Құрметті достар!

Жолдау - елдің болашақ дамуын айқындайтын тарихи құжат.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бағытын жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке сүйенген мүлде жаңа өркениеттік жолға бұруды көздеп отыр. Жолдау - тек тапсырмалар тізімі емес, қоғамды жаңғыртудың кешенді жоспары, алдағы жылдарға ұлттық идеяның айқын көрінісі.
Ең алдымен, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер еліміздің даму өзегіне айналмақ. Президентіміз Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды және Цифрлық кодексті қабылдауды ұсынды. Кодекс үлкен деректерді, платформа экономикасын, жаңа технологияларды реттеп, инновациялық шешімдерге жол ашуға нақты қадам. Мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай қайта құрылып, ашықтық пен тиімділік жаңа деңгейге көтеріледі.
Экономиканы әртараптандыруға басымдық беріліп, жоғары технологиялық өндірістерге қолдау көрсету қажеттілігі атап өтілді. Инвестиция тарту саясаты түбегейлі қайта қаралады, ал өңірлердің инвестициялық тартымдылығы арнайы индекс арқылы бағаланбақ. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, мұнай-газ және металлургия саласында терең өңдеу жобаларын іске асыру нақты міндет ретінде қойылды.
Ауыл шаруашылығында да технологияларды енгізу айтылды. Жерді тиімді пайдалану үшін спутниктік мониторинг пен жасанды интеллект қолданылады. Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы әзірленіп, барлық процесс ашық әрі әділ жүргізу қажетті екенін атап өтті.
Қазақстанның географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалану үшін көлік-логистика саласы жаңаша дамиды. «Солтүстік–Оңтүстік», «Шығыс–Батыс» және Транскаспий дәліздері елімізді Еуразия құрлығындағы басты транзиттік орталыққа айналдырады. Яғни, халықаралық саудада Қазақстанның орнын күшейтетін маңызды бастама.
Туризм де жаңа деңгейге көтеріледі. Әсіресе Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы курорттары Қазақстанның халықаралық брендіне айналуға тиіс. Аймақтардың жауапкершілігі артып, туристік инфрақұрылым сапасына ерекше көңіл бөлінеді.
Жолдауда экономикалық және технологиялық бағыттармен бірге саяси жаңғыру да назардан тыс қалмады. Президент бір палаталы Парламент құру мәселесін ұлттық талқыға ұсынып, бұл бастаманың 2027 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы шешілетінін атап өтті.
Мемлекет басшысының әр Жолдауы - Қазақстанды жаңа дәуірге бастайтын тұтас стратегиялық бағдар. Жасанды интеллект, цифрландыру және инновациялар - тек экономикалық өсімнің құралы емес, ұлттың жаңа болмысының өзегі. Әділдікке, білім мен еңбекке сүйенген қуатты мемлекет құру идеясы - Жаңа Қазақстанның басты мақсаты.
Бүгінгі таңдағы шешімдер - ертеңгі ұрпақтың тағдырын айқындайтын тарихи таңдау. Қазақстан жаһандық бәсекеде өз орнын нығайтып, әрбір азаматқа жаңа мүмкіндік беретін мемлекет болуға бағыт алды. Ал бұл жолдың негізгі тірегі - бірлігіміз, біліміміз және жаңа технологияларды игерудегі батылдығымыз.
Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты