Дертке дауа, жанға шипа сыйлаған...

Шаған ауылының тумасы 1984 жылы дүниеге келген. Оқуда алғырлық пен белсенділік көрсете білген Элита Сағымбаева 2001 жылы ауылдағы №37 орта мектепті ойдағыдай тәмамдайды. Ақ халаттылардың қатарынан көріну арманын мақсатқа айналдырған бойжеткен 2004 жылы Қызылорда медициналық колледжін үздік дипломмен бітіріп шығады. Адам өмірінің арашасы болуға асыққан жас маман 2005 жылы Шаған ауылдық ауруханасының «Балалар» бөлімшесінде фельдшер болып еңбек жолын бастайды. Түрлі оқиғалардың куәсі болып, тәжірибе жинап, науқастардың көңілінен шыға біледі. Медбикенің айтуынша балалармен балаша ойнағанда, ауырған бала иненің қалай егілгенін сезбей де қалады екен.
Одан әрі қызмет жолын 2006 жылы ауылдық №37 орта мектептің мейірбике маманы болып жұмысын жалғастырады. Білім ордасында он жылдан аса еңбек еткен Элита Сұлтанқызы ортасында абыройлы.
– Мектепте қызмет етіп жүргенімде біршама тәжірибе жинадым. Балалармен тіл табысу ең бірінші мақсатым болды. Себебі, жұмысым тікелей оқушылармен байланысты. Олармен дұрыс қарым-қатынас құра білу мен үшін өте маңызды. Сонымен қатар, кішкентай бүлдіршіндермен қатар ересек жасқа дейінгі балалардың денсаулығын қадағалау менің міндетім. Екпені уақытында салдыру және оқыс оқиғаның алдын алу үшін жұмыс істеу аса жауапкершілігі мол жұмыс. Осы он жыл ішінде әр баламен етене жақын араласып, бауыр басып та қалдым, – дейді маман иесі.
Әр науқастың жағдайын бақылап, уақытылы дәрі-дәрмегін беріп, емнің дұрыс жүруін қадағалап, олармен етене жақын араласып ем-шара жасау әр сала маманының міндеті. Жанына шипа сұрап келген науқасты ең алдымен сабырлылыққа шақырып, дәрігердің тағайындаған емін уақытылы жүргізіп, әр науқастың дертіне шипа дарытқан маман. Өмірлік жары Руслан Пірімбетпен 2008 жылы шаңырақ көтеріп, екі ұлды тәрбиелеуде. Отбасында аяулы ана, қызметінде абыройлы маман бола білген Элита Сұлтанқызы бүгінде ауылдың дәрігерлік амбулаториясының дәрігерге дейінгі қабинет мейірбикесі қызметін атқарады.
– Қазіргі таңда бұл жақта еңбек етіп жүргеніме сегіз жылдай болыпты. Түрлі жағдайда дертіне шипа іздеген науқастарды көру жүректі ауыртатыны сөзсіз. Бірақ бұған да етің үйренеді екен. Дер кезінде көмек көрсетіп, науқастың жағдайын бақылауда ұстау өте маңызды. Сондай-ақ, дәрігерге уақытылы тіркеп, алдын ала тексеруден өткізу менің міндетім. Үйдің тірлігі мен жұмысты қатар алып жүру кейде қиындық туғызады. Екеуіне де барынша үлгеруге тырысамын. Негізі мейірбике болудың біршама пайдалы әрі жақсы жағы бар. Мысалы, отбасымнан біреу ауырса ешқайда жүгірмей, өзім үйден емдеп аламын. Сонымен қатар, емделушілердің алғысына бөлену де ерекше тебіреніс тудырады. Мамандығымды мақтаныш санаймын. Өйткені, жанға шипа сыйлайтын ақ халатты абзал жандар әрқашанда адам өмірін бірінші орынға қояды. Олардың емделіп, сауыққаны біз үшін үлкен қуаныш, – дейді жаны жайсаң мейірбике.
Қазіргі заманда медицинаның озық технологияларымен жұмыс істеу қаншалықты маңызды болса, науқаспен адами қарым-қатынас орнату да соншалықты қажет. Сол байланысты үзбей, дертке дауа, жанға шипа сыйлап жүрген жандар әрдайым құрметке лайық!
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ