Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ


 Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев облыстық, қалалық, №2 қалалық, мамандандырылған әкімшілік және ауданаралық экономикалық, сондай-ақ мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттарының ғимараттарында ашылған Құқықтық көмек көрсету орталығының қызметімен таныстырды.
    Орталықтың ашылу рәсіміне облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әділхады Шығамбаев, адвокаттар алқасының төрағасы  Серікбай Шеңгелбай, «Бітім» Медиация орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша директоры Ляззат Бақтыбаева, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері, соттар әкімшісінің басшылығы және БАҚ өкілдері қатысты.
    «Құқықтық көмек көрсету орталығы» – халыққа құқықтық қызмет көрсету үшін, олардың әлеуметтік  жағдайын ескере отырып, азаматтарға ашық, жариялы түрде көмек көрсету мақсатында ашылып отыр. Бұл өз кезегінде тараптардың арасындағы дауды сотқа дейін шешуді көздейді.
    Облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев аталған орталықтың азаматтарға құқықтық тұрғыда ақысыз қызмет көрсететін жеткізді. «Онда тәжірибелі медиатор, адвокат, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары күнделікті қызмет жасайтын болады. Ал, сот қызметкері азаматтарға сотқа жүгінудің  жолдарын, талаптарын  түсіндіруге  көмектеседі. Бұл сот құжаттарын беру механизмін жеңілдетіп, халықтың уақыты мен қаражатын үнемдеп, бюрократиялық кедергілерді азайтады», - деді Қ.Нұрышев.  
    Аудандық және оған теңестірілген соттарда да дәл осындай Құқықтық  көмек көрсету бұрыштары ашылды.
    Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі
15 ақпан 2018 ж. 1 257 0