Бала шақтан болашаққа...

Білім саласының алғашқы іргетасы балабақшада қалыптасады. Өзінің жан-жақтылығымен қатар қылығымен жұртшылықты баурайтын іс-әрекеттері көпшілікті сүйсіндірмей қоймайды. Осылай біршама байқаудың жүлдегері болып үлгерген «Тұлпар» тобының бүлдіршіндері балабақшамен қоштасу кешінде өз өнерлерімен көрерменнің көзайымы болды.
Бесіктен белі шығып, қадам басып, ортаға қалыптасқан шағында балабақшаның тәрбиеленушісі болған балбөбек бүгінде мектеп табалдырығын аттағалы тұр. «Қарлығаш бөбек» балабақшасының құрылтайшысы Қуанышкүл Тәжібайқызының қалыптастырған шағын білім ордасын балалардың сыңғыр күлкісіне толтырып отырған балабақша директоры Эльвира Жәнібекқызының еңбегі зор. Ал бүгінде үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған «Тұлпар» тобының тәрбиешісі Балжан Жұмағалиқызы мен Айдана Қайсарқызы бүлдіршіндермен «Бала шақтан болашаққа» атты қоштасу кешінде өз өнерлерін ортаға салды.
Мерекелік көңіл күйде іс-шараны балабақша директоры Эльвира Збаирова ашып, түлектерге сәттілік тіледі.
– Бүгінгі кеш бүлдіршіндердің өнерімен толығып, жетекшілердің еңбегі бағаланатын уақыт. Әрбір бала бір жұлдыз. Біздің шағын білім ордамыздан түлеп ұшқалы тұрған балалар жеке дара талантты. Аудандық, облыстық деңгейде жеткен жетістіктері үлкен өмірге деген қадамының айрықша көрінісі іспеттес. Бұл әрине, бірінші кезекте тәрбиешісі Балжан мен Айдананың еңбегінің жемісі. Бұл кештен соң балдырғандарымыз мектеп табалдырығын аттауға дайын. Балабақшадан үйренген тәлім-тәрбиесін үлкен ортада шыңдау біз үшін абырой. Осы шағын білім ордасынан қалыптастырған іргетасты әрі қарай нық орнату мектеп мұғалімдерінің қолында. Сондықтан біздің қалыптастырған білім жүйесін одан әрі жетілдіре түсуге ата-ана да атсалысуы маңызды. Балбөбектер, бүгінгі қадамдарың әрдайым нық болып, талантыңды әрі қарай жетік шыңдауға қадам басыңдар. Ата-аналарыңның қолдауымен биіктен көріне беріңдер. Ақ жол, – деді білікті басшы.
Іс-шара балалардың өнерімен жалғасып, әуелетіп ән шырқалып, тәтті қылығымен көрерменді сүйсіндіріп, би биледі. Әр бала өзінше дара талантты. Бірі өлеңді нақышына келтіріп шырқаса, бірі биді мың бұрала икеммен билеп көпшілікті тамсантты. Сондай-ақ ата-аналар арасында түрлі ойын ойнатылып, барлығы көтеріңкі көңіл күйде отырды. Бүлдіршіндер ата-аналарымен бірге флешмоб билеп, тәрбиешілерімен қосылып «Біз мектепке барамыз» хорын шырқады. Бүлдіршіндердің шат-шадыман күйі ата-аналары мен жетекшілерін одан әрі қуанта түсті. Іс-шара соңында, балабақша басшысы балаларға ақжарма тілегін айтып, мекеменің атынан әр балаға сый-сияпат табыстады.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ