Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мектепке жол» – айрықша қолдау

«Мектепке жол» – айрықша қолдау

1 тамыз бен 30 қыркүйек ара­сында елімізде «Мектепке жол» акциясы өтуде. Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қуаныш сыйлауды мақсат ететін республикалық акцияға үн қосушылар қатары баршылық. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитетінің ұйымдастыруымен білім саласында қызмет ететін көпбалалы, аз қамтылған қызметкерлердің балаларына мектеп құралдары толтырылған сөмке табысталды. Іс-шараға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Алмас Есназар, аудандық білім бөлімінің бас маманы Жанар Бекайдарова арнайы қатысты.

– Республикалық акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Акцияның негізгі мақсаты – балалардың жаңа оқу жылына дайындығын қолдау болып табылады. Әрбір жанашыр азаматтың қолдауы – баланың әлеуметтік себепке байланысты мектепке бармауының алдын алып, оқушының сапалы білім алуына маңызды үлес. Кішігірім көмек бір отбасы үшін үлкен қуаныш сыйлауы мүмкін. Бір баланың қуанышы – баршамыздың ортақ қуанышымыз. Сондықтан аталған жұмысқа жұмылуға шақырамын, – деді Алмас Зейноллаұлы.

Акция аясында барлығы 80 балаға мектеп құрал-жабдықтарға салынған сөмке табысталды. Жекелеген мектеп пен балабақшаның кәсіподақ ұйымының төрағасы жиынға қатысып, мектеп құралын түгелдеп алды. Өз кезегінде сөмкелерді тізім бойынша тиісті азаматтарға үлестіретін болады.

Енді бір жетіден кейін жаңа оқу жылы бас­талады. Айта кетейік, ауданда білім ошақтары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңа оқу жылына сақадай сай. Аудан бойынша 2026-2027 оқу жылында барлығы 8065 оқушы оқиды, оның ішінде 1-сыныпқа 754 оқушы қабылданады.

«Тт» ақпарат
25 тамыз 2026 ж. 29 0