Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Грантқа оқуға түсе алмағандар не істейді?

Грантқа оқуға түсе алмағандар не істейді?

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «Грантты жеңіп алмағандарға не істеуге болады?» деген тақырыпта жазба жариялады. Мәжілісмен ата-аналар мен түлектер үшін қажетті ақпаратты бізге де жолдап, ақпараттық қолдау көрсетуді сұраған екен. Осыған орай депутаттың пікірін аудандық газетке жариялауды жөн көрдік.

– Пікірлерде және жекеме былтыр­ғы жылдағыдай осындай мазмұндағы сұрақ тағы да көп қойылып жатыр. Сондықтан қысқаша өз ойымды қай­та­лайын. Бастысы әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Неге? Бірін­ші­ден, игерілмеген бірнеше мың грант қайта­дан үйлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұр­ған талапкер­лерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады, – деп жазады Асхат Аймағамбетов.

Депутат сондай-ақ әкімдіктердің де гранттары бар екенін айта келе, бірнеше мың грант жергілікті бюджет­тен бөлінетінін хабарлаған. Мұнан бөлек «Қазақстан халқына» қорының гранттары бар екеніне тоқталған. Сон­дай-ақ кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартатынын да айтып өткен. Әрине олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады.

– Тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезін­де босаған бос грантты ұтып алуға болады. «Gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім. Колледж­ге түсуге де болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойын­ша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады. Көріп отырғандарыңыздай мүмкіндіктер өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек, – деп қорытындылаған мәжілісмен.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: ult.kz
06 тамыз 2024 ж. 250 0