Су қадірін білген – ысырап етпес
Жаз келсе, ауыл тіршілігі қыза түседі. Қорадағы малдың қамы, егістіктің жайы, бау-бақшаның берекесі – бәрі де судың жағдайына байланысты. Әсіресе жаздың аптап ыстығында аяқсудың әр тамшысы ауыл тұрғыны үшін аса қымбат. Судың қадірін білген ел оның әр тамшысын ысырап етпей, берекелі іске жұмсауға тырысқан.Қазақ «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Бұл сөз судың қадірін бағалап, оны ысырап етпеуге үндейді. Дінімізде де суға ерекше мән беріледі. Хадистерде суды ысырап етпеу, оның қадірін білу туралы тағылымды өсиет бар. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дәрет алудың өзінде суды ысырап етпеуді ескерткені айтылады. Әсілінде, табиғи байлықты ұқыпты пайдаланудың адамзат үшін қашанда маңызды екенін көрсетеді.
Көшеге аяқсудың келуін – жай ғана егістікті суарумен байланыстырмаған абзал. Елдің несібесін арттыратын үлкен мүмкіндікті аңғара алған дұрыс. Біреу ауласына қызанақ, қияр ексе, енді бірі сәбіз, пияз, асқабақ, қауын-қарбыз өсіреді. Бақшаға отырғызылған әрбір дән – отбасының дастарқанына қосылатын ризықтың бастауы.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халқымыздың сөзі осы жерде ерекше мәнге ие. Бақша егіп, жерге дән тастап, оны уақытылы суарып, күтіп-баптаған адамның еңбегі міндетті түрде жемісін береді. Жерге төгілген тер мен төгілген су босқа кетпейді. Бір түптен бірнеше өнім алып, маңдай терінің нәтижесін көрген диқанның қуанышы да ерекше.
Бақша егу – отбасы үшін де үлкен пайда. Үй жағдайында өсірілген көкөніс пен жеміс-жидек дастарқанның сәнін келтіріп қана қоймай, қысқы азық қорын жасауға мүмкіндік береді. Артық өнімді көрші-қолаңға ұсынуға, туыс-туғанмен бөлісуге болады. Осылайша бір адамның еңбегі бірнеше шаңырақтың игілігіне айналады.
Қазақтың «Бір тал кессең, он тал ек», «Бергенге береке берсін» деген сөзінде де табиғатқа деген құрмет пен ризықты бөлісу ұғымы жатыр. Жерден өнім алған адам оның қадірін түсінеді. Дәннің көктеп, жемістің пісуі – табиғаттың үйлесімі мен адамның еңбегінің нәтижесі.
Аяқсудың тағы бір үлкен пайдасы – ауылдағы ағайынның ынтымағын арттыруы. Су келген кезде әр үй өз кезегін күтіп, арық-атызды тазалап, судың дұрыс бөлінуіне мән береді. Бірінің ауласына су жетпей жатса, екіншісі көмектеседі. Арықтың бітелген жерін бірге тазалап, судың жолын ашады. Осындай қарапайым тірліктің өзінен ауыл адамының бір-біріне деген жанашырлығы мен сыйластығы көрінеді.
Судың кезегін сақтау да – мәдениет. Біреудің үлесіне қол сұқпай, өз кезегін күту, суды бөгеп тастамау, көршісіне кедергі келтірмеу – ауылдағы татулықтың берік негізі. Өйткені су ортақ игілік болғанымен, оны пайдалану жауапкершілікті талап етеді. Бір адамның ұқыпсыздығы бірнеше үйдің бақшасына зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан аяқсуды тиімді пайдалану әр тұрғынның ортақ міндеті болғаны жөн.
Дана халқымыз «Ынтымақ жүрген жерде – ырыс бірге жүреді» дейді. Аяқсу мәселесінде бұл сөздің мағынасы анық байқалады. Көрші қауым бір бірімен ақылдасып, суды кезекпен пайдаланып, арықты бірге тазаласа, тіршілік те берекелі болады. Бірліктің арқасында су әр үйге жетіп, әр ауладағы бақша жайқалып өседі.
Судың әр тамшысында үлкен еңбек жатыр. Су – тіршіліктің көзі, жердің нәрі, елдің несібесі. Сондықтан аяқсудың қадірін біліп, оны ысырап етпей, бау-бақшаға тиімді пайдалану – берекелі істің бастауы.
Бақша еккен адам тек өз қажетіне өнім өндіріп қоймайды. Ол жерді игеріп, еңбекті дәріптейді, отбасына азық дайындайды, артығын бөліседі. Жерге дән тастап, оған су беріп, маңдай терімен өнім алған адамның дастарқаны да, көңілі де берекеге толады.
Қасиетті Құранда: «...Әрі ысырап етпеңдер. Шын мәнінде, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деген мағынадағы аят бар. Бұл сөз суды да, жерді де, табиғаттың өзге байлығын да ұқыпты пайдалануға үндейді.
Сондықтан жаздың ыстығында аяқсудың әр тамшысын бағалай білген жөн. Суды үнемдеп, кезегін сақтап, көршімен ынтымақтаса пайдалану – елдің берекесін арттырады. Ал жерге дән сеуіп, оны маңдай термен баптаған жанның еңбегі ақталып, бақшасы жайқалып, дастарқаны молая түседі.
Жалпы алғанда, Тереңөзек кентінде бірнеше бағытта аяқсу беру жұмыс жолға қойылған. Тереңөзек кенті әкімдігінің тапсырысы негізінде, «Жәрдем» ЖШС көшелерге аяқсу жіберумен айналысады. Күні бүгінге дейін жаз мезгілінде аталған мекеменің оңтайлы ұйымдастыру тетігі аясында кент көшелері аяқсумен қамтамасыз етілді.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










