Жаңа дәуірдің жасампаз күші
Елімізде 12 тамыз – жастар күні. Болашағын айқын бағдарлай білген ел жастары – сан салада елеулі қызмет етіп, орасан зор жетістікке қол жеткізіп жүр. Бұл ретте, «Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан біз өскелең ұрпаққа барлық жағдайды жасауымыз керек. Жастардың білімді, білікті, отаншыл болып қалыптасуы – мемлекет үшін аса маңызды міндет», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға айрықша сенім артып, міндет жүктеді.Елдің ертеңгі келбеті, қоғамның жаңаруы, экономиканың дамуы мен мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі қазіргі жастардың біліміне, еңбекқорлығына, азаматтық белсенділігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, биыл күшіне енген жаңа Конституцияның мәні де айрықша. Жаңа Ата заң ел дамуының құқықтық негізін жаңғыртып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, білім мен ғылымды, еңбек пен әлеуметтік жауапкершілікті, елдің тұрақты дамуын басты құндылықтар қатарында айқындайды. Ал осы жаңа кезеңді жүзеге асыратын негізгі қоғамдық күштің қатарында жастардың орны ерекше.
Сырдария ауданында 14 пен 35 жас аралығында 12 мыңнан аса жас бар. Бұл аудан халқының 32,3 пайызын құрайды. Демек, аудан тұрғындарының үштен біріне жуық бөлігі – жастар. Бұл – үлкен көрсеткіш әрі зор мүмкіндік. Өйткені жастардың белсенділігі артқан сайын ауданның қоғамдық өмірі де жандана түседі. Жастардың білім алуы, еңбек етуі, кәсіп бастауы, ауыл шаруашылығына араласуы, волонтерлік жұмысқа атсалысуы, мәдениет пен спорттағы жетістігі – Сырдарияның бүгінгі тынысын айқындайтын маңызды фактор.
Қазіргі таңда жастардың қоғамдық өмірге араласуы да жаңа сипатқа ие болды. Қоғамдық мәселеге үн қосу, қайырымдылық жасау, қоршаған ортаны қорғау, тазалық жұмысына қатысу, мұқтаж жанға қолдау көрсету секілді игі істер жас буын арасында кеңінен қанат жаюда. Волонтерлік қызмет – осының жарқын көрінісі. Ерікті түрде қоғамға қызмет ету арқылы жастар мейірімділік пен жауапкершіліктің, жанашырлық пен азаматтық белсенділіктің мәнін терең түсінеді.
Сырдариялық жастардың еңбекке деген көзқарасы да көңіл қуантады. Әсіресе ауылдық жерде еңбек етіп жүрген әрбір жастың маңдай тері ерекше құрметке лайық. Қасиетті Сыр бойында жердің бабын тауып, егіншілікпен айналысып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып жүрген жас диқандардың еңбегі – соның айғағы. Жер жыртып, дән сеуіп, егіннің жайын бағу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Мұндай еңбек табандылықты, төзімділікті және туған жерге деген шынайы жанашырлықты қажет етеді. Ауылда қалып, шаруашылықты дамытуға ниет білдірген жастардың көбеюі – ауылдың болашағына деген сенімнің белгісі.
Еңбекші жастардың қатарында түрлі салада қызмет етіп жүрген жас маман да бар. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет және басқа да салада өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жүрген жастар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Еңбекпен келген жетістік қашанда бағалы. Өз мамандығын меңгеріп, кәсіби біліктілігін арттырып, қызметіне адалдықпен қарайтын жас – елге қажетті азамат.
Бүгінгі жастардың бойындағы тағы бір жақсы қасиет – кәсіпке ұмтылыс. Қолынан іс келетін жас үшін қазіргі таңда мүмкіндік көп. Жаңа кәсіпті меңгеру, шағын бизнес ашу, ауыл шаруашылығымен айналысу, қызмет көрсету саласын дамыту арқылы өз кәсібін қалыптастырып жатқан жастардың бастамасы аудан экономикасының дамуына серпін береді. Жас кәсіпкердің жетістігі жеке басының табысымен ғана өлшенбейді. Оның артында жаңа жұмыс орны, отбасына тұрақты табыс, ауылдың экономикалық белсенділігі және қоғамға пайда әкелетін нақты еңбек тұр.
Жаңа Конституция жағдайында жастардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігі де маңызды мәнге ие. Ата заңда бекітілген құқықты білу – әр азаматтың міндеті болса, сол құқықты пайдалана отырып қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну де қажет. Заңды құрметтеу, өзгенің құқығына қол сұқпау, білім алуға және еңбек етуге ұмтылу, қоғамдық тәртіпті сақтау, елдің дамуына үлес қосу – нағыз азаматтық ұстанымның көрінісі.
Жастарға жасалған қолдау – елдің ертеңіне жасалған инвестиция. Ал жастардың сол мүмкіндікті тиімді пайдалануы өз қолында. Бүгінгі жас білімге ұмтылып, еңбекке араласып, кәсіп ашып, қоғамдық іске белсенді қатысса, ертең сол азамат ауданның, облыстың, тұтас елдің дамуына ықпал ететін білікті маманға айналады.
Еңбек еткен жас – елдің тірегі, білім алған жас – мемлекеттің капиталы, қоғамға қызмет еткен жас – елдіктің жарқын үлгісі. Сондықтан бүгінгі жас буынға артылар сенім де, жауапкершілік те үлкен. Туған жердің топырағын түлетуге, елдің мерейін өсіруге, жаңа мүмкіндікті игеруге ұмтылған жастардың қатары көбейе берсе, ауданның әлеуметтік және экономикалық әлеуеті де арта түседі.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










