдама берді. Шаруашылық қаражаты есебінен жүзеге асқан жеті күндік демалыс еңбек адамы үшін үлкен тарту болды.Шаруашылықта 30-40 жыл бойы еңбек етіп, ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосқан алты ардагер арнайы құрметке ие болды. Олардың арасында ұзақ жыл бойы егін алқабында маңдай терімен еңбек еткен, шаруашылықтың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан жандар бар. Ауылдың әр саласында еңбек еткен төрт ардақты анаға да шипажайда тынығып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік жасалды. «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев бұл бастаманың еңбек адамын бағалауға бағытталғанын атап өтті.
– Ауыл шаруашылығы – тынымсыз еңбекті талап ететін сала. Шаруашылықтың бүгінгі жетістігінің артында талай жыл бойы аянбай еңбек еткен көптеген азаматтың еңбегі жатыр. Осы кісілердің маңдай тері, тәжірибесі мен адалдығы кейінгі буынға үлкен үлгі. Біз еңбек ардагерлерін әрдайым құрмет тұтамыз. Шаруашылықта 30-40 жыл еңбек еткен алты ардагеріміз бен ауылдың әр саласында абыройлы қызмет атқарған төрт ардақты анамызға жеті күндік шипажай демалысын сыйлауды құп көрдік. Бұл бастаманы жүзеге асыруға инвесторымыз Бақдәулет Мақашовтың қолдауы ерекше болды. Ауыл азаматтарына осындай қуаныш сыйлау – біз үшін үлкен мәртебе. Қариялардың денсаулығына көңіл бөліп, еңбегін бағалау – азаматтық парызымыз. Бұл демалыс ардагерлерімізге жақсы көңіл күй сыйлап, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік берді деп ойлаймын. Алдағы уақытта да еңбек адамдарына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев.
Шипажайда демалып қайтқан ардагерлер де өз ризашылықтарын білдірді. Білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагер Ләззат Палымбетова үшін бұл демалыс ерекше әсер қалдырған.
– Бізге осындай мүмкіндік жасаған «Қызылдихан» шаруа қожалығының басшылығына алғысымыз шексіз. Жеті күн бойы Жаңақорған ауданындағы шипажайда демалып, денсаулығымызды түзеп қайттық. Шипажайдағы ем-шарасының пайдасы мол болды. Дәрігерлердің кеңесін алып, түрлі ем қабылдап, тынығып қалдық. Еңбек еткен жылдарымыздың осылай еленіп, құрмет көрсетілгені біз үшін үлкен қуаныш. Диқандардың тынымсыз еңбегінің арқасында елге осындай игіліктер жасалып отырғанын жақсы білеміз. Жердің берекесін арттырып, мол өнім алуға күш салып жүрген шаруа қауымына ризамыз. Бізге көрсетілген бұл құрмет – ауылдағы еңбек адамдарына деген сыйластықтың белгісі. Шаруашылықтың жұмысына береке, диқандарға мол өнім тілеймін, – деді білім саласының ардагері Ләззат Палымбетова.
Бүгінде «Қызылдихан» шаруа қожалығы егін шаруашылығын дамытып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Шаруашылықтың егіс алқабында биыл 600 гектар жерге күріш егілді. Күрішпен бірге 148 гектар аумақта жаңа жоңышқа, 144 гектар жерде ескі жоңышқа өсірілуде. Ауыл шаруашылығы жұмыстарының жүйелі жүргізілуі шаруашылықтың өндірістік әлеуетін арттырып отыр.
Осы уақытта шаруашылықта 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ететін маңызды көрсеткішке аса мән берген абзал. Тұрақты табысқа ие азаматтар отбасын асырап, елді мекеннің экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Егін даласындағы жұмыс қызу. Диқан қауымы күріштің бітік шығуы үшін барлық агротехникалық іс-шараны уақытылы атқарып, алдағы орақ науқанына дайындықты пысықтауда. Жердің жағдайын бақылау, егістікті күтіп-баптау, техниканы әзірлеу жұмысы шаруашылық маманының жіті назарында.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










