Заң мен тәртіп - мемлекетіміздің мызғымас тұғыры

Заң мен тәртіп әділетті мемлекеттің негізгі факторларының бірі. Ал «Әділетті Қазақстан» құрудағы конституциялық – саяси реформалар қоғамдық қатынастың мәнін өзгертуде. Саяси мәдениетіміз артып, билік пен халық арасында диалог қалыптасып, «әділеттілік» қағидасын ілгерлетуге халық қолдау көрсетуде. Аталмыш тұжырымдама қоғамдық мүддеден туындайды. Шыны керек, қазір «демократияны» желеулеткен, мәдениетті, өркениетті қоғамға жат жеке қылықтар да қосарлана көрініс табуда. Оның қоғамдық әдепке жат екенін біле тұра, әлде түсінбей, «жарқ» етіп көріну үшін әлеуметтік желіде әлеулететіндер де жетеді. Одан айғайға аттан қосылып өре түрегелетіндер шығады. Біреу туралы ғайбат сөйлеу моралдық мәселе, заң алдындағы жауапкершілік. Мораль адамдардың басқалардың игілігі үшін өздерінің эгоистік мүдделерін құрбан етуін талап етеді. Демократиялық либерализмге енген сайын, табиғи заңнан алыстай түсетінімізге көзіміз жетуде. Адамның табиғи құқығы мен қолданыстағы заңдарды қарама-қарсы қою, құқықты абсолюттендіру себебімен заңдарды елемеу мысалдары артуда. Демократияның заң мен тәртіптен тыс болуы ешбір теорияға сәйкес келмейді. Мұндай жағдай өз кезегінде шынайы әділдік қағидасын бұрмалай бастайды. Заң мен тәртіп қағидасы қатаң адамгершілік тұрғыдан өзін-өзін шектеу, заңдарды орындаудың жоғары мәдениеттілігін, басқаның құқығын құрметтеу дәстүрге айналуымен тиімді болатыны белгілі. Әрине, қоғамымызда құқық әбден саясаттандырылған құбылыс. Ендеше, бізге құқықтан тыс ойлаудан кетуге үйренгеніміз жөн. Заң мен тәртіп өміріміздің факторына, тұрмыс-тіршілігіміздің өлшеміне, халықтың рухани құндылығына айналуы тиіс. Құқық жақсылық пен тәртіпті жүзеге асыруға қатысты мәжбүрлі талаптар болып саналады.
Қажет болса, зорлық пен зомбылыққа, тәртіпсіздікке жол бермейтін заңның үстемдігін қалыптастыруға мәжбүрлейтін әдістер өмір заңдылығы. Бұл биліктің құзіреті. Құқық пен билік қатар жүріп, бір-бірін толықтырып отырады. Заңмен шектеу көрмейтін билік - қауіпті билік. Ал билікпен қамтамасыз етілмеген құқықтың дәрмені де шамалы. Қандай да бір саяси бастаманы құқықтық негізінсіз жүзеге асырам деу саяси дағдарыстың бастамасы. Мемлекет басшысының елімізге қатысты маңызды мәселелерді жалпыхалықтық талқыға салып шешуді ұстануы нағыз халықтық биліктің нышаны.
Әрқайсымыз отанды сүю дегенді алдымен еліміздің ішкі бірлігін, ынтымағын сақтауға өз үлесімді қосу парызым деп түсінуден басталса керек. Еліміздің жасампаздығы бірлікке тікелей қатысты. Бірлік болғанда тірлік болары рас, ал тірлік болғанда бірлігіміз одан сайын нығая бермек.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары саяси, маңызды ресми құжат. Бірақ ол құқықтық ережелерді құрамайтындықтан нормативтик сипатқа ие бола алмайды. Сондықтан да, Президент бастамаларының құқықтық базасын жасау заң шығарушы билікке жаңа міндеттерді жүктейді. Осы бағыттағы Парламент жұмысына сәттілік тілейміз!
Наурызбай Байқадамов,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының депутаты