Цифрландыру – ел ертеңінің негізі

Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегіне, қоғамдық бастамалардың ұйытқысына айналған «AMANAT» партиясы әр Жолдауға ерекше мән береді. Биыл да партия жаңа іс-шаралар жоспарын нақтылап, депутаттық корпус пен бастауыш партия ұйымдары Президент бастамаларына қолдау көрсетуді жалғастыратын болады. Оның үстіне Президент өз сөзінде «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керектігін айтты. Мемлекет басшысы әсіресе азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына жеке тоқталды. Президенттің айтуынша, бұл бағытта «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын одан әрі жалғастыру қажет.
«Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті. Осы ретте «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек. Былтырдың өзінде осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алды. Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Былтыр жоба аясында аудан бойынша 920 адамның қаржылық сауаттылығын арттыру жоспарланып, І кезеңде 505 азамат, ІІ кезеңде 424 адам оқумен қамтылып, жоспар артығымен орындалды. Биыл қаржылық қиындығы бар азаматтарда оқыту үшін арнайы санаттағы 1237 адамның тізімі нақтыланды. Жобаның басты ерекшелігі, биылдан бастап несиелік берешегі 90 күннен асқан азаматтар ғана оқумен қамтылады, тегін кеңес алады. Бұл бағыттағы жұмыстарды «AMANAT» партиясы аудандық филиалы аудан әкімдігімен, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен, Отбасын қолдау орталығымен, кент және ауылдық округтердегі жобаға жауапты мамандармен бірлесе жүзеге асыруда. Қазірдің өзінде 587 азаматтың несие тарихы заңгерлердің қарауына алынды, күн сайын құқықтық кеңестер беру жұмысы бірыңғай байланыс орталығы арқылы жалғасуда. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында азаматтардың қаржылық біліктілігін арттырумен қатар, қарызын заң аясында реттеуге, яғни қарызын қайта құрылымдау, аресттен шешу, банкроттыққа тапсыру секілді құқықтық көмектер көрсетілуде және бұл қызметтердің барлығы ақысыз, тегін негізде жүргізілуде.
Жолдауда әлеуметтік қорғауға, қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, өнер мен мәдениет, бұқаралық спортқа қатысты да біраз ойлар айтылды. Бұл мақсат-міндеттердің бәрі Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» қағидаты жайлы терең ойлар айтты. Шыны керек, қазір қоғамда дөрекі әрекеттер мен жөнсіз қылықтар көбейіп барады. Бір-бірін жағадан алып, балағаттау, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері жиі көрініс табуда. Әлеуметтік желідегі негізсіз сындар, жала жабулар халықты дүрліктіруге, қоғамдық бірлікті бұзуға алып келеді. Әрине, бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жат қылықтар. Мемлекет басшысы осындай әрекеттерге арнайы мән берді. Біз отаншылдық пен әсіреұлтшылдықты шатастырмауымыз керек. Президент айтқандай, патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Осыны ұмытпауымыз қажет. Әсіресе, зиялы қауым, қоғамдық пікір көшбасшылары және жастар Мемлекет басшысының әр сөзін көкейіне түйіп, шындық пен жалғанның, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата білуге тиіс. Сонда ғана бірлігіміз бекем, еліміз тұтас болады, елдігімізге сызат түспейді.
Мемлекет басшысы парламенттік реформа мәселесіне де жеке тоқталды. Бұл жайт біраз жылдан бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқаны жасырын емес. Президент сол мәселенің тоқетерін айтып, елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Маңызды реформа – осыған дейінгі елдегі ауқымды өзгерістердің заңды жалғасы. Президент бұған асықпай, байыпты, саналы әрі сындарлы түрде келу керек екенін айтып, оны бүге-шігесіне дейін жан-жақты талқылауға бір жыл уақыт берді. Сөйтіп, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуді ұсынды.
«Егер халық қолдап, бір палаталы Парламент құрылатын болса, партиялық тізім бойынша сайлаған жөн» деді Мемлекет басшысы. Бұл қадам партиялар арасында бәсекелестікті айтарлықтай арттыра түседі. Сондай-ақ елдегі партиялар жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етері анық.
Әдетте елімізде мұндай маңызды шешімдер тосыннан, күтпеген жерден жарияланатын. Президент ондай тәжірибеден түбегейлі бас тартты. Жалпы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тағдырына, болашағына қатысты мәселенің бәрін халықтың пікірін ескере отырып, жұртшылықпен бірге қабылдап келеді. Ол – Мемлекет басшысының берік ұстанымы. Осы жолы да шешім елмен бірге ақылдасып қабылданады. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуының тағы бір жарқын көрінісі. Әрине, еліміздегі саяси партиялармен салыстырмалы түрде қарағанда нақты сайлауалды бағдарламасы бар, оның орындалуы жөнінде Жол картасы бекітілген, азаматтар сенім артатын, халық пен билік арасына алтын көпір болған «AMANAT» партиясы бұл саяси науқанда халықтың сеніміне, қолдауына ие болады деп сенеміз. Бұған партияның әлеуеті, мүмкіндігі толық жететіні анық.
Қорыта айтсақ, Президент осы Жолдауда елдегі экономикалық, әлеуметтік дамудың таяу жылдардағы эволюциясын айқындап берді. Өйткені, халықтың тұрмыс сапасы, қолжетімді жағдайда өмір сүруі ел экономикасының деңгейімен тікелей байланысты. Әлемде орын алып жатқан ахуалға қарамастан ел экономикасы тұрақты түрде дамып келеді. Десек те, ұдайы алға жылжу, экономиканы тұрақты жандандыру, цифрландыру – ел ертеңінің негізі болмақ. Аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясы, бастауыш партия ұйымдар, партия ардагерлері мен белсенділері Жолдаудың әр тармағын іске асыруға, Президент бастамалары мен тапсырмаларын орындауға жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атсалысатын болады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
«AMANAT» партиясы
Сырдария аудандық филиалының
Атқарушы хатшысы