Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 68 газет

09 қыркүйек 2025 ж.

№ 67 газет

06 қыркүйек 2025 ж.

№ 66 газет

03 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Ғылым – елдің болашағы

Ғылым – елдің болашағы

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында ғылым саласына қатысты маңызды мәселелерді қамтып, оның бағыт-бағдарын айқындайтын бірқатар басымдықтарға тоқталды.

– Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал, тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бұл – ел ғылымының әлеуеті толық пайдаланылмай жатқандығын көрсетеді.

Озық елдерде экономикада ғылымның үлесі айтарлықтай. Мысалы, АҚШ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруда көшбасшы болып саналады. Университеттер мен жеке компаниялардың бірлескен жобаларының арқасында бұл көрсеткіш 60-70 пайызға жетеді. Массачусетс технологиялық институты (MIT) мен Стэнфорд университеті жүздеген стартаптың туындауына жол ашып, Google, Facebook, Moderna сияқты ірі компаниялардың қалыптасуына негіз болды.

Оңтүстік Корея да инновациялық экономика үлгісінің жарқын мысалы болып табылады. Мұнда коммерцияландыру деңгейі 50-55 пайызға тең. Мемлекет университеттерді бизнеске серіктестікке міндеттеп, «Samsung», «LG», «Hyundai» секілді ірі компаниялардың ғылыми орталықтармен бірлесе дамуына жағдай жасады.

Біздің елде ғылыми зерттеулер мен өнертапқыштық патенттердің коммерциялануы бірнеше себепке байланысты төмен. Ғалымдардың еңбегі мен нақты өндіріс арасындағы байланыс әлсіз. Президенттің сөзімен айтсақ, агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар: зертханаларда жасалған жаңалықтар егістікке толық жетпейді, ғылыми тұжырымдар нақты шаруашылыққа айналмайды. Соның нәтижесінде инновациялық идеялар қажетті деңгейде экономикалық пайда әкелмей отыр.

Бұл жағдайды өзгерту – ортақ міндетіміз.

Біріншіден, ғылыми зерттеулерді өндіріс пен бизнеске бағыттау қажет. Әсіресе ауыл шаруашылығы, экология, цифрлық технология және жасанды интеллект саласында ғылымды нақты нәтижеге жеткізу маңызды.

Екіншіден, ғалымдардың еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Жас мамандар ғылымнан кетпей, осы салада қалып жұмыс істеуі үшін бәсекеге қабілетті жалақы мен әлеуметтік қолдау қарастырылуы қажет.

Үшіншіден, ғылым мен бизнестің арасын жақындататын заңнамалық базаны күшейту маңызды. Парламент нақты шешім қабылдап, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға қолайлы орта жасауы қажет.

Ғылым – елдің болашағы. Егер ғылым мен өндірісті ұштастыра білсек, Қазақстанның әр саладағы бәсекеге қабілеттілігі артады. Президент атап көрсеткен кемшіліктерді жойып, ұлттық мүддені қорғап, болашақ ұрпаққа мықты мемлекет қалдыруға болады.

Сондықтан ғылым саласын жаңғырту – тек салалық мәселе емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік пен ел дамуының стратегиялық кепілі.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының депутаты

09 қыркүйек 2025 ж. 171 0