Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№60 газет

11 тамыз 2026 ж.

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Синтетикалық ұнтақтың құрбаны болма!

Синтетикалық ұнтақтың құрбаны болма!

Қазіргі таңда «көкнәр» улы шөбінің құрбаны орта жастағы адамдар ғана емес, олардың қатарына жастар да қосылған. Ең сорақысы да осы. «Бір-екі иіскегеннен тәуелді болмаймын» деп ойлаған жас буынның миы мен ішкі құрылысы уланып, қалай құмар болып қалғанын сезбей де қалады. «Болашақ жастардың қолында» дейміз, ал кейбір жастар зиянды әдеттермен қоса, ойын-сауықтан арылмай жүр.

Отбасынан тәрбие алған бозбала немесе бойжеткен үлгі аларлық жасқа таяғанда ата-ана үмітін ақтап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, жоғары оқу орнының студенті атанады. Әке-шешесінің бар мейірімін көріп өскен бала, өзге қалада, бөтен ортаға бейімделу үшін де біршама уақыт кетеді. Алдымен өзіне «кәмелеттік жасқа толдым, енді маған бәрі болады» деген қағиданы ұстанып, зиянды нәрселерді байқап көргісі келіп тұрады. Арты не боларын ойласа да, қызығушылығы күн санап арта бас­тайды. Ондай қауіпті затты ұсынған ортасы да оны қызықтырып, «бір-екі рет көргенде ештеңе де болмайды» деп сеніміне кіреді. Оған алданған жас­тар қалай азғындалғанын сезбей де қалады. «Дұрыс жолдамын» деп, күн санап жағдайының нашарлап бара жатқанын да ұқпайды. Мына жақта сенім артып отырған ата-анасы баласы үшін «осы қиналмасын» деп пәтер ақысын да төлеп, баласының «бәрі жақсы» деген өтірік сөзіне иланып жүреді. Осындай жағдайдың құрбаны болған бір жас бала туралы жақында әлеуметтік желіде видео тарады. Ол видеода бір ер адам болған жағдайды баяндап, мұндай жайттың алдын алу керектігін ескерткен болатын. Нақтылай келе есірткіге тәуелді болған 19 жасар бозбала ата-анасының алып берген пәтерін синтетикалық ұнтақ дайындайтын орынға айналдырған. Ең сорақысы ұнтақты сатып алу үшін достары мен туыстарынан қарызға ақша сұраған. Ата-анасы да ақша сұрауы жиілегенін байқап, баласының оқып жатқан қаласына келіп, пәтерін көрген. Көргендегі бейне: жерде ұнтаққа масайып жатқан бірнеше ер адам мен жас қыздар, есірткі дайындауға арналған қоспалар. Арасында әрине баласы да болған. Мұндай халде баласын көрген анасы мен әкесінің жағдайы белгілі шығар. Ең қызығы бұл тәуелділіктен алып шығу үшін ата-анасы медицинаға жүгінбей, баласын жайлауға жіберіп, ағарғанмен (сүт, шұбат, қымыз, айран, саумал) емдеген. Қазіргі таңда бозбаланың жағдайы жақсарған. Бұл тұста ер адамның айтқысы келгені өзге қалаға оқуға түскен баласын немесе қызын ата-анасы жырақта болса да, әрдайым бақылауда ұстау керек. Шынында әр баланың қалай дамуы ең алдымен ата-анаға байланысты. Осыны естен шығармау керек.

Қазіргі таңда бұл мәселе күн санап қоғам дертіне айналып отыр. Жастар арасында синтетикалық ұнтақтың «скорость», «соль», ᾰ-PVP және басқа да жаңа психоактивті түрлері кеңінен тараған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 4 мың есірткі қылмысы әшкереленген. Оның 2,7 мыңнан астамы ұнтақты өткізу мен таратуға қатысты болған. Заңсыз жүзеге асқан айналымнан 49 тоннаға жуық есірткі тәркіленген, 1,5 тоннаға жуығы синтетикалық ұнтақ. Сондай-ақ 128 есірткі зертханасы, оның ішінде 28 синтетикалық ұнтақ зертханасы жойылған. Алаңдатарлығы есірткіге тәуелді адамдар саны 2017 жылы 40 болса, 2022 жылы 587-ге жеткен. Ал соңғы жылдың қорытындысы ресми тіркелмеген. Бірақ жыл өткен сайын көрсеткіш өскені анық. 2025 жылдың дерегіне сәйкес есірткіні тұтынушыға жеткізу немесе тарату бойынша 60-тан астам жасөспірім ұсталып, жауапқа тартылған.

Бұл ресми тіркелген ақпарат болса, тіркелмей, тасада қалған қылмыс саны жетерлік. Өзінің лас іс-әрекетіне бейкүнә жастарды арбау арқылы араластыру – ең ауыр қылмыс. Олардың дәрменсіз күйін, ақшаға мұқтаждығын пайдаланып, өзінің батқан былығына қоса батырады. Мемлекет пен қоғам бұл психоактивті заттар мен есірткімен жылдап күресіп келе жатыр. Бірақ ұнтақтың құрбаны болған жастардың саны жылдап артуда.

Мамандардың пікірі бойынша, син­те­тикалық есірткінің басты қаупі – оның адамның психикасы мен жүйке жү­йесіне өте ауыр әсер етуінде. Жоғары санатты психиатр-нарколог Гүлмира Әбдібаева жастардың есірткіге тез тәуелді болып қалатынын айтып, «бір рет қана байқап көремін» деген ойдың өзі қауіпті екенін атап өткен. Маманның айтуынша, алғашқы қолданудан кейін адамда эйфория мен энергияның артуы байқалғанымен, кейін ұйқысыздық пен әлсіреу пайда болуы мүмкін. Дәрігер ата-аналарға маңызды кеңес айтқан. Егер бала есірткі туралы сұраса немесе байқамай айтып қалса, бірден ұрысып немесе жазалаудың орнына, оның неге қызыққанын түсінуге тырысу қажет деген. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, Қазақстанда синтетикалық есірткіге тәуелді адамдар саны соңғы бес жыл ішінде 14 есеге өскен. Енді өсіп келе жатқан жас буынды зиянды нәрседен қалай сақтап қала аламыз? Қоғамда жағдай шиеленіссе, мемлекет те соған сай әрекет етуде.

Яғни, синтетикалық есірткімен күрес енді тек есірткі сатушыны ұстаумен шектелмейді. Мемлекет бір мезгілде үш бағытқа – есірткіні өндіру мен тарату арналарын жоюға, интернеттегі жарнамамен күресуге және жастар арасында алдын алу жұмыстарына басымдық беруде. Интер­неттегі есірткі жарнамасын жою үшін полиция үздіксіз жұмыс жасауда. Сондай-ақ арнайы жобалар жасалып, профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Әр жас буын мемлекеттің болашағы. Ал болашақ – дені сау жастардың қолында. «Бір рет көремін» деген ой өміріңнің қара түнекке күрт өзгеруінің бастамасы. Сондықтан әр қадам мен әр шешім маңызды.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
11 тамыз 2026 ж. 46 0