Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТ КЕЛЕШЕГІ – ДӘСТҮРЛІ ТӘРБИЕ

ҰЛТ КЕЛЕШЕГІ – ДӘСТҮРЛІ ТӘРБИЕ


Тамыры тереңнен өріс алған халқымыздың ғасырдан ғасырға үзбей жалғасып келе жатқан қазына-мұраларының бірі – салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпы. Ұлттың болмысы, тіршілік ету тәлімін, рухани өрісін, танымы мен нанымын жалпақ әлемге жайып, өзін-өзі көрсететін әрі танытатын да біздің ұлттық мәдениет. Талай ұрпақтардың керуен көшін артқа тастап, замана запыранын бірге жұтысқан тарлан тарихымыздың өн-бойынан өшпей, керісінше, қанат жайып, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қазыналарымыз өзінің жасампаздығымен ерекшеленеді. Бояуы қанық ұлттық дәстүріміз бен рухани мәдениетімізді өркендетіп, жалғастыру келелі ұрпақтың парызы болмақ.
Қазақ халқының дамуында, қалыптасуында осы ұлттық дәстүріміз бен рухани мәдениетіміз идеологияның негізі болып табылады. Әсіресе, ұлттық идеологияның барлығына тән нәрсе – бала тәрбиесі, соның ішінде қыз тәрбиесі. Ұлттық дәстүр мен салтымыз халықтың үлкен тәрбиелік мәні бар, жолы өрісті, бірі мен бірі жалғасып жататын идеологиясын құрайды.
Қазақ халқының сан ғасыр қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының көнесін жаңарта дамытып, ұл-қызымыздың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті.
Қыз баланың бойында ұлттық психологияны қалыптастыру керек және бүгінгі қыздардан да осы жақсы мінездің көрінестерін іздейміз.
Қазақтың өткен тарихында қателіктер аз болған жоқ. Кеңес үкіметі кезеңі ерлер мен әйелдерді теңестірді, әйелдердің оқуына, қоғамдық істерге араласуына жол ашты. Бәрі де дұрыс. Қоғамнан өз орнын тапқан, үйде де, түзде де сыйлы апа-қарындастарымыз құдайға шүкір, баршылық. Бірақ осыны пайдаланып, үйді ойламай, түзді ойлаумен жүріп, ошақ иесі рөлін әлсіретіп алған әйелдер де жеткілікті. Осындай әйелдердің қыздары да осы жолмен жүре бастады. Тәуелсіз ел болып, ұлттық қазынаны жинастыра бастағанда ұлттық дәстүрді аяқасты етуге жол беруге болмайды. Олар өзімен кетпей, ұрпаққа әсерін тигізіп жатыр. Қыздардың болашақта отбасын құруға дайын еместігі, адалдығын сақтамай, жетім, тастанды балаларды көбейтіп жатқаны жасырын емес. Иә, ұлтымыздың дәстүріне жат қылықтар, әке-шешесін сыйламау, дүниеқұмарлық, тек қана өзін күйттеп, сырт жұртқа еліктеген жастарымыздың көбейіп бара жатқаны қатты ойлантады. Соның үлкен бір көрінісі – қазіргі біздегі эстрада музыкасы. Бұлай дейтініміз, осы күні қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан әуенін, классикалық өнерін әлсіретіп, кеудесін, кіндігін ашып киінетін, етегі жырым-жырым әртістер сахнадан жиі көрінетін болды. Сахнадағы осы бір жағымсыз көрініс бүкіл қазақ жастарын еліктіріп барады. Осыны басқарып жүрген орта буындағы азаматтардың өзі халықтың әдет-ғұрпын, дәстүрін, елдің көкейкесті ойын түсінбейді. Сондықтан жоғала қоймаған ұлттық дәстүріміздегі жақсы мінез-құлықты, отбасының бірлігі мен ағайынның тұтастығы үшін қызмет ететін ақылгөй аналарды дәріптей отырып, қыз балаға тәлімді тәрбие берілуі керек. Жасыратыны жоқ, өтпелі кезеңде әйелдер тамақ табу үшін сауда жасауға шығып, отбасының бірлігі де бала тәрбиесі де ананың ойынан да, назарынан да тыс қалды. Бұған уақыт, Қазақстандағы уақытша экономикалық дағдырыс кінәлі дейміз. Десе де, қандай заман болмасын ақ жаулықты аналар ар-намысты, ұятты әр кез биік санаған. Соның нәтижесінде ұлттың ұйытқысы болып, қазақ қызының мәртебесі қашанда жоғары болған.
Рухани байлық – ұлттың тірегі, мемлекеттің тірегі, елдің қалыптасуының тірегі. Қазақ қыздарын сонау атам заманнан қалыптасып келе жатқан дәстүрді бойына сіңіріп, ұттық рухпен сусындатуымыз керек. Рухани сусындамаған жерде тұрақтылық, сезімталдық болмайды. Болашақ аналардың бойына рухани байлықты тәрбие арқылы сіңіруіміз керек. Қазақ қыздарының сымбатты ақындар жырлаған «бота көз», «қиғаш қас», «алма мойын», «қыпша бел» – осының барлығы қыздарға берілетін рухани азық болуы керек. Қыздың сұлулығы, оның көркем мінезі арқылы болашақ ұрпақтың бойына ары таза қазақ қызы дәріптелуі тиіс.
Төбемізден төнген қара бұлтқа қарсы күресу үшін жастарымызды ұлтжандылыққа, ұлттық құндылыққа, ана тілін, халқын сүюге, туған жерін сүюге ұран салып шақырғанымыз жөн. Мемлекеттің ертеңі – бүгінгі жастың қолында, сондықтан жастарымызды қазақы ұлттық патриотизм тұрғысында тәрбиелеп өссе ғана қазақ елінің мәртебесі артатыны сөзсіз.

Е.БЕРКІНБАЕВ

15 қаңтар 2019 ж. 1 632 0