Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№60 газет

11 тамыз 2026 ж.

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Мемлекеттік грант жеңіп алмаған түлектер не істейді?!

Мемлекеттік грант жеңіп алмаған түлектер не істейді?!

Мемлекеттік грант иегері атану ата-ана үшін де, бала үшін де – үлкен қуаныш. Грант нәтижесі шыққалы жақсы жаңалықты жарыса жариялап жатқандар үшін шын жүректен қуаныштымыз. Десе де, 75 мыңнан астам білім беру гранты бөлінгенімен, талапкерлерден 127 041 өтініш қабылданған. Бұл ретте білім грантын ұта алмағандар не істейді?

Бұл туралы бұрынғы Оқу-ағарту ми­нистрі Асхат Аймағамбетов әлеу­мет­тік желідегі жеке парақшасында жазды.

«Бастысы – әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Ең алдымен, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлі­неді. Сондай-ақ «Қазақстан халқ­ына» қорының гранттары тағы бар. Кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Тіпті еш­теңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады. ЖОО-лардың ішкі гранттары да болады. Және «Gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім. Немесе колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады. Көріп отыр­ғандарыңыздай мүмкіндіктер өте көп» деп жазды депутат.

Бұл ретте мемлекеттік грантты жеңіп алмау – өмірдің басы да, соңы да емес екенін еске салғымыз келеді. Көп түлек армандаған оқу орнына түсе алмай, сағы сынуы мүмкін. Десек те, бір есік жабық болғанымен, мыңдаған есікті ашуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ Қазақстанның жоғары оқу орындары талапкерлерге мемлекеттік гранттардан бөлек, 2 мыңнан астам ішкі білім беру грантын ұсынады. Сонымен қатар бірқатар университеттер оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар қарастырған. Әр оқу орны гранттарды беру талаптарын өзі белгілейді. Конкурс барысында талапкердің ҰБТ нәтижесі, академиялық жетістіктері, «Алтын бел­гі» иегері болуы, олимпиадалар мен ғылыми, шығармашылық және спорттық байқаулардағы жетістіктері, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы ескерілуі мүмкін.

Сонымен қатар мемлекеттік грант жеңіп алған студенттер үшін ескерте кететін жайт бар. Мемлекеттік білім беру грантында білім алған студент дип­ломды маман атанғаннан кейін грантты еңбекпен өтеуге міндетті. Құжат тапсыру кезінде бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған абзал. Бұл бұрындары белгілі бағыт бойынша білім алғандарға ғана міндетті болатын. 2021 жылдан бастап мемлекеттік білім беру гранты бойынша мемлекет есебінен шәкіртақы ала отырып білім алған бакалавриат түлектері, магистранттар мен докто­ранттар университет бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Айтпақшы, бұрын бұл қарыз тек мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген уақытта ғана қайтарылған болып есептелетін. Қазіргі таңда талап жеңілдеп, жекеменшік мекемелерде жұ­мыс істегендер де грант өтеуін өтеген болып есептеледі. Бұл ақылы негізде білім алушыларға қатысты емес. Ал егер студент университетке ақылы түрде түсіп, бірақ белгілі бір уақыт ішінде оқу үлгеріміне байланысты гранттық негізге ауысатын болса, сол жылдардағы уа­қыт­пен ғана грантты өтейді. Бұл заң университет бітірген түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыс істеп әрі мемлекетке қызмет етуін басты мақсат етеді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
11 тамыз 2026 ж. 53 0