Электр энергиясының тарифы өзгереді
Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларының талаптарына сәйкес алдағы уақытта реттелетін қызмет бағаларының көтерілетіні туралы кент мәдениет үйінде жария тыңдау өтті.
Жария тыңдауға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Самал Ахметова, «Шиелі Жарығы» ЖШС-і директорының уақытша міндетін атқарушы Жорабек Сәдібеков, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері және тұтынушылар қатысты.
«Шиелі Жарығы» ЖШС-і директорының уақытша міндетін атқарушы Жорабек Аманкелдіұлы электр энергия бағасының өзгеруінің негізгі себептеріне тоқталды.
– Бағаның негізгі өсуі – біріңғай сатып алушыдан электр энергиясын сатып алу бағасының 16,5 пайызға, электр энергиясын тасымалдау тарифтерінің «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 12,8 пайызға, «ҚЭТТК» АҚ-ның 26,9 пайызға және «KEGOC» АҚ-ның ұлттық электр желісін пайдалану бойынша қызметінің тарифі 2,9 пайызға өзгеруіне байланысты. Жүктемені көтеруге электр қуатының дайындығын қамтамасыз ету қызметі бағасының 2,9 есеге өсуі, жабдықтаушы үстеме ақы мөлшерінің 1 кВт.сағатқа 1,05 теңгеден 1,47 теңгеге артуы болып табылады. Осыған байланысты «Шиелі Жарығы» ЖШС-і электр энергиясымен жабдықтау қызметі бағасының алдағы уақытта көтеру туралы ақпарат ұсынылады. «Шиелі Жарығы» ЖШС-нің электрмен жабдықтау қызметінің жобалық орташа босату бағасы КҚС-мен 1 кВт.сағ 24,26 теңгені құрады немесе 28,4 пайызға өзгереді, – деді.
Айту керек, қазіргі кезде Департаментпен бағалардың өзгеруін негіздеуге ұсынылған құжаттарға сараптама жүргізілуде. Сонымен қатар жария тыңдауда айтылған ескертпелер мен ұсыныстар ескеріліп, түпкілікті шешім қабылданбақ.
«Тт» ақпарат