Аутизмнің қалай алдын аламыз?
Қазіргі таңда аутизм диагнозы көптеп кездеседі. Сондай-ақ ЗПР, ЗРР деген секілді диагнозы бар балалар да аз емес. Бұл аталған ауру түрлері Еуропа елдерінде жиі кездеседі. Мұндай диагнозы бар балалардың арасында қыз балаға қарағанда ұл бала көбірек екен. Жалпы Қазақстанда «аутизм» диагнозы бойынша 8700 бала есепте тұр. Республика бойынша ең көбі Алматы қаласында (1800 бала). Ал ЗПР, ЗРР диагнозы бойынша тіркеуде тұрған балалар саны 30 мыңнан асады. Бұл көрсеткіш жыл сайын көтерілуде. Сондықтан цифрлық қоғамда экранға үңілмей, әр отбасы баласымен жұмыс істеуі керек.Дені сау болып туылған нәрестенің өсе келе дамуының кешеуілдеуі неліктен? Ерекше балалары бар ата-аналарды іштей мазалайтын сұрақ та осы. «Баламды қалай да қатарына қосамын» деп аурухананың табалдырығын тоздырған ана жүрегі әрқашан уайым үстінде. Бұл диагноздың емделу жолы нақты анықталмаса да, сол жолда ата-ана күш-жігерін сарп етуде.
Аутизм – туа бітті ауру. Ал ЗПР, ЗРР – жүре келе баланың дамуының кешеуілдеуі. «Аутизм» диагнозы қойылған балалардың ата-анасы өз-өзін «неліктен» деген сұрақпен жегідей жейді. Бірақ бұл бала үшін өте маңызды. Иә, ата-ананың іштей ойы мен уайымы балаға тікелей әсер етеді. Әр ата-ана ерекше баласын қалай бар, солай қабылдап, ерте жасынан көбірек жұмыс істеу керек. Жалпы аутизм – бұл нейродамудың ерекшелігі. Яғни, баланың миы жүктілік кезінде немесе туылғаннан бастап ерекше дамиды. Бірақ неге жүре келе байқалады? Себебі туылғаннан кейінгі алғашқы 12 ай балада әлеуметтік дағдысы мен сөйлеуі аз болады. Ал 1,5-3 жаста бұл дағдылар белсенді түрде дамуы керек. Сол тұста айырмашылық байқала бастайды. Ең маңызды ескеретін жайт аутизм тәрбиеден немесе «көгілдір экраннан» пайда болмайды. Оның нақты пайда болу себебі – генетика мен жүктілік факторлары. Сондықтан кей ата-аналардың «жүре пайда болды» деуі қате.
Ал ЗПР «туа бітті» немесе «жүре келе» пайда болуы әбден мүмкін. ЗПР – белгілі бір тұрақты диагноз емес. Бұл баланың дамуының кешеуілдеуі. Мұның негізгі себептері әртүрлі жағдайға байланысты. Яғни, жүктілік кезіндегі инфекцияның болуы, нәрестенің уақытынан бұрын дүниеге келуі, оттегінің жетіспеуі және генетика. Сондай-ақ 3 жасқа дейінгі бас-ми жарақаты, ауыр аурулар, созылмалы стресс және әлеуметтік-педагогикалық қараусыздық. Егер де баланың «кешеуілдеуін» ерте анықтап, дұрыс коррекциялық жұмыс жасалса, бала қатарына қосылуы мүмкін. Сондықтан арнайы маманның кеңесіне жүгініп, баламен жұмыс жасауды үзбеу керек.
ЗРР – көбіне жүре келе байқалады. Бұл диагноз туа бітті есту қабілетінің бұзылуынан, тіласты байламының қысқа болуынан, неврологиялық бұзылыстан пайда болады. Жүре келе пайда болуы да мүмкін. Егер баланың 2-3 жасында тілі шықпаса, мұның негізгі себептері бар. Яғни, ата-ананың баламен сөйлесуінің аздығы, смартфонды шамадан тыс көп пайдалануы, естуінде ақау болуы. Жалпы дені сау балада 1 жаста 3-5 сөз айтуы, 2 жаста 50 сөз және 2 сөзді сөйлем құрауы, 3 жасында сөйлеммен сөйлеуі қалыпты болып саналады.
Ерекше баласы бар ата-анаға мамандардың кеңесі маңызды. Осы тұста мамандардың бес қағидасын ескерген жөн.
Уақытпен жарысыңыз, үрейленбеңіз. «Көре жатармыз, өзі сөйлеп кетеді» деген ең қауіпті сөз. Үш жасқа дейін баланың нейрондық байланысы белсенді дамиды. Сол кезде басталған жұмыс 70 пайыз нәтиже береді.
«Дәрігерлік тексеруді» дұрыс бастаңыз. Балаңыздан ерекшелік байқап, бірақ сенімсіз болсаңыз, алдымен үш маманға міндетті түрде баруыңыз керек. Яғни, мидың жұмысын тексеретін – невролог, естуді тексеретін – сурдолог, сөйлеу мен ойлауды дамытатын – логопед-дефектолог.
Үй – ең басты терапия. Күніне 15 минут болса да сапалы уақыт бөліңіз. Бала нені ұнатса, сонымен ойнаңыз. Еркінен тыс басқа нәрсе істеуге мәжбүрлемеңіз. Ойын арқылы үйретіңіз. Баланың қасында ұялы телефон пайдаланбаңыз.
Сөйлеуге ынталандырыңыз, бірақ талап етпеңіз. «Айт! Қайтала!» деп қысым жасамаңыз. Оның орнына таңдауды үйретіңіз. Әр сәтті сөйлеуге айналдырыңыз.
Өзіңізді де ұмытпаңыз. Балаға жүйкесі жұқарған ауру ана керек емес. «Сіз жалғыз емессіз» соны ұмытпаңыз. Балаңызға миы тыныш, сабырлы, бақытты ата-ана керек.
Әр баланың дені сау болып дамуы ата-анаға тікелей байланысты. Сондықтан ата-ана баламен қарым-қатынас орнатып, олармен үлкен адамдарша сөйлесу керек. Ең маңыздысы, есіңізде болсын, диагноз – бұл үкім емес. Бұл – балаңызға қалай көмектеуіңіздің нұсқаулығы.
Г.ТАБЫНБАЙ










