Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 48 газет

01 шілде 2025 ж.

№ 47 газет

28 маусым 2025 ж.

№ 46 газет

24 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Қажырлы еңбектің құрметтісі

Қажырлы еңбектің құрметтісі

Сәрсенкүл Байжанова – ауыл халқына адал қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жан. Шаған ауылындағы тәжірибелі медбике ауылдық амбулаторияда ұзақ жыл жұмыс істеп, аудан медицинасына үлес қосып, ардагерлік кезеңге қадам басқалы тұр.

Өзі туып өскен Шаған ауылында мектеп бітіріп, жаңа өмірге қанаттанған болашақ медбике алдымен Алматы техникалық техникумға оқуға түсіп, мамандық алады. Дегенмен жүрегі мейірімге толы, бо­йында адамгершілік қасиеті жоғары, кісіге қамқор қолын созуға асығып тұратын Сәрсенкүл Есенәліқызы арманына қол жеткізу жолында оқу оқып, ізденуден талмайды. Тұрмыс құрып, бір үйдің келіні атанса да, жұбайының қолдауы медбикелік білім алуға жетелейді. Ынтасы мен білімге деген құштарлығының арқасында Қызылорда қаласындағы ме­ди­циналық училищеге оқуға түседі. Училищеде қатарының алды болып, үздік оқып, ойдағыдай білім алған болашақ медбике елге оралып, еңбек жолын бастайды.

– Менің балалық арманым – медбике болу еді. Қайтсем де медициналық училищеге оқуға түсуге талпындым. Оқуыма қолдау білдірген жандардың арқасында қалауымдағы мамандықты алып, еңбекке араластым. Ол кезде медбике болуды армандамайтын бойжеткен болмаған шығар. Ауыл тұр­ғын­дарының, жақындарымның денсаулығы сыр бере бастаса жанынан табылып, ем-шара жасауға асығатынмын. Мақсатыма жетіп, оқу бітірген жылы ауылдағы ауруханаға мейірбике болып жұмысқа орналастым, – дейді Сәрсенкүл Есенәліқызы.

Медицина саласына 35 жылдан астам уақытын арнаған тәжірибелі медбике аудандағы ең ірі ауылдық округіндегі амбулаторияда жалпы тәжірибелі медбике. Еңбек жолында жедел-жәрдем бөлімшесінде диспетчер болып та қызмет етті. Саланың білікті маманы ауыл тұрғындарын бес саусағындай біледі. Әр отба­сындағы «диспансерлік есепте» тұратын үлкен мен кішінің ден­сау­лығын бақылауда мол тәжі­рибесі бар. Әрине, бір салада ұзақ жыл бойы қызмет етуде ең алдымен отбасы мүшелерінің қол­дау көрсеткені маңызды. Бұл ретте жұбайы Мұрат аға мен екі бірдей перзенті отбасының шуағы мен берекесі атанған аналарына әркез қолдау білдіреді. Мезгілсіз уақытта шалынған қоңыраудың артында науқас жанға көмегі қажет екенін біліп, жәрдем беруге асығады. Еңбегіне адал, денсаулық саласының өрге жүруіне атсалысып келетін медбике талай жас маманның шығуына ақыл-кеңесін, тәжірибесін аямады.

– Медицина саласының жұмысы тәулік бойына жалғасады. Кейде аяқасты жұмысқа шақыратын кез болады. Сондайда отбасы болып жұмыла кетеміз. Жолдасым екеуіміз екі бала тәрбиелеп өсірдік. Қызымыз Әйгерім телерадио журналистикасы бойынша оқыды, тілші. Ұлымыз Тимур – аудандық емханада жалпы тәжірибелі дәрігер. Балаларым, олардың балалары ешкімнің ала жібін аттамайтын, адал жандар болып өсетініне сенемін. Ана жүрегі мейірімді ғой, барлық кезде тек жақсылықтың тілеуқоры. Ауылда бар­лығы бір-біріне ағайын, туыс-тума болып кеткен. Сондықтан әркез жанашырлық танытып, ауырмауын тілейміз, қолымыздан келген көмекті аямаймыз, – дейді ақ жаулықты ана.

Иә, медбике – денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші, дәрігердің сенімді серігі. Тұр­ғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда мейірбике жұмысына тікелей байланысты. Өз ісінің майталманының айтуынша, көп жылғы қажырлы еңбектің қайыры болады. Өз ауы­лына атқарып жүрген еңбегінің баға­сы ретінде бірнеше мәрте аудан әкімінің, денсаулық сақтау саласы басшылығының марапатына ие болды.

Күн сайын жұмыс орнына асығатын медбикенің бүгінгі жұмысы да қауырт. Дәрігер қабылдауына келген тұрғындардың денсаулығына бай­ланысты тағайындалған ем­нің дұрыс, әрі ұқыпты алуын қада­ғалайды. Денсаулығына байланысты есепте тұрған науқастың қо­лына тегін дәрі-дәрмектің жетуіне жұмыс жасайды. Одан басқа үйде жатқан науқастардың, егде кісі­лердің жағдайын білу, қазіргі кезде көп кездесетін іш ауруына байланыс­ты түсіндіру жұмысын жүргізуге де уақыт тауып, қызметіне адалдық таныту міндетін мінсіз атқарады.

Бибісара ЖАНӘЛІ

01 шілде 2025 ж. 240 0