Оқуға түсе алмағандар не істеуі керек ?
Мемлекеттік грантқа кім ілікті, кім ілікпеді? Қазір ата-ана да, мектеп бітіруші түлектер де, мұғалім де осы сұраққа жауап іздеп, оқу орындарын таңдап, болашақтарын жоспарлап жатыр. Осы тұста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында грантты жеңіп алмағандарға не істеуге болатыны жөнінде ата-аналар мен талапкерлерге кеңес берді.
Асхат Қанатұлының айтуынша, оған ел азаматтары тарапынан мемлекеттік гранттар туралы көп сұрақ келіп түскен. Ол осыған орай өз ойын жазып, ата-аналар мен талапкерлерге кеңес беруді жөн санапты.
Мәжілісмен өз кеңесін «Бастысы әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Неге?» деп бастапты. Әрі қарай жік-жікке бөліп, нақты әрі қысқа-нұсқа мәліметтермен бөліскен.
«Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үйлестіріледі. Яғни, грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады. Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар» дейді депутат.
Сондай-ақ, кейбір талапкерлер жеңіп алған гранттарынан түрлі себептермен бас тартуы да мүмкін. Олардың саны да аз болмайды. Және ол гранттар да қайта тағайындалады екен.
Мұнан бөлек, жоқ дегенде, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады. Сонымен қатар, «gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алу мүмкіндігі де бар. А.Аймағамбетов бұл таңдаудың өз басынан өткен оқиға екенін де жазып, бұл да жақсы шешім деп айтып өтіпті.
«Ақылы түрде оқығысы келмейтін талапкерлер немесе ақылы бөлімде оқуға отбасылық жағдайы жетпейтіндердің колледждерге оқуға түсуіне де болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады. Көріп отырғандарыңыздай мүмкіндіктер өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек» деп түйіндепті мәжілісмен өз кеңесін.
Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа пікір білдірушілер мен сұрақ қоюшылардың саны көп болды. Көбісі қысқа әрі нұсқа ақпараттың дер кезінде өте сауатты жазылғанын айтса, енді бірі өз өміріндегі мысалдармен бөліскен. Мәселен, Динара Оралбайқызы есімді әлеуметтік желі қолданушысы «Менің інім былтыр университетке ақылы түрде оқуға түсті. Желтоқсан айында сабақтарының үлгерімінің арқасында өзінің еңбегімен грантқа ауыстырылды. Жас түлектер, сондықтан еш мұңаймаңыздар. Барлығы жақсы болады» деп жазыпты. Ал, Гүлмира Ділдаханова есімді азаматша қазіргі заманда колледж оқыған тиімсіз екенін, колледждің дипломымен жұмысқа орналасқанда жалақы аз төленетінін айтып, бірден университет оқыған дұрыстығына назар аударыпты.
Мәжіліс депутатының әлеуметтік желіге жариялаған жазбасынан аңғарғанымыздай, әлі де халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек екен. Өйткені, ата-аналар мен талапкерлер тарапынан көп сұрақ қойылған. Әсіресе, «Қазақстан халқына» қорының және жергілікті жердегі әкім гранттарын қалай иеленуге болатынын білгісі келген.
«ТТ» ақпарат