Жарықты пайдалану бағасы өседі

Жиында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыстағы заңдылыққа сәйкес жаңа шекті баға келісілгенге дейін, бұрынғы белгіленген шекті бағаны қолданып келе жатқаны айтылды. Осыған сәйкес, басқосуда аталған компания 2025 жылдың 22 мамырдағы ұсынысы негізінде 1 шілдеден бастап қолданыстағы бағаның электр энергиясы бойынша сағатына 1 кВт үшін орташа бекітілген 24,84 теңгеден 33,785 теңгеге дейін көтеру нақтыланды. Яғни, бағаның 36 пайызға өсуі немесе 8,945 теңгеге ұлғаюы туралы ақпаратпен таныстырды.
– Биыл энергетика саласының заңнамаларына өзгертулер енгізілген болатын. Осы салада Қызылорда облысы бойынша үш субъект қызмет атқарған. Олар, «Энергосервис», «Шиелі жарығы», «Дәулетэнерго» мекемелері электрмен жабдықтау қызметін тоқтатып, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап толығымен «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамына өтті. Бұл ретте, жұмысшылар тарапынан әлеуметтік шиеленіс және жұмыссыздықты болдырмау үшін қызметкерлерді толығымен жұмысқа қабылдап, қазіргі таңда компанияда штаттық құрылымда 1449 адам жұмыс істеуде. Компания осы күнде екі қызметпен айналысады. Ол энергияны тасымалдап беру қызметі мен жаңадан энергиямен жабдықтау қызметі қосылды. Ал тарифтің бағасы былтырғы бекітілген бағамен еш өзгертусіз қалған болатын. Бірақ бұл тариф өз кезегінде төмен болуына байланысты компанияға қосымша шығын әкелуде. Сол себепті, тариф бағасын көтеруге мәжбүр болып отырмыз, – деді, басқарма төрағасы Батыржан Көмекбайұлы.
Сонымен қатар жария тыңдалымда аталған компанияның құрылымы, электрмен жабдықтау қызметіндегі шекті бағаның өсуі, тұтынушылардың электр энергиясын пайдалану көлемі, тарифте ескерілмеген артық шығындар және 2025 жылға арналған электрмен жабдықтау қызметінің болжамды тарифтер жобасы ұсынылып, сала маманы түсіндіріп, айтып өтті.
Осы орайда тұтынушы тарапы мен мәслихат депутаттары халықтың көкейінде жүрген сауалды қойып, мардымды жауаппен қанағаттанды. Сондай-ақ сала мамандары да жалақы мөлшері туралы сұрағына тұщымды жауап ала алды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап, сағатына 1 кВт электр энергиясы үшін жаңа тарифтік баға 33,785 теңгемен есептеледі. Бұрынғы бекітілген баға 24,84 теңге өз күшін жойып, тариф 36 пайызға өседі.
Гүлсезім ТАБЫНБАЙ