Грантқа түсе алмағандар не істейді?

Биылғы жылы да көптеген түлек арнайы комиссияның нәтижесімен жоғарғы оқу орнының студенті атануына мүмкіндік алды. Ал өзінің тегін грант тізімінен көре алмай, грантты жеңіп алмағандар не істейді? Басты сауалдың жауабы бар. Яғни әлі де мүмкіндіктің бар екенін назарға саламыз. Ата-аналар мен түлектерге қажетті ақпарат ретінде бұл жайында газетке жариялауды жөн көрдік.
Яғни әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар деп айтуға толық негіз бар. Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үйлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады. Сонымен қатар әкімдіктердің де гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Мұнан бөлек «Қазақстан халқына» қорының гранттары және бар. Сондай-ақ кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттан бас тартады. Бас тартылған гранттың саны да аз болмайтынын ескерсек, ол гранттар да қайта тағайындалады.
– Мемлекеттік грантты жеңіп алмағандар ештеңеге ілікпесе, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады. «Gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Біздің ауданда ондай студенттер бар. Бұл да жақсы шешім. Сонымен қатар колледжге түсуге де болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай жоғарғы оқу орнына түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады. Көріп отырғандарыңыздай мүмкіндіктер өте көп, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып.
Негізінен 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім еткен болатын. Министрдің айтуынша, комиссия отырыстарында үміткерлердің өтініштері қаралып, мемлекеттік білім беру гранттары қолданыстағы ережелер негізінде конкурс тәртібімен бөлінген.
– Биыл конкурсқа қатысу үшін шамамен 113 мың өтініш қабылданды. Талапкерлер арасында ең сұранысқа ие білім беру бағыттары – «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», сондай-ақ «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», – деді министр.
Жоғарыда айтылғандай, облыс әкімінің грантына 2025-2026 оқу жылына 100 маманға оқу ақысын және жүріп-тұру, тамақтану шығындарын ішінара өтеуге әлеуметтік көмек тағайындауға облыстық бюджеттен 104,1 млн теңге қаражат бөлінген.

Бөлінген грант қатарында С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университетіне жалпы медицина мамандығына – 15 грант, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетіне дінтану және теология – 3 грант, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне – 82 грант. Оның ішінде азық-түлік өнімдерін өндіру – 7, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы – 7, агрономия – 12, су ресурстарын басқару – 10, жерді мелиорациялау, баптау және қорғау – 3, жерге орналастыру – 6, кадастр – 1, дәстүрлі музыка өнері – 6, хореография – 4, құрылыс – 12 (құрылысшы – 4, инженер құрылысшы – 2, жобалаушы инженер – 6), электр энергетикасы – 10, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері – 4 грант.
Облыс әкімінің грантына мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал топтарынан шыққан мектеп түлектері болып табылатын талапкерлер үміткер бола алады.
Айту керек, аудандық білім бөлімі мамандарының берген мәліметі бойынша оқу жылын 526 түлек бітіріп, оның 461-і ҰБТ тапсырды. Мемлекеттік грант тағайындау конкурсына 406 оқушы қатысса, оның 347-і грант иеленіп, 85,4 пайызды көрсетті. Оның ішінде 134 – педагогикалық, 26 – медициналық, 69 – техникалық, 49 – ауыл шаруашылығы және 69 басқа мамандықтар бойынша грант алғандар.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: Ашық дереккөзден