Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақтұм Сейіт баба басында

Мақтұм Сейіт баба басында

Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бір топ ардагер Мақтұм Сейіт баба басына барып, зиярат еттік.

Мемлекеттік қорғауға алынған бұл тарихи орын Тереңөзек-Шаған автожолының бойынан батысқа қарай 9 шақырым жерде орналасқан. Тарихи деректерге сүйенсек, Мақтұм Сейіт баба – Мұхаммед пайғамбардың 37-ші ұрпағы. «Ислам дінінің бастауында тұрған пайғамбарымыздың ұрпағы біздің өңірімізге қалай келген?» деген сұрақтың да туындауы мүмкін. Бұл ретте, айтарымыз, шамамен VІІІ ғасырда болуы керек пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с өзінің ұрпақтарына қарт Таразға қылышпен емес, кітаппен баруды өсиет етеді. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен баян бойынша Мақтұм Сейіт баба біздің өңірімізге осылайша келген.

Қылышынан қаны тамып тұрған кеңестік кезеңнің өзінде, яғни өткен ғасырдың 20 жылдары шағандықтар Мақтұм Сейіт баба басына бас­пана тұрғызған. Қазіргі таңда бұл тарихи аумақ қоршалып, кіреберісінен бастап баба мазарына дейін тақтатас төселген. Күннен қуат алып тұрған батареялар шырақшының үйіне жарық беріп тұр. Зиярат етуге келген адамдар демалатын ұзын қалқа (навес) жасалған.

Бізбен бірге барған Сырдария ауданының Құрметті азаматы Жантемір Айсин ағамыз баба басында бірінші рет болып тұрғанын, өмірде кездес­кен қиындыққа байланысты талай әулиеге барып, мінажат еткенін, олар пайғамбардың сақабаларының ұрпақтары болғандығын, ал Мақтұм Сейіт баба пайғамбардың тікелей ұрпағы екенін жеткізді.

Бабаға зиярат етушілер осы қорымда жатқан 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарының бейітіне барып, құран бағыштады.

Пайғамбарымыздың тікелей ұрпағының біздің аудан аумағында мәңгілік мекен тапқанын біреу білсе, біреу білмейді. Одан тараған көптеген ұрпақ осы қорымда жатыр.

Қорыта айтқанда, баба басына барып тәу етіп, едәуір жеңілдеп қайттық. Жылда 10 мамырда Мақтұм Сейіт баба басына шартараптан оның ұрпақтары мен зиярат етуші көп адам жиналып, мал шалып, құран бағыштайды.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
25 тамыз 2026 ж. 37 0