Қалың малың қанша, қарағым?
Қазақ халқының салт-дәстүрінде ерекше мәнге ие ұғымның қатарына кіретін қызға қалың мал берудің өзіндік мәні бар. Алайда соңғы жылдары осы дәстүрдің түпкі мәнінен алыстап, қоғамда түрлі пікірталас туғызатын мәселеге айналып бара жатқаны жасырын емес. Бұрын екі әулеттің арасын жақындастыратын, қыздың қадірін арттыратын жөн-жоралғы ретінде қабылданған қалың мал бүгінде кей жағдайда сауданың сипатына ұқсап кеткендей әсер қалдырады.Қазір құда түсу жайлы әңгіме басталса болды, ең алдымен «Қалың малың қанша, қарағым?» деген сауал қойылатын болды. Бұл сұрақтың астарында дәстүрге деген құрметтен гөрі материалдық есептің басым түсіп бара жатқанын аңғару қиын емес.
Шын мәнінде, қалың мал деген не? Ол қызды сатып алу ма, әлде қыз тәрбиелеп өсірген ата-анаға көрсетілген құрмет пе? Қазақ қоғамында қалың мал ешқашан қыздың құнын белгілеу үшін берілмеген. Ол – екі әулеттің арасындағы сыйластықтың белгісі, қыз тәрбиелеген әке-шешенің еңбегіне деген ризашылықтың көрінісі болған. Жаңа шаңырақ көтеретін жастарға береке мен жауапкершілік тілейтін дәстүрлік рәсімнің бірі еді.
Көшпелі өмір салтында қалың мал көбіне мал басымен есептелді. Оның мөлшері әр рудың, әр өңірдің әлеуметтік жағдайына қарай өзгеріп отырған. Ең бастысы – екі жақтың келісімі мен түсіністігі болған. Ешкім шамасынан тыс талап қоймаған. Қазіргі қоғамда жағдай басқаша. Кейде әлеуметтік желіде немесе той дастарқанында қалың малдың көлемі мақтанышпен айтылып жатады. Бірі бірнеше миллион теңге сұраса, енді бірі автокөлік немесе пәтер талап етеді. Мұндай талапты естігенде кейбір жастың үйленуге деген құлшынысы төмендеп, некені кейінге қалдырып жатқаны да рас.
Мамандардың пікірінше, отбасын құрудың кешігуіне әсер ететін себептің бірі – үйлену тойының тым қымбаттауы мен оған қатысты шығындардың артуы. Оның ішінде, қалың мал, жасау, той шығындары, құдаларды күту секілді рәсімдердің шектен тыс бәсекеге айналуы жас жұбайға едәуір салмақ түсіреді.
Өкінішке қарай, кейбір отбасы үшін қалың мал дәстүр емес, табыс көзіне айналып кеткендей әсер қалдырады. Қыздың білімі, тәрбиесі, адамгершілігі емес, «қанша береді?» деген сұрақ алдыңғы қатарға шығып кететін жағдай кездеседі. Мұндайда жастардың сезімі мен болашағынан бұрын қаржылық мәселе сөз болады.
Әрине, бұл барлық отбасыға тән құбылыс емес. Бүгінде дәстүрдің мәнін сақтап, қалың малды символикалық деңгейде ғана алып немесе мүлде алмайтын әулет те аз емес. Олар үшін ең бастысы – екі жастың бақыты мен татулығы.
Қазақта «Қыз – жат жұрттық» деген сөз бар. Бұл қыздың бөтен екенін білдірмейді. Керісінше, қыздың барған жерінде абыройлы болып, екі әулеттің арасын жалғайтын алтын көпірге айналатынын меңзейді. Сондықтан қыздың қадірі ешқашан ақшаға немесе дүниеге өлшенбеген.
Абай атамыз «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деп бекер айтпаған. Егер құдалықтың өзегі тек материалдық мәселеге тірелсе, онда салттың рухани құндылығы көмескілене бастайды. Дәстүрдің сәні – оның адамгершілік мазмұнында.
Қалың малдың мөлшерін емес, қыздың тәрбиесін сөз ететін қоғам ұтады. Өйткені тәрбиелі келін – бір әулеттің ғана емес, тұтас ұрпақтың бақыты. Ал тәрбиелі күйеу – қыздың ең үлкен бақыты.
Бүгінгі таңда жастардың баспаналы болуы, тұрақты жұмыспен қамтылуы, өмірге бірге қадам басуы әлдеқайда маңызды. Егер қалың мал дәстүрі осы мақсаттарға кедергі келтірсе, онда оның орындалу жолдарына заман талабына сай қайта қараған жөн шығар.
Дәстүрді сақтау – өткеннің бәрін сол қалпында қайталау емес. Оның түпкі мағынасын жоғалтпай, уақытпен үндестіре білу. Қалың мал да дәл сондай құндылықтың бірі.
Сондықтан «Қалың малың қанша, қарағым?» деген сұрақтың орнына «Екі жас бақытты бола ма?», «Бір-бірін құрметтей ме?», «Болашаққа бірге дайын ба?» деген сауал көбірек қойылса, ұтылмайтынымыз анық.
Өйткені отбасының беріктігін қалың малдың көлемі емес, өзара сүйіспеншілік, түсіністік пен сыйластық айқындайды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










