Лудоманияның алдын алу

Лудомания – адамның ерік-жігерін әлсіретіп, ойлау қабілетін тұмандандыратын қауіпті дерт. Мұндай тәуелділікке шалдыққан адам уақытын да, қаржысын да ойынға арнайды. Ол жеңілген сайын ұтуға тырысады, ал ұтқан кезде одан да көп ұтып алғысы келеді. Ақырында ол тоқтай алмай, қарызға батады, өтірік айтады, отбасымен және қоғаммен байланысын жоғалтады.
Бұл дерттің негізгі себептері – жалғыздық, стресс, өмірде өз орнын таба алмау, жеңіл жолмен байығысы келу. Өкінішке қарай, интернет-казино мен букмекерлік кеңселердің қолжетімділігі жастарды да, ересектерді де тез арбауда.
Лудоманияның салдары өте ауыр:
• қаржылық күйреу,
• отбасының ыдырауы,
• психикалық ауруларға шалдығу,
• тіпті суицидке дейін бару.
Сондықтан мұндай тәуелділіктің алдын алу үшін қоғам болып күресу қажет. Біріншіден, әр адамда дұрыс өмірлік құндылық қалыптасуы тиіс. Екіншіден, мемлекет құмар ойындардың шектен тыс таралуына бақылау орнатуы керек. Үшіншіден, лудоманияға шалдыққан адамдарға арнайы орталықтарда психологиялық көмек көрсетілуі қажет.