Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№60 газет

11 тамыз 2026 ж.

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Қыз алып қашу – қылмыс

Қыз алып қашу – қылмыс

Қазіргі уақытта қыз алып қашу жөнінде көп айтыла бермейді. Өйткені мұндай мәселенің жауапкершілігі өте күрделі екенін білетін жекелеген азамат көп ретте екі жақтың келісімімен отау құруға ниеттенеді. Десек те, әлде де қоғам арасында кездесетін бұл мәселеге кей жағдайда бей-жай қараудың салдары қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыруда.

Иә, қыз алып қашу туралы Мемлекет басшысы да өте қатаң айтты. Бұл құбылысты «ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс» жә­не адам ұрлау деп нақты атап көрсетті. Дегенмен бұл әрекетті дәстүр ретінде қарастыратындар да жоқ емес.

Деректерге сүйенсек, қазақ дәстүрін­де қызды зорлықпен алып қашу құп­талмаған. Себебі қыздың абыройы мен намысы бірінші кезекке қойылған. Алайда келісіммен алып қашу дәстүрі көп кездескен. Бұл дәстүр екі жастың өзара ақылдасуымен, яғни ата-ана келісім бер­мегенде немесе қалыңмалды төлеу ауырлық еткенде іске асқан. Бұндай ортақ шешім негізінде жас отбасының шаңырағы көтеріліп, айтарлықтай келең­сіздік орын алмаған. Ал күштеп алып қашу қыздың еркінен тыс болатын әрекет. Мұны шын мәнінде жабайылылық, адам ұрлау фактісі дейді. Оның заң алдында да жауапкершілігі бар. Осы уақытқа дейін жаза жүгі жеңіл болғанымен, қазіргі уақытта жазасы да қатаңдатылған. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес «ауыр» қылмыс ретінде қарастырылады.

Мұндай заңнамалық өзгерісті енгізуге соңғы жылдары елімізде орын алған қайғылы оқиғалар себеп болды. Қыз баланы сыртынан аңдып, ұрлап әкету арқылы қылмыс жасаудың соңы адам өліміне әкелгендіктен, қылмыстық жауапкершілік те күшейтілді. Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы елімізде әрбір азаматтың таңдау құқығы бар екенін, оны біреуге күштеп таңа алмайтынын айтты. Шымкентте орын алған оқиғаны мысал ретінде көрсетіп, Заң мен тәртіпті күшейтуді тапсырды.

– Қыз алып қашуды бұрын «дәстүр» деп білетінбіз. Көбіне бірін бірі сырттай танығанымен жақын араласпай-ақ ер бала қызды алып қашу арқылы отбасын құрған. Мұндай жағдай өте көп болатын. Жұптары жазылмай, отбасын құрып, үбірлі-шүбірлі болып кететін. Ал қазір жастар түгелі ата-анасы бір-бірімен танысып, білісіп барып барлық келісім жүргізілгеннен соң той жасалады. Қоғамның өзгергенін осыдан көруге болады. Әрине, келісім болғаны жақсы, қазір ешкім танып-білмеген қызды алып қашпайды. Заң алдындағы жауапкершілікті біледі деген ойдамын, – дейді кент тұрғыны Г.Әбдіреева.

Шын мәнінде қыз алып қашу – зайырлы мемлекетімізде мүлдем орын алмауы тиіс. Отбасында берілетін тәрбиенің негізі ретінде қыз баланы құрметтеу, құқығын таптамау, адам бостандығының қол сұ­ғыл­майтын құндылық екенін қарастыру үлкендердің міндеті. Мұны әрбір өсіп келетін жеткіншектің санасына сіңіру қажет. Адам құқығын қорғау саламатты қоғамда қалыптасады.

– Қазіргі қоғамда адам құқығы мен жеке адамның еркіндігіне ерекше мән беріледі. Әсіресе, отбасын құру, өмірлік жар таңдау мәселесінде әр азаматтың өз еркі мен таңдауы басты орында тұруы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, қызды өз еркінен тыс алып қашу – халқымыздың салт-дәстүрімен ақтауға келмейтін, адамның жеке басының бостандығына қол сұғатын жағдай. Тәртіп сақшысы ретінде айтарым – қоғамда қалыптасқан кейбір ескі түсінікті заң талабымен шатастырмауымыз қажет. «Елдің салты», «қыз көнеді», «кейін бәрі жақсы болады» деген түсінік адамды оның еркінен айыруға себеп болмауы тиіс. Неке мен отбасы мәселесінде екі жақтың да ерікті келісімі болуы – ең бас­ты шарт. Қыздың немесе әйел адамның келісімінсіз оны қандай да бір жерге алып кету, еркін жүріп-тұруына кедергі келтіру, қорқыту немесе мәжбүрлеу оның құқығына қайшы. Мұндай жағдайда «отбасы мәселесі» деп қарап, құқық қорғау органына жүгінуден тартынбау қажет. Себебі кез келген азаматтың қауіпсіздігі мен заңды құқығын қорғау – полицияның басты міндетінің бірі. Кей жағдайда жастардың өзара қарым-қатынасына ата-ана мен туыстың араласуы, асығыс шешім қабылдауы да түрлі келеңсіз жағдайға себеп болып жатады. Сондықтан баланың болашағына қатысты мәселені күшпен емес, ақылмен, өзара түсіністікпен шешкен дұрыс. Әсіресе қыз баланың пікірін тыңдау, оның таңдауына құрметпен қарау – әр отбасының жауапкершілігі, – деді аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің инспекторы, полиция аға лейтенанты А.Рсымова.

Осы орайда әрбір ер азамат еркінен тыс қыз алып қашуды дәстүр ретінде көрмей, қылмыс екенін біліп, өзінің де, өзгенің де өміріне жауапкершілікпен қарағаны жөн. Заңда анық айтылғандай, қыздың келісімінсіз неке – құқық бұзу, ал алып қашу – қылмыс.

Бибісара ЖАНӘЛІ
11 тамыз 2026 ж. 59 0