Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№27 газет

14 сәуір 2026 ж.

№26 газет

11 сәуір 2026 ж.

№ 25 газет

07 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » Айтыс өнерінің айбыны – «Жырдария»

Айтыс өнерінің айбыны – «Жырдария»

Қазақ халқының рухани мұрасында айтыс өнерінің орны ерекше. Бұл – сөз бен ойдың, тапқырлық пен шешендіктің, білім мен біліктің сынға түсетін сахнасы. Айтыс – тек өнер емес, ол халықтың шежіресі, заманның айнасы. Ал осы өнерді бүгінге жеткізіп, жалғастырып келе жатқан айтыскер ақындар – кешегі сүлейлердің заңды мұрагерлері. Әрине, Сыр өңірінен, оның ішінде Сырдариядан талай ақын шығып, айтыс өнеріне кәнігі машықтанған. Соның бірі – республикалық, халықаралық деңгейдегі айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Серпер» сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ҚР Құрмет грамотасының иегері – Нұрмат Мансұр. Жерлесіміздің жақында «Жырдария» атты кітабы жарық көріп, қалың оқырманға жол тартты.

«Жырдария» кітабы 376 беттен тұрады. Алқа төрағасы әрі жоба қолдаушысы аудан әкімі Берік Сәрменбаев екенін айта кетейік. Өз кезегінде аудан басшысы «Сырдария – дарынды ақындар мекені» тақырыбында кітаптың алғы сөзін жазып, айтыс өнерінің қазақ ұлты үшін маңыздылығын кеңінен айтып өткен.

– Қазақ халқының төл өнері саналатын айтыс – бұл тек қана сөз сайысы емес, ақындардың ақыл-парасатын, елге деген сүйіспеншілігін, әділдік пен шындықты ту еткен ұлы өнердің көрінісі. Сонысымен де қазақ айтысы – халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, тіл байлығын, ар-намысын жырмен жеткізетін киелі мұра. Суырыпсалма ақындарымыз елдің мұңын, халқының қуанышын, қоғамдағы түйткілді мәселелерді дөп басып, көрерменнің көңілінен шығады. Бұл – сөз құдіретінің айғағы. Жырдың елі саналатын Сыр елі – көптеген дарынды айтыскер ақындарымен танылған өңір. Мүтәлап Қыраубаев, Манап Көкенов, Әбілхан Маханов, Қали Шыңғысов секілді дарындар Сыр бойындағы дәстүрлі айтыс мектебінің негізін қаласа, сырдариялық Замаддин Ибадуллаев ұлттық өнерге леп берген ақтаңгер ақын. Сондықтан Сыр елінде, оның ішінде Сырдария ауданында айтыс өнерінің шоқтығы биік. Негізі ХІХ ғасырдағы қазақ халқының айтыс өнерін қозғағанда, оның шыңындағы сырдариялық ақынымыз Ұлбике Жанкелдіқызын бөліп айтамыз. Өйткені қамшының сабындай ғана ғұмырында артына өшпестей мұра қалдырған әйгілі қайым айтыстың нақ үлгісін көрсетіп, дарынымен көпті тәнті ете білген, – деген Берік Әбдіғаппарұлы ұлт өнерінің мән-мағынасын тереңнен айшықтай білген.

«Халықсың өнерге бай, өлеңге бай,
Парасатың жоғары, өрең де бай.
Сырдария осында жеткен өзен,
Жырдария боп ағады төмен қарай», – деп айтыс­кер ақын Бекарыс Шойбеков жырлағандай, кітап екі бөлімнен тұрады. «Санада сөзім қалсын сәулеленіп», «Қос ішек пен қызыл тіл қосылғанда» деген бөлімде республикаға танымал ақындардың айтыстары жинақталып берілген. Ал Сырдария ауданынан шыққан ақындардың өмір жолы, шығармашылық жетістіктері жайында қысқаша мәлімет жинақталған бөлімде Күдеріқожа Көшекұлынан бастап Ұлбике Жанкелдіқызы, Таспақожа Көшекұлы, Асқар Тоқмағамбетов, Замаддин Ибадуллаев, Мамыр Бәйдәулетов, Нұрмат Мансұр, Мұхаммеджан Мансұр, Ерасыл Бәйментаев, Нұрахмет Мансұров қамтылған.

Кітаптың ақылдастар алқасының құрамында аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Тайманов, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет саласының майталманы Алмагүл Бақтиярова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сансызбай Сәдуақасов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев бар.

– Айтыскер ақынның басты қаруы – сөз. Ол қарсыласын тек уәжбен, дәлелмен, тапқырлықпен жеңеді. Сондықтан айтыскерге терең білім, кең дүниетаным, ұшқыр ой қажет. Нағыз ақын халықтың көңілінен шығып, елдің сүйіспеншілігіне бөленеді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сүлейлерден жеткен аманат – айтысты сақтау ғана емес, оны дамыту. Бүгінгі айтыскерлер сол аманатты абыроймен арқалап келеді. Олар ұлттық өнердің мәртебесін көтеріп, қазақ сөзінің қадірін арттыруда. Қазіргі айтыстың мазмұны да уақыт талабына сай жаңарып келеді. Ақындар әлеуметтік мәселелерді, жастар тәрбиесін, елдің болашағын жырға қосып, тың ойларымен ерекшеленуде. Сонымен қатар сахна мәдениеті, сөз саптау, суырыпсалмалық қабілет те жаңа деңгейге көтерілген. Бұл – айтыс өнерінің өміршеңдігін көрсететін басты белгі. «Жырдария» кітабын жарыққа шығарудағы мақсатымыз – ұлт өнерін ұлықтау, аудан топырағынан шыққан таланттардың есімін ұлықтау екені сөзсіз. Айтыс ақындарының жыр шумақтары жинақталуы – қажырлы еңбекті қажет етеді. Бұл ретте бастамамызға қолдау көрсеткен аудан басшысына шынайы алғысымды жеткіземін, – деді Нұрмат Мансұр.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

14 сәуір 2026 ж. 88 0