Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№60 газет

11 тамыз 2026 ж.

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Рақметтің құны қанша?

Рақметтің құны қанша?

Кейбір сөз айтуға оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ мағынасы терең. Ал кейбірі қысқа ғана болғанымен, адамның жүрегінде ұзақ сақталады. Сондай сөздің қатарында жай ғана «рақметтің» орын алуы – үлкен ой саларлық дүние. Біз оны күн са­йын айтамыз. Біреу есік ашып берсе, көмектессе, дүкеннен зат алғанда, бір нәрсе сұрағанда, тіпті кейде әдет бойынша да осы сөзді қолданамыз. Бірақ осы сөздің шын мәнін жүрекпен сезініп айтып жүрміз бе?

«Рақметтің құны қан­ша?» деген сұраққа қаржы өл­ше­мімен жауап беру мүмкін болмас. Өйткені ал­ғыс­тың бағасы – адамның көңілінде. Кейде адамға үлкен сыйлықтан гөрі, бір ауыз жылы сөз қажет. Күні бойы шаршап жүрген анаға баласының «Анашым, рақмет!» дегені жеткілікті. Баласының болашағы үшін тынымсыз еңбек еткен әкеге перзентінің алғысы – бар байлықтан қымбат. Жылдар бойы шәкірт тәр­бие­леген ұстаз үшін өзі оқытқан оқушының «Сізден алған білімім өміріме жол көрсетті» деуі – еңбегінің өтеуі. Демек, шынайы алғыс – жасалған жақсылықтың қайтарымынан бұрын, оның қаді­рін түсінудің белгісі секіл­ді.

Бір мезетке ойланып көр­діңіз бе? Адам алғысты тым алыстан іздеуі ықтимал. Ал шын мәнінде, бізге жақ­сылық жасап жүрген адамның шоғыры күн сайын жанымызда жүрген шығар... Расында, бізді таң атпай шыға­рып салатын жақын адамға, қиналғанда үнсіз тың­дайтын досқа, жұмыста қолдау көрсететін әріптеске, көңіл түскенде бір ауыз сөз­бен жігер беретін жақын жанға, тіпті бізге қиындық әкелген адамға да кейде алғыс айтуға болады. Себебі олар нысаналы адамына сабыр­ды үйретеді. Қателік арқылы адам өзін таниды. Сүрінген сайын өмірдің әрбір сәтін қадірін түсіне білген жан жақсылық жасауға құштар болып тұрады. Сон­дықтан «рақмет» – тек жақ­сылыққа айтылатын сөз емес. Ол – өмірден сабақ алған адамның сөзі.

Біле білсеңіз, адам кейде қолындағы дүниенің қадірін жоғалтқанда ғана түсінеді. Бар кезде ата-ананың қаді­рін білмеу, қасында жүр­ген адамның бағасын се­зін­беу, уақыттың босқа өтіп жатқанын байқамау – өкініш­ке әкелетін үлкен нәрсе. Көпшілік «кейін айтамын», «кейін сөйлесемін», «кейін алғысымды білдіремін» деп жүре береді. Бірақ өмірде «кейін» деген мүмкіндік әрдайым бола бермейді. Осы қарапайым алғысқа негізделген сөз­ді айтуға не кедергі? Мүм­кін, олар сезімін сөзбен жеткізуге ұяла­тын шығар. Жақын адамы бәрін онсыз да біледі деп ойлайтын шығар. Адамның көңіліне жететін сөз айтылмаса, оның жылуы да сезіл­мейді.

Қашанда «рақмет» – жақ­­сылықтың жалғасы Бір адамға алғыс айтсаң, ол адам келесі жолы да жақ­сылық жасауға ынталанады. Алғыс алған адам өзін қажет сезінеді. Оның жасаған ең­бе­гінің еленгенін түсінеді. Бір ауыз «рақмет» осылайша бір жақсылықты екінші жақсылыққа жалғайды.

Бір қарағанда алғыс айту – мәдениеттіліктің өлшемі, қоғамдағы мейірімділікті арт­­тырудың бір жолы. Егер әр адам айналасындағы жақ­сылықты байқап, оны баға­лай білсе, адамның бір-біріне деген құрметі де артар еді. Үлкендер: «Ең үлкен алғыс – ісіңмен білдірген алғыс» екенін жиі айтады.

Қоғам өмірінде көп елене бермейтін «рақмет» – өте қарапайым сөз. Оның салмағы жоқ, бағасы жоқ, дүкеннен сатып ала алмай­сың. Бірақ кейде сол бір сөз­дің адам жүрегіндегі құны шексіз. Өйткені адамға оның жасаған жақсылығының кө­рін­генін білу маңызды. Еңбе­гінің бағаланғанын сезіну бағалы. Өзінің біреуге қа­жет екенін түсіну қымбат көрінеді. «Рақметтің құны қанша?» деген сұрақтың нақ­ты жауабы табылмауы ықтимал. Ол – біреудің көңі­лін көтеретіндей, ренішті ұмыт­тыратындай, адамды жақ­сылыққа жетелейтіндей баға жетпес қымбат нәрсе. Бәлкім, біз үлкен нәрсені өзгерткіміз келетін шығар. Бірақ кейде үлкен өзгеріс бір ғана кішкентай сөзден басталады. «Рақмет». Оны дер кезінде айта білейік. Өйткені айтылмай қалған алғыстан кейінгі өкініштің құны – кез келген бағамен салыстыруға келмейді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
11 тамыз 2026 ж. 48 0