Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№64 газет

25 тамыз 2026 ж.

№63 газет

22 тамыз 2026 ж.

№62 газет

18 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Ташкент шаһарына саяхат

Ташкент шаһарына саяхат

Жыл сайынғы еңбек демалысын сәтті ұйымдастыру кімнің де болса арманы. Әсіресе, шығармашыл адамның бір сәтке демалыс алғаны рухани дамуға әрі ой сергітуге тамаша мүмкіндік. Биылғы демалыста Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына саяхаттап, аз-кем уақыт өткізуді отбасымызбен әуелден жоспарлап қойғанбыз. Бұған себеп – шет ел аспасақ та, Қазақстанға ең жақын орналасқан өзбек елін көру, мәдениетін тану.

Саяхатқа аттанатын күн де келіп жетті. Алдымен оңтүстіктегі көршілес жатқан қала Шымкент қаласына барып, одан әрі «таксимен» Сарығаш ауданына қарасты «Қапланбек» кеденіне жеттік. Тәулік бойы екі елдің арасына адам мен көлікті өткізумен айналасытын кеден қызметкерлерінің жұмысы қауырт. Әп-сәтте құжаттарымызды тексеріп, қазақ елімен шекаралас жатқан өзбек ағайынның бас қаласына да өттік. Күннің 50 градус ыстығына қарамастан өзбек ағалар, такси жүргізушілері қаумалап күтіп алып, сұраған пұлын берсең, аяғыңды жерге тигізбей діттеген жеріңе апарып тастайтынын айтып әлек. Біз күткеніміздей сұраған пұл ойымыздағыдан да бірнеше есе асып түсті. Алдын ала тапсырыс берген көлігімізді күтіп, тиімді бағамен қонақ үйімізге де жетіп алдық. Қазір қолыңдағы ұялы телефоныңда барлық бағдарламаның болғаны қандай жақсы деп осы жерде бір демімізді алдық.


Міне, кеденнен көлікке мініп, жарты сағаттай қаланың кең көшелерімен жүріп, шағын қонақ үйге қарай зулап барамыз. Айналамызға қарап, қызығушылығымыз такси көлігінен-ақ басталды. Такси жүргізушісі бағдарлаушы тілін орыс тілінде пайдаланады екен. Жалпы Ташкент тұрғындарының дені орыс тілін жақсы біліп, түсініп, осы тілде сөйлеп, сырттан келгендермен орысша шүйіркелеседі екен. Көшеде әрі-бері ағылған ақ түсті автокөлікке назарымыз түсті. Оның үстіне осы елден шығатын көлік маркаларын тізгіндегендердің қатары қалың. Шетелдік көлікті міну өзбек ағайындары үшін тиімсіз немесе бағасы көптің қалтасы көтермейтінін білдік. Көліктегі әуеннің тек өзбек тілінде екеніне де таңқалмасқа болмады. Міне, нағыз патриот халық деп қаласыз. Бірақ, шаһардың көптеген ғимараттарының сыртқы келбетіндегі жарнамалар мен атаулар орыс тілінде жазулы тұрғанына қарап, алпауыт елдің екпіні бұл елде басылмапты деген ойға қаласыз.

Бізді қонақ үйде қарсы алған өзбек жігіті бөлмеміздің кілтін беріп, «жақсы демалыс болсын» деген тілегін де орысшалап жеткізді. Қазақстаннан келгенімізді айтқанымызда ресепшнге қойылған символикалық тулардың ішінен қазақ елінің туын көрсеткенде, риза болдық. Бұл қонақ үй иесінің қонақтарға деген құрметі болуы керек. Алдын ала тапсырыс қабылдағанда қай елден екеніңді біліп, сол елдің туын алдырып, әзірлеп қоятын көрінеді.

Ешқандай турсыз, өз жолымызбен саяхатқа келгенімізге әуелде қорқыныш болғанымен, өзбек ағайындардың қонақжайлығын көріп, Ташкенттегі көпшілік баратын жерлерді ғаламтордан іздей бастадық. Ең алдымен тамақтану үшін атақты «Беш қазан» палау орталығын көруге асықтық.

Ташкент телемұнарасының жанында орнласқан «Беш қазан» ең ірі мейрамханалардың қатарында. Онда күн сайын 10 тоннаға дейін палау дайындалады. Ұлттық тағам дайындалатын ашық аспан астында орналасқан ең үлкен бес қазанды көргенде, аспазшылардың шеберлігіне тәнті боласың. Ауқымы атшаптырым мейрамхананың бірнеше тамақтану орны бар екен. Бізге ұнағаны ашық аспан астындағы орындар болды. Палаудың бірнеше түрін ұсынған даяшылардың ұсынысына ден қойып, той палауына тапсырыс бердік. Даяшылардың жылдам қызмет етуінің арқасында он минуттың ішінде тапсырысымыз да келді. Палау, «Ачичук» салаты, тандыр нан, тандыр самса және көк шәй кешкі ас мәзіріміз болды. Бір байқағанымыз мұнда тек туристер емес, жергілікті тұрғындар да көптеп келеді екен. Бағасы да тиімді, шынында, палаудың дәмі тіл үйіреді.

Кешкі серуеніміз қаладағы керемет «Disney Land» ойын-сауық саябағында жалғасты. Ондағы билейтін субұрқақтың әсем әуеніне қосылып, билеп, ерекше есте қаларлық күнді өткіздік.
Саяхатымыздың келесі күні «Ташкент сити», «Жұлдыздар музейі», «Чорсу» базары, т.б көптеген ғажайып жер бұл қаланың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетіндей.

Өзбекстанға барғанда, кез келген турист үшін міндетті іс болып саналатын Төле би кесенесіне барып, Александр Македонскийдің ағашының астында отыру бақыты бізге де бұйырды. Қазақ халқының қара қылды қақ жарған әділ биі Төле би Әлібекұлы Шейхантаур кесенесінде жерленген. Кесене XIV ғасырда өмір сүрген қасиетті шейх Ховенди Тахурдың мемориалдық кешеніне жатады және үш ғимараттан тұрады. Алдымен бидің шәкірті жерленген кесенеге кіріп, құран бағыштадық. Содан соң Төле би мазарына барып, рухына тағзым еттік.

Төле би кесенесінің ғимараты пирамидаға ұқсас ерекше күмбезі бар тікбұрышты екен. Құрылыстың қасбеті іс жүзінде қапталмаған, күмбездің тұсында XV ғасырдың төбесінен сүңгі түрінде салбырап тұратын әк тұнба сақталған.

Шейхантаур кесенесінің ішінде биік қураған ағаш бар, ол күмбезге дейін тіреледі. Кесене қараушысының айтуынша, бұл ағаш Ескендір Александр Макендонскийдің сауыры деп аталады. Ол Александр Македонский Орталық Азияға барған кезінде еккен 48 саурдан (арша қылқанының түрі) қалған жалғыз дана екен.
Қараушының айтуынша, егер ағашқа жақын барсаңыз жағымды майлы жұпар иісті сезесіз. Шыныменде қураған діңгектен жұпар иісі әлі де шығып тұр. Тарихқа сенсек, бұл ағаштың жасы 1500 жылдан асып кеткен.

Шейхантаур мемориалды кешені шын мәнінде қазіргі Ташкенттің қасиетті мекені болып табылады және әлемнің әр түкпірінен туристер мен зиярат етушілер ғана емес, сондай-ақ мұнда жағымды энергия мен өмірлік рухпен қуат алуға жергілікті тұрғындар да жиі келеді. Бұл жердің тыныш әрі жайлы атмосферасы ешкімді де бей-жай қалдырмайды.

Ташкент қаласына үш күндік сапар біздің отбасымыз үшін керемет естелік боп қалды. Алып шаһардың тыныс тіршілігін бір сәт сезініп, өзбек ағайындардың мәдениетімен танысып, шын мәнінде рухани демалыс болды.


Бибісара ЖАНӘЛІ,
Тереңөзек -Ташкент-Тереңөзек
25 тамыз 2026 ж. 29 0