ХАЛЫҚ ҚАЛТАСЫНА ҚОЛ СҰҒУ – ҚЫЛМЫС
Жер-жерге газет-журнал, хат-хабар жеткізіп, қаржылық қызмет көрсететін пошта саласы – халықпен тікелей жұмыс жасайтын ұйым. Мұнда жан-жаққа сәлемдемелер жіберіп, ай сайынғы зейнетақы мен жәрдемақыны алуға, өзге де қызметтерді пайдалануға болады.
Қаржылық қызмет көрсететін мекеме тұрғындарға тиімді қызмет көрсетіп, жұмыс сапасын арттыруы тиіс. Өйткені, қазіргі технология дамыған тұста көпшілік бұл саланың қызметіне жиі жүгіне бермейді. Оның үстіне, кей қызметкерлердің салғырт жұмысы сала имиджіне кері әсерін тигізіп, теріс көзқарас қалыптастыруда. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында сала қызметкерлерімен мәжіліс өтіп, онда пошта қызметін жандандыру, ондағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою мәселесі қаралды. Жиынға «Қазпошта» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалы директоры А.Әбибуллаева, аудандық сот төрағасы А.Абдулла, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Н.Жахудаев, аудандық прокуратураның прокуроры С.Темірханов, Сырдария аудандық орталық аймағы бойынша ауданаралық қаржы полиция бөлімінің бастығы Қ.Рахметов, «Қазпошта» АҚ-ның Қызылорда ОФ қауіпсіздік басқармасының басшысы Қ.Әбдраманов, «Қазпошта» АҚ-ның Қызылорда ОФ Сырдария АПБТ бастығы Ғ.Кенжебаев қатысты.
Жиынды ашқан филиал директоры А.Әбибуллаева қазіргі таңда өңірдегі пошта байланыс қызметін дамыту бағытында нәтижелі жұмыстар жасалып жатқандығын жеткізді. Оның ішінде, кадрлық қызмет сапасын арттырып, салада ашықтықты қамтамасыз ету үшін заманауи технологиялар қолданылуда екенін атады. Десе де, пошта қызметінде сыбайластық сипаттағы қылмысқа жол берушілік кездесетінін ашып айтып, оған тосқауыл қою шаралары жүргізіліп жатқандығына тоқталды.
– Әр ауылда мектеп, балабақша, емхана бар секілді елді мекендерде пошта байланыс тораптары бар. Қазіргі таңда аймағымызда 168 пошта бөлімшесі жұмыс жасайды. Мұнда халыққа ақша таратады, сәлем-сауқат жеткізеді. Қаржымен жұмыс жасаған соң кей қызметкерлердің ақша жымқыруы кездесіп жатады. Әсіресе, мұндай жағдайлар Сырдария ауданында жиі орын алуда. Сондықтан жемқорлыққа қарсы профилактикалық шараларды ұйымдастырудамыз, – деген Аида Ибрагимқызы пошта саласына дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін жүйелі істер атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Мәжілісте аудандық сот төрағасы А.Абдулла халықпен тығыз жұмыс жасағаннан кейін сапалы қызмет көрсету әркімнің міндеті екенін айтты. Тұрғындар тарапынан наразылық тудырмай, жұмысқа жауапкершілікпен қарау керектігін жеткізді. Сонымен қатар, жемқорлыққа жол бермеу қажеттігін де атап өтті.
Мұнан соң ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Н.Жахудаев қоғам дерті болған «жегі құртқа» жол бермеу керектігін ескертті. Жемқорлыққа жол бергендер өмір бойы оның кері әсерін көретінін атап айтты.
– Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 9 міндетінде жемқорлықпен күрес мәселесін қозғады. Ел Президенті осының аясында 2,5 мың адам сотталғанын айтты. Сондай-ақ, онымен күрес жолдарын көрсетіп, «мүлдем төзбеушілік» таныту қажеттілігін жеткізді. Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын» да іске қосып, сыбайластыққа тосқауыл қоюды тапсырды, – деген бас маман бағдарламаның жүзеге асу кезеңдеріне тоқталды. Негізінен, аталмыш бағдарлама үш кезеңде іске асады. Алғашқысы 2015-2017 жылдар аралығында жүргізілді. Бұл кезеңде жақсы нәтижеге қол жеткізілген. Екінші 2018-2021 жылдарды қамтиды. Ал үшінші кезеңі 2025 жылға дейін жалғасады.
Бүгінгі таңда жемқорлықпен құрықталғандар әкімшілік, қылмыстық жазаға тартылады. Бұл тұрғыда, АҚШ, Жапония, Сингапур, Италия секілді алпауыт мемлекеттердің тәжірибесі қолданылады. Осының ішінде, Сингапур тәжірибесі бойынша сыбайластық сипаттағы қылмысты хабарлап, ашуға көмектескен адамға құпия түрде сыйақы тағайындалады. Бүгінде көптеген қазақстандық қылмыстың ашылуына мұрындық болып, белгілі мөлшерде сыйақы алған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде әлем елдері бойынша Қазақстан 2016 жылы 133 орында болса, 2017 жылы 122 орынға тұрақтаған. Облысымызда да жемқорлық қылмысы 2016 жылға қарағанда 2017 жылы 16 пайызға азайған. Ал өткен жылы ауданда сыбайластыққа қатысты 12 қылмыс тіркеліпті. Статистикалық мәліметтерді мәлім еткен бас маман өз лауазымын теріс пайдалану, пара алу қоғамға кері әсерін, оның ішінде отбасыға теріс ықпал тигізетінін ескертіп өтті.
Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов мемлекеттің, халықтың ақшасына қол салу – қылмыс екенін атап айтты. Адамда қанағат болып, жұмысына сай жалақысын алып, таза жұмыс жасау керектігін сөз етті. Кезіндегі пошта қызметімен қазіргі қызметті салыстыра отырып, бүгінде көптеген жетістіктер бар екенін атады. Кезектілік мәселесі шешілген, сапалы қызмет көрсетіледі. Дегенмен, олқылыққа орын беріп, жапа шегудің еш қажеті жоқ екенін жеткізді халық қалаулысы.
Мәжіліс барысында аудандық прокуратураның прокуроры С.Темірханов, «Қазпошта» АҚ-ның Қызылорда ОФ қауіпсіздік қызметінің басшысы Қ.Абдраманов жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру үшін жұмыла жұмыс жасауға шақырды. Қобланбек Абдраманов дамыған елдерде сыбайластықты байқап қалған жан құқық қорғау орындарына дереу хабар беретінін жеткізді. Мұның өзі қоғамның дұрыс дамуына септігін тигізуде. Сондай-ақ, қазіргідей автоматтандырылған жүйеде пошта қызметінің бәрі ашық көрініп тұрады. Сол арқылы қандай жұмыс жасалып отырғандығы анық байқалады. Сондықтан әркімнің өз жұмысына салғырт қарамауы қажеттігін атап көрсетті. Осы жүйенің арқасында Қатонқарағайда құрықталған 4 пошта қызметкері жауапқа тартылып жатқандығын мысалға келтірді. Өз сөзінде сала маманы пошташыларға мемлекет қалтасы мен өз қалтасын шатастырмауды ескертіп өтті. Осыдан соң жемқорлыққа жол беріп, өзегін өкініш кернеген қылмыскерлер, сыбайластықпен ұсталып, өз өмірін қор қылғандар туралы бейнероликтер көрсетілді.
Жиын қорытындысында А.Әбибуллаева халық сенімінен шығу үшін тиісті шараларды қолданып жатқандығын айтты. Пошта саласы бизнес екенін атап, қызметкерлерге сапалы қызмет көрсетуді тапсырды. Кімде-кім пошта тұтынушысына өз қызметін жоғары дәрежеде көрсете алмаса, жұмыстан шығатынын ескертті. Олардың орнына білікті жас мамандарды тәжірибеден өткізіп, жұмысқа алуды аудандық пошта бастығына жүктеді.
– Әр ауылда пошта бар екенін айттым. Сол жердегі қызметкерлер бұл саланың тиімділігін түсіндіріп, қызметін ұсыну керек. Өйткені, шалғай ауылдардан зейнетақы, жәрдемақы, еңбекақы алу үшін тұрғындар аудан орталығына келеді. Ол кісілерді әрлі-берлі сандалтпай, поштадан алуға мүмкіндік жасау қажет. Қазір несиенің өзін осы пошта арқылы төлеуге болады. Басқа да қызметтеріміз ауыл төңірегінде көрсетіледі. Сондықтан осы жұмыстарды қызметкерлер насихаттап, сапалы қызмет көрсетуі тиіс, – деген филиал директоры ашықтықты қамтамасыз ету үшін өзінің ұялы телефон нөмірі әр пошта бөлімшесінде бар екенін, кез келген жан хабарласа алатынын жеткізді.
Иә, пошта байланыс торабы арқылы қазір кез келген қызметті жүзеге асыруға болады. Тек сол жұмысты қызметкерлер сапалы түрде үйлестіре білуі керек. Елді мекендердегі пошта бөлімшелері заманауи технологиялармен қамтылып жатыр. Автоматтандырылған жүйе халық сенімін нығайтады. Әйтпесе, ай сайын зейнетақы, жәрдемақы, басқа да қаржы көздерін таратқанда әркімнен 5-10 теңге жымқырып қалу кей қызметкерлер үшін әдетке айналған. Осыған байланысты да олар бұл жүйенің тиімділігін түсіндіріп, насихаттауға құштарлық танытпауда. Мұның арты жақсылыққа апармайтыны анық. Оған дәлел де толып жатқанын жиын барысында Аида Ибрагимқызы атап көрсетті. Сондықтан еңбекпен тапқан еңбекақыға қанағат етіп, соның берекесін көрген абзал.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ